Басты жаңалықтарМереке

Ұстаздар құрметке бөленді

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында Халықаралық Ұстаздар күні мерекесіне орай педагогтерді салтанатты құттықтау шарасы өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында талмай тер төгіп келе жатқан мұғалімдерді марапаттады.

Сондай-ақ шараға аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары, кәсіподақ төрағалары, облыстық басқарма басшылары, педагогтер мен ардагер ұстаздар қатысты. Өнер орталығының фойесінде А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің оркестрі өнер көрсетіп, облыс мұғалімдеріне естелік суретке түсу қабырғасы ұйымдастырылды.

Білім саласындағы жетістіктері үшін 3 педагог «Ы.Алтынсарин»,  1 педагог «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2 ардагер ұстаз «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен,  22 ұстаз облыс әкімінің Алғыс хаты және арнайы сертификатымен, 3 педагог «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» және 5 мұғалім «Ақтөбе облысының үздік педагогі» атағына ие болды.

Еңбегімен ерекшеленген ұлағатты жандарды Бұлбұл Елеусінова құттықтап, олардың жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестерін ерекше атап өтті.

— Баршаңызды облыс басшысының атынан даналығы жоғары, құрметі биік тамаша мереке Ұстаздар күнімен құттықтаймын. Сіздердің білім саласына жасап жатқан еңбектеріңіз орасан зор. Бүгінде елімізде ұстаз мәртебесін көтеру бағытында «Педагог мәртебесі» Заңы қабылданды. Біздің педагогтеріміздің шығармашылық бағытта дамуына, өздерін жан-жақты көрсетіп, оқушыларға сапалы білім берулеріне қолдау көрсетілуде. Қазір сіздер тәрбиелеген шәкірттеріңіз өздеріңізге үлкен құрмет көрсетіп, құттықтауларын жеткізіп жатыр. Бұл сіздердің білім саласына жасаған елеулі еңбектеріңіз деп білеміз. Осынау тамаша мерекеде облыстың оқу-ағарту саласының ардагерлеріне, ұстаздар қауымына денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге абырой тілейміз, — деді.  

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, бүгінде облыста барлығы 25 мыңға жуық педагог қызмет атқарады. Сондай-ақ 167 мың оқушы, 20 мың студент білім алуда. 544 мектепке дейінгі және 405 жалпы білім беретін ұйым, 42 колледж бар. Осы білім беру ұйымдарының барлығында да облыс педагогтері аянбай еңбек етуде.

Бүгінгі шарада облыс педагогтерінің жыл бойы жасаған жұмыстарының нәтижесі шығарылып отыр. Марапат иелері жергілікті бюджеттен 500-300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы алды.

Баршамызға мәлім, Мемлекет басшысының Жолдауында педагогтердің жалақысы төрт жыл бойы 25 пайызға көтерілетіндігін айтты.

Сонымен қатар биыл мақтанарлық көрсеткішімізді айта кеткеніміз жөн.  Жыл сайын «Республиканың үздік педагогі» номинациясының иегерлері анықталады. Биыл біздің облыстан 4 бірдей педагог осы номинацияны иеленді. Олар мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы алды, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Ғалия Жұмағазина — Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының орынбасары. Аталған оқу орнында жұмыс істеп келе жатқанына 23 жыл болыпты. Мерекеге орай марапатқа ие болғанына өте қуанышты екендігін жеткізді.

— Мамандығым — психолог. Маған балалармен жұмыс жасаған ерекше ұнайды. Сондықтан осы салаға келдім. Қазір біздің колледжде 12 техникалық мамандық бойынша 2 мыңға жуық оқушы оқиды. Білім берген шәкірттеріміз биіктен көрінсе, біз үшін үлкен жетістік, — дейді ол.  

Шара соңы облыстық филармония ұжымының ұсынған көңілді концерттік бағдарламасына ұласты.

 Ақбота БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button