Басты жаңалықтарМереке

Қарттарым, аман-сау жүрші

1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мемлекеттік қызмет ардагерлерін мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер көп жыл бойы облыстық әкімдікте, аудандағы атқарушы органдарда елеулі еңбек еттіңіздер. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз біз үшін, бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге.

Қазақта «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген жақсы сөз бар. Сондықтан сіздерді бүгін жинап отырғандағы мақсатымыз — өздеріңіз қызмет еткен облыс әкімдігінің қазіргі тұрмыс-тіршілігімен таныстыру, құрмет көрсету.

Бүгінгі мерекеде сіздерді облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының атынан шын ықыласпен құттықтай отырып, баршаңызға зор ризашылық білдіремін. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз, немере-шөберелеріңіз аман болсын! — деді Б.Елеусінова.

Бұдан кейін шараға жиналғандар пандемия кезінде дүниеден өткен ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов пен «Ардагер» қоғамдық қауымдастығының төрағасы Серік Ботағарин жиналғандарды мерекемен құттықтап, лебіздерін білдірді.

Басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ардагерлерге сый-сияпат табыстады.

Айта кету керек, бұл күні облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері бірқатар ардагерлердің үйіне барып, оларды мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button