Тәуелсіздік — 30

Екінші халық санағы өткен жыл

2009 жылдың басты оқиғасы Тәуелсіздік тарихында екінші рет жалпыұлттық халық санағының өтуі болды.

Алғашқы халық санағы 1999 жылы өткен еді. Оның қорытындылары бойынша 1989-1999 жылдар аралығында, яғни 10 жыл ішінде Қазақстан тұрғындарының саны 1,2 миллион адамға азайғаны белгілі болды. Мұның себебі КСРО тарағаннан кейін өзге ұлт өкілдерінің тарихи отанына ағыла көшіп кетуі еді. 1989 жылы Қазақ КСР-інде қазақтардың үлесі 40 пайыз болса, 1999 жылы бұл көрсеткіш 53,4 пайызға жетті.

Екінші халық санағы 2009 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурызы аралығында өтті. Оның қорытындылары бойынша Қазақстанда ел мен жер иесі — қазақ халқының үлесі 63 пайызға жетті. Бұл зор қуаныш, үлкен жетістік ретінде орынды атап өтілді. Қазақтар көп шоғырланған Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында халық саны едәуір өскені, ал солтүстікте, керісінше, кемігені байқалды.

Ал тәуелсіз елдің үшінші халық санағы биыл, 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өтіп жатқаны белгілі.

 Халық санағы қалай өтті?

2009 жылғы жалпыұлттық халық санағын өткізуге еліміз бойынша 50 мың есепші жұмылдырылса, біздің облыста бұл істі 3,3 мың адам атқарды.

Байқау қорытындысы бойынша облыста 757,8 мың адам тұратыны анықталды. Салыстырар болсақ, 1999 жылғы көрсеткіш 682,6 мың болған еді.

2009 жылы ақтөбеліктердің саны ел халқының 4,7 пайызын құраған. Ал өңірдегі қазақтардың үлесі 79 пайыз болды. 1989 жылы өңірде қазақтардың үлесі 55,6 пайыз болған еді.

Ақтөбе қаласы халқының саны 395 мыңнан асты. Олардың ішінде қазақтардың үлесі 72,2 пайыз болды. Ал 1989 жылы бұл көрсеткіш 32,7 пайыз болған екен. Облыста халқының саны ең көп аудан Мұғалжар ауданы екені, мұнда 64 мыңға жуық адам тұратыны анықталды. Халқының саны ең аз аудан — Ырғыз ауданы. Ырғыздың халқы 15,6 мың адам болды.

Әйтеке би ауданының Құмқұдық селолық округінде тұратын 106 жастағы Қолжан Бекежанова облыстың ең қарт тұрғыны атанды.

Халықтың тығыздығы, яғни бір шаршы шақырымға келетін адам саны 2,5 болды. Жалпы еліміз бойынша 2009 жылы бұл көрсеткіш 5,9 адам болған.

Ақтөбеге — 140 жыл

Ақтөбеліктер үшін 2009 жылдың басты оқиғаларының бірі — Ақтөбе бекінісінің іргетасы қаланғанына 140 жыл толуы, яғни Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойы болды. Осыған орай Ақтөбеде жыл бойы түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды, әсіресе бүкіл республикаға аты белгілі өнер ұжымдарының қатысуымен өткен шаралар жұрт есінде қалды. Мысалы, 26 мамырда Ақтөбеде Қазақтың Мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының гастрольдік сапары басталды. Театр артистерін КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов бастап келді. Әкемтеатрдың Ақтөбедегі гастрольдік сапары 4 маусымға дейін жалғасып, көрермендерге «Айман-Шолпан» комедиясы (М.Әуезов), «Ымырттағы махаббат» драмасы (Г.Гауптман), «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы (И.Сапарбай), т.б. қойылымдар ұсынылды. Сол жылы 72 жастағы Асанәлі Әшімов «Ымырттағы махаббат» драмасында бас кейіпкердің рөлінде ойнады.

Сондай-ақ Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет музейі «Қазақтың бейнелеу өнері» атты көрмесімен келді, т.б.

Басты шара 10 қыркүйекте Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтті. Оған 12 мың адам қатысты. Мерейтойлық шараға еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Елбасы сөзінен кейін осы мерейтойға орай әзірленген «Қанатына күн қондырған, елім менің — Қазақстан» атты театрландырылған көрініс қойылды. Оның ішінде Ақтөбеге арнап жазылған әндер де айтылды. Соңынан қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті.

Мәртебелі тіл!

2009 жылы қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 20 жыл толды. Бұл мерейтой да еліміздің түкпір-түкпірінде лайықты атап өтілді. Мысалы, 18 қыркүйекте Ақтөбеде өткен «Тіл мерекесі — ел мерекесі» атты салтанатты жиында сол кездегі қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлованың баяндамасында мынадай деректер келтірілді: 1989 жылы Ақтөбеде бір ғана қазақ мектебі және бір ғана қазақ балабақшасы болса, 20 жылдың ішінде 29 қазақ мектебі және 14 қазақ балабақшасы ашылған екен. 1989 жылы қаладағы мекемелерде ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізуді тіпті елестету де мүмкін емес еді. Ал 2009 жылы қаладағы мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін қолдану деңгейі 80 пайызды құраған.

Достық үйі ашылды

2009 жылы Ақтөбеде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты, яғни ел аузындағы атауы бойынша Достық үйі ашылды. Сәңкібай батыр даңғылының бойында орналасқан үш қабатты еңселі ғимараттың жалпы ауданы — 4150 шаршы метр. Мұнда 17 ұлттық-мәдени орталық орналасып, оларға өз тілін, төл мәдениетін ұмытпай, жастарын сол жолда тәрбиелеуге мүмкіндік берілді. Ғимаратта үлкен концерт залы, 300 орындық салтанат залы, хореография залы, музей, дайындық жүргізетін бөлмелер, т.б. бар. Сондай-ақ мұнда өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілі сабақтарын өткізу де көзделді.

Қазақстандағы Достық үйлері кейін басқаларға да үлгі болып, көрші мемлекеттерде де осы тектес ғимараттар ашылды.

Жаңа цехтың негізі қаланды

«Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорыту зауытында 2009 жылы жоғары көміртекті феррохромды қорытатын төртінші балқыту цехының құрылысы қолға алынды. Оның негізін қалауға облысымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы қатысып, зауыт жұмысшылары және еңбек ардагерлерімен кездесті.

«Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорыту зауытының жаңадан құрылысы басталатын цехтың іргетасына Президент Нұрсұлтан Назарбаев мынадай игі тілегін қалдырды:

«Құрметті ақтөбеліктер және барша қазақстандықтар!

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық негізде қарыштата өркендету мақсатында «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы жаңа ферроерітінді зауытының құрылысы басталды.

Бұл инновациялық жоба ең озық технология бойынша жүзеге асырылады.

Жаңа зауыт бүкіл қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін, аса қуатты металлургиялық кешен болады деп сенемін.

Болашақ ұрпақтың қазыналы қазақ жерін ұдайы көзінің қарашығындай сақтап, оның байлығын еселеп, молайта беруін тілеймін!

Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақтөбе қаласы,

2009 жылғы 10 қыркүйек».

Жаңа цехтың құрылысына 2 мыңға жуық адам қатысып, құрылыс аяқталған соң мұнда жүздеген адам жұмыс істейді деп жоспарланды.

Халықты қуантқан жаңалықтар

2009 жылы біздің облыста 8 білім беру нысаны және 15 медициналық мекеме іске қосылды. Солардың кейбіріне ғана тоқталар болсақ: жалпы, 2008 жылдан бастап елімізде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы жүзеге асырылып жатты. Бағдарлама аясында біздің өңірде 5 ірі емдеу мекемесінің ғимаратын салып, пайдалануға беру көзделді. Соның бірі — Ақтөбенің Тұрғындар қалашығы ауданындағы №1 қалалық емхананың ғимараты.

Оның құрылысы 2009 жылдың соңында аяқталды. Құрылысқа және жаңа емхананы заманауи құрал-жабдықтармен қамтуға 1 миллиард 234 миллион теңге қаржы жұмсалды. Емханада әр ауысымда 500 адамды қабылдауға жағдай жасалды. Емдеу орнының бір бөлігі (350 орындық) ересектерге арналса, екінші жартысында бір мезетте 150 бала қабылдайтын балалар емханасы орналасты.

Осы жылдың наурызында Мұғалжар ауданының Батпақкөл ауылдық округінің Саға ауылындағы негізгі мектеп те 120 орындық жаңа ғимаратқа көшті. Бұл да «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ашылған нысан. Ашылу салтанатында бұрын осы мектепті біраз жыл басқарған ардагер ұстаз Бәтима Қойшығұлова ақ тілегін айтып, шәкірттерге өзінің батасын берді.

Ал желтоқсан айының соңында Шалқар ауданындағы Аққайтым ауылына газ берілген. Бұған бюджеттен 500 мың теңге бөлініп, сондай-ақ жергілікті шаруа қожалықтары да атсалысқан. Сөйтіп, ауылдағы әкімшілік ғимараты мен барлық мекемелерге, 74 үйге көгілдір газ апарылған. Жақсы басталған жыл осындай жақсы жаңалықпен аяқталыпты…

Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button