Білім

Білім шаңырағына — ширек ғасыр

Ақтөбенің іргесіндегі Ясный ауылында Фариза Оңғарсынова атындағы №41 орта мектеп-гимназиясы— тәуелсіздік жылдарында ашылған білім ордаларының бірі. Биыл мектебімізге 25 жыл толып отыр.

Жаңа әрі қазақ тіліндегі мектеп қажет болғандықтан, 1996-1997 оқу жылында Ясный ауылындағы бұрынғы балабақша ғимаратында №41 орта мектеп ашылған екен. Өтпелі кезеңнің қиындықтары барынша сезіліп тұрған жылдары ғимараты да талапқа сай келмейтін мектепті қайта жабдықтап,оның жұмысын жүргізу қажырлы еңбекті қажет еткені анық. Кабинеттердің жетіспеушілігі де қатты сезілетін. Жан- жақтан ағайындар көшіп келуіне байланысты бала саны да жыл сайын артты. Мен осы мектепте жұмысымды бастаған уақыттан басшылықтың, ұжымның тарапынан ынтымақпен атқарылған талай нәтижелі істерге куә болдым. Ұжым басшысы Айжан Оразалина — жаңашыл, өз ісіне жанашыр,ізденімпаз, қайсар, талғамы жоғары басшы. Мектепжертөлесін заманға сай жабдықтап, кітапхана ашып, спортзалын ашып, соның бәрін өзі ұйымдастырып, үнемі қызу істердің басы-қасында жүргенін көресіз. Білім сапасы, тәрбиелік жұмыстаркөрсеткіштері жөнінен де мектебіміз алдыңғы қатардағы білім ордаларының бірі. «Магистратура оқып, іздене беріңдер, есейіп кеттім демеңдер», — деген директордың үлкендік ақылын алып, қаншама мұғалім білімін жалғастырды, қазіргі күні соның жемісін көріп отыр. Оқушылардың білім алуымен қатар, спортта, өнерде жетістіктерге жетуіне, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға көп көңіл бөлінеді. Түрлі үйірмелер, спорт секциялары, қосымша сабақтар тұрақты ұйымдастырылады.

Мектепте әр пән мұғалімінің шәкірттеріне терең білім берумен, мамандық таңдауына да ерекше мән беруі талап етіледі.Ұлттық бірыңғай тестілеу баланың өмірлік жолына бастау болады. Сондықтан ұстаздар оны ата-аналардан бетер уайымдап, шәкірттермен дайындық жұмыстарына көп көңіл бөледі.

2018 жылы мектебіміздің тарихында ерекше оқиға болды. Білім ордасына Ясный-2 ауылындағы заман талабы ескеріліп, жаңа үлгіде салынған үлкен ғимаратқа көшті. Ғимараттың тарлығы, кабинеттердің жетіспеушілігі секілді бұрынғы қиындықтар артта қалды. Биылғы оқу жылында мектебіміз Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы мәртебесіне ие болды.Өткен 25 жыл,яғни ширек ғасырдың ішінде мектебімізден қаншама «Алтын белгі»,үздік аттестат иегерлері, пәндік олимпиадалар жүлдегерлері, белгілі спортшылар шықты?!Мектеп түлектері бүгінде өз еліміздің жоғары оқу орындары ғана емес, АҚШ, Корея, Қытай, Түркия елдерінде білім алып жүр. Бұл да —мектептің заманауи бағытта, яғни өз түлектерінің болашақта бәсекеге қабілетті маман болып шығуына лайықты білім беру жолында жұмыс жасап жатқанының бір айғағы. ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетов: «Мықты директор ғана үздік нәтижелерге қол жеткізетін ұйымшыл ұжым қалыптастыра алады. Ұжым мүшелерін жігерлендіре отырып, шығармашылық тұрғыда шабыттандырушы, ірі көсбасшы бола біледі» — деп жазған еді. Сол айтқандай, директор Айжан Оразалинаның, оның маңына топтаса, әр іске бір кісідей жұмыла білген ұжымның еңбегінің жемісін ең алдымен шәкірттеріміз көрсе, солар үлкен жетістіктерге жете берсе дейміз.

Шынар САДЫҚОВА,

Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясының

физика пәнінің мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button