Мәдениет

Тасқа қашалған тарих: ескерткіштердің күтімі елеусіз қалып отырған жоқ па?

Ескерткіштер — елдіктің белгісі, ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігерлері. Әрқайсысы өзінше бір сыр шертеді… Бұларды орнату да оңай шаруа емес: арнаулы комиссияның талқылауынан өтіп, құзырлы органдар рұқсат берсе ғана бой көтереді.

Ал ескерткіштерді күтіп ұстау, бұзақылардан қорғау мәселесіне кім жауапты? Жалпы, облыста қанша сәулет өнері бар? Сондай-ақ соның қаншасы республикалық маңызға ие екенін және осы саладағы жұмыстардың жай-күйін анықтап білген едік.

Арнайы тізім һәм мемлекеттік қорғау

Ақтөбедегі ескерткіштерді қорғау, зерттеу ісімен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанындағы арнайы орталық айналысады. Аталған мемлекеттік мекемеде ескерткіштер түрлеріне қарай бөлініп, әрқайсысы туралы мәліметтер топтастырылған. Сол сияқты киелі жерлердің тізімі де осында жасақталады. Кейіннен бұны Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығындағы мамандар талдап, арнайы тізімге һәм мемлекеттік қорғауға қайсысының ілігетіні анықталады.

— Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі №88 бұйрығымен республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне Ақтөбе қаласы бойынша 3 ескерткіш енгізілді. Атап айтсам, бұлтізімде 1928 жылы салынған Шоқан Уәлиханов көшесінің бойындағы Теміржолшылар Мәдениет үйі (қазіргі «Локомотив» кинотеатры), 1976 жылы Әбілқайыр хан даңғылында орнатылған Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-косманавт Виктор Пацаевтың ескерткіш-мүсіні және 1960 жылы Шернияз көшесінің бойында ашылған Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіш-бюсті, — дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

БІР ДЕРЕК

1984 жылдан бері Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 18 сәуірде атап өтіледі. Бұл атаулы күнді ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен.

Ал облыс әкімдігінің өткен жылғы №306 қаулысымен жергілікті маңызы бар ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне 80 ескерткіш енгізілген. Оның ішінде монументтік өнер құрылысы — 37, қала құрылысы және сәулет — 9, археология — 34. Сонымен қатар қосымша тізімде 168 ескерткіш бар. Жалпы, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы аумағында барлығы 248 ескерткіш тіркеуге алынып отыр.

Әңгімелесушіміз осының арасынан байырғысы деп 2 тарихи ғимаратты — 1883 жылы Шернияз көшесінің бойында іргетасы қаланған орыс-қырғыз 2 кластық училищесі мен 1894 жылы пайдалануға берілген Некрасов көшесіндегі орыс-қырғыз әйелдер мектебін атады. Архитектуралық ескерткіштердің ішінен шаһардағы ең көнесі жоғарыда аталған Әлия Молдағұлованың ескерткіш-бюсті мен Виктор Пацаевтың ескерткіш-мүсіні екен.

Жаңа ескерткіштерге де тоқталсақ. Былтыр Ақтөбе қаласындағы Абай даңғылына орнатылған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткіші — кейінгі уақыттағы сәулет өнерінің бірі. Қоладан жасалған, қолында кітапшасы бар, кең шапан киген Абай ескерткіші биіктігі 2,4 метрлік тұғырға қойылған. Ал мүсіннің өзі — 3,8 метр. Ескерткіштің жалпы биіктігі — 6,2 метр. Авторлары — белгілі мүсіншілер Тоқтар Ермеков пен Жеңіс Жұбанқосов.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық ескерткіштер, тарихи ескерткіштер, сәулет өнері ескерткіштері, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері. Сондай-ақ ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады. 

Ежелгі Грекияда аса көрнекті қолбасшылар мен қоғам қайраткерлерінің құрметіне, Римде императорларға ескерткіш қойылған. Қайта өркендеу дәуірінде Италияда Микеланджело, Францияда Т.Бонтан т.б. сынды мүсін өнері шеберлерінің аты әйгілі болды. XIX ғасырда Еуропа мен Америкада әртүрлі оқиғаларға, XX ғасырда ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлеріне, жазушы, суретші, музыка майталмандарына ескерткіштер орнату үрдісі кең етек алды.  

(Уикипедия ашық энциклопедиясынан).

«Келешегімізді ойласақ, бұны күн тәртібіне қоюымыз керек…»

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратовтың айтуынша, ҚР Заңына сәйкес аталған жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушылар тарихи-мәдени мұра нысандарының күтіміне жауапты. Яғни жергілікті атқарушы орган — қала және аудан әкімдіктері.

— Ескерткіштердің күтімі, ағымдағы жөндеу жұмыстары мен айналасын абаттандыруды Ақтөбе қаласының әкімдігі жүргізеді. Сонымен қатар әр мекеме, ұйымдар өздерінің аумағындағы ескерткішке жауап береді.

Өкінішке қарай, аталған салада біраз мәселелер бар. Айталық, облыс орталығындағы ескерткіштердің тұғырына еріккен жастар аты-жөнін жазып, сурет салып, «қолтаңбасын» қалдырып кетіп жүр. Ескерткіш туралы арнайы мәлімет алу үшін орнатылған QR-код тақтайшаларын қиратып, бүлдіріп кететіндер де кездеседі. Осының бәрін тыйып, айналасын тазартып, ескерткіштерге қамқорлықпен қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын…

Бұл ретте тағы бір шешілмей тұрған мәселені айтсам деймін. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында құрылыс жұмыстарының қарқынды түрде жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның әсерінен алдағы екі жылдықта Батыс-3, «Нұр Ақтөбе», Жаңақоныс аумақтарында орналасқан бірнеше қорған жеке тұрғын үйдің астында қалып, тіпті инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту барысында жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр. Мәселен, қаланың бас жоспарына сәйкес ерте Темір дәуіріне жататын Сазды ХІ, Құрашасай VІІ, ҚызылжарІ сынды қорғандардың үстінен төрт жолақты автокөлік жол тартылып, көпқабатты үйлер салынады. Сондықтан қазіргі таңда біздің тарапымыздан 168 қорғанның атауы, орналасқан жері GPS координаттары Ақтөбе қаласы әкімдігіне тапсырылды. Осыған байланысты жергілікті биліктен бұл мәселені күн тәртібіне қойып, кезек күттірместен аталған ескерткіш-қорғандарды GPS координаттары бойынша мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізуді сұраймыз.

Айта берсек, облыста тарихи-мәдени мұраларымыз бен ескерткіштерімізге қатысты мәселелер толып жатыр. Бір анығы, бағзыдан баян беретін ескерткіштерді ескерусіз қалдырмауымыз қажет. Адам қолынан жойылып бара жатқан жәдігерлеріміздің жайсыз күйі бізді қатты алаңдатып отыр. Келешек ұрпаққа өткен дәуірден жеткен көне тарихи жәдігерлерді сақтап, жеткізу ұлт мүддесі, тарих үшін керектігін ұмытпайық, — деп атап өтті орталық директоры Фархад Досмұратов.

«Азаттықтың ақ таңы»ашылады 

Сұхбаттасушымыздан әңгіме арасында жыл соңына дейін қандай ескерткіштердің салынатынын да білдік.

— Осы жылы Ақтөбе қаласында Қазақстанның халық артисі, танымал композиторШәмші Қалдаяқовпен қазақ ақыны Төлеген Айбергеновке ескерткіштер орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Алаш қайраткерлеріне арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты тарихи кешен ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстары қызу жүргізілу үстінде, — деді ол.

P.S. Ескерткіштердің маңын көріктендіріп, айналасына гүл егу жұмыстары да маңызды мәселелердің бірі екені даусыз. Өйткені аталған жерлерде үлкен-кіші демалып, туристер көп жүреді. Естелік суретке түседі.Бір қынжылтатыны, Ақтөбеде осындай аумақтарды абаттандыру жұмыстары кемшін…

Фархад Досмұратовеңселі ескерткіштердің айналасына бейнекамералар орнатылса да артық етпейтінін айтады. Бұл сәулет өнерін ең алдымен «көшедегі тентектерден» сақтаса, екінші жағынан, халықтың қауіпсіздігі үшін керек.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button