Жаңалықтар

Қазақтың дәрумен сусыны немесе қымызға қашан қолымыз жетеді?

Байланған мес пен саба желбауға асып,

Шайқалған, тұр бабында кетпей ашып.

Зерендер қымыз құйған қатар түзеп,

Жағалай қойылады алға қатарласып.

Еселеп екі-үш қайтара сіміргенде,

Қалады жеңілдеп-ақ зерендер де.

Зерендер жылжып, жылдам қайта оралып,

Үлгерген көз ілеспей келіп демде.

Жырау Жөкей Шаңғытбайұлы осылай жырлаған қазақтың дәрумен сусыны қымыз туралы сөз қозғамас бұрын ата-бабаларымыздың дүние жүзі халықтарының ішінен бірінші болып жабайы жылқыны қолға үйреткенін атап өтуіміз керек. Жылқы етінің, бие сүтінің, ірімшік пен іркіттің аса бағалы тағамдық өнім екендігі жөнінде ежелгі грек ойшылдары Геродоттың, Страбонның еңбектерінде, сондай-ақ шығыстың ұлы ойшылы Әбу Әли ибн-Синаның жазбаларында шығыс халықтары жылқы еті мен бие сүтінен дайындалған қымызды қашан да жоғары санағандығы айтылған. В. Даль «Егер қымызды үзбей ішсең, бір аптадан соң өзіңді сергек сезінесің. Денсаулығың түзеліп, тынысың ашылады, жүзің жарқырап шыға келеді» деп бағалаған.

Бір ғажабы, жылқы еті мен бие сүтін диеталық өнім ретінде пайдалану жөніндегі алғашқы дәрігерлік кеңестер де ХІХ ғасырдан басталады.

Қазіргі кезде Еуропаның, Американың, Азияның, Африканың бірқатар елдерінің тамақтану құрылымында жылқы етінің мөлшері едәуір болып отыр.

Бие сүтінің құндылығы оның химиялық құрамына байланысты. Бие сүтінде 1,8-2,2% белок болады. Белок казеин, альбумин және глобулин сияқты негізгі үш түрге бөлінеді.

Сондай-ақ 40%-тей еритін белок, 2,3% май, 6,1-7,4 % лактоза бар.

Бие сүтінде адамның денсаулығына байланысты қажетті витаминдердің барлығы да кездеседі.

Әсіресе ол А және С витаминдеріне бай. Оның 1 литрінде 0,092-0,690 мг А витамині, 87-330 мг С витамині жинақталады.

Социалистік Қазақстан кезінде елімізде қымызды мақсатты пайдалану бағытында арнаулы шаралар қабылданып, іске асырылды. Алысқа бармай-ақ, өз облысымыздағы «Бершүгір» емдеу-сауықтыру санаторийін алуға болады. Кезінде аталған санаторийде алыс-жақыннан келген азаматтар қымызбен емделіп, денсаулығын түзеді.

«Бершүгір» санаторийінде қосалқы шаруашылығында бір мезетте 400-500 бас бие байланып сауылып, қымыз өндірілген.

Алматы маңындағы биік таулы аймаққа орналасқан атақты «Каменское плато» санаториясы өзінің әсем табиғаты мен климатының  ерекшелігіне қарай қымызбен емдеу жөнінен тек Қазақстанда емес, одақ бойынша ең қолайлы орын ретінде танылған.

Республикаға танымал шипалы қол дәрігер хирург-фтизатор, Ырғыздың перзенті Марат Сисекенов ағамыз «Каменское плато» санаторийінде қырық жылдай бас дәрігер болған.

Кезінде Марат ағамыздың өз аузынан естігенім бойынша «Каменское плато» санаторийінің Қапшағайда қымыз өндіретін үлкен қосалқы шаруашылығы жұмыс істеген. Осы шаруашылықта 1000 бас сауын бие байланып, тонналап қымыз өндірілген.

Осындай аста-төк қымыз Алматы қаласына жеткізіліп, санаторийде емдік мақсатта пайдаланған, сонымен қатар қаланың тұрғындары да осы дәрумен сусынды көптеп алған..

1975-1980 жылдары Алматы қаласында екі жерде қымыз ішіп демалатын кафелер болды.

Жылқы өсіру және бие сауу қазақ халқының атакәсібі бола тұрса да, егемендік алғаннан бері мемлекетіміз жылқы шаруашылығын дамытып, одан адам ағзасына пайдасы оразан зор тағам және сусын өндіруді әлі де жүйелі жолға қоя алмай отыр.

Кезінде шаруаларын дөңгелетіп отырған колхоз-совхоздарды таратқаннан кейін, босап қалған еліміздің кең жайылымды, тек жылқы шаруашылығына қолайлы көптеген шөлді, шөлейт және таулы аудандарда жылқы өсіріп, олардан дәмді ет пен дәрумен қымыз өндіруді жолға қоятын уақыт жетті деп есептейміз. Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінен қымызды іздеп таппайсыз, азын-аулық жеке қожалықтардың өндірген қымызы шығыны көп болғандықтан жалпы халыққа қолжетімді болмай тұр.

2019 жылдың 1 қаңтарына статистика басқармасының мәліметіне сәйкес облыстағы  жеке қожалықтарда, ұжымдарда 144251 жылқы бар,  оның ішінде 64716-сы бие малы.

Жеке шаруашылықтар мен ұжымдардың көпшілігі өз иелігіндегі жылқы малын соғымға сатып, базарда ет саудасымен ғана айналысып отыр.

Біздің елімізде халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отырған жылқы еті өнімдерінің ассортиментін шығаратын ет комбинаттары да жоқ.

Одақ кезінде экспортқа шығарылатын жылқы етіне 1974 жылдан бері «Ет. Жылқы еті. Экспортқа шығарылатын өнімге қойылатын техникалық талап» деп аталатын арнаулы ГОСТ белгіленіп, жылқы етінен «Антрекот», «Таңсық ет», «Орама ет», «Тұздықты құлын еті», «Шөлейттік тартылған ет», «Тұздықты жылқы тілі» сияқты консервілер, сондай-ақ «Алып» деген шикілей ысталған шұжық тәрізді өнімдер жасалған.

Қымыздың емдік қасиеттерін әбден зерттеген шетелдіктер дәрумен сусынды өндіруге мықтап кіріскен. Әсіресе Германиядағы мал шаруашылығындағы кәсіпкерлер, бұрынғы біздің совхоз, колхоздарда қолданыста болған сүт сауатын механикалық қондырғыларды алдырып, қымыз өндіру саласына пайдаланып отыр.

Сонымен қатар олар бие сүтінен ұнтақ жасап, сусын жасауға арналған технологияларды өндіріске енгізген. Бие сүтінің құрамындағы емдік қасиеттерін шетел мамандары косметика жасауға да қолдануға болатынын ғылыми дәлелдеді.

Тіпті Германия кәсіпкерлері бие сүтінен жасалатын қымыз, басқа да өнімдерді өздеріне бренд етіп алған! Германия мен көршілес Голландия елі де қымыз өндіру ісіне ден қойып отыр.

Қарғалы ауданының «Степной» шаруашылығында бие сүтінен қымыз дайындау  жұмысы қолға алынғалы біраз уақыт болды. Қымыз сапасы жақсы екендігіне өзім куәмін. Дегенмен мұнда дайындалған қымызды өткізуде біраз қиындықтар бар.

Біріншіден, шаруашылықтың Ақтөбе қаласынан едәуір қашықтығы, екіншіден, Ақтөбе қаласының орталық алаңдарында қымызды сатып, демалып, сусын ішетін орындарының болмауы.

Әкімдіктің қаламыздың қақ ортасынан адам ағзасына пайдасы жоқ тағамдар дайындайтын «Макдоналдс», «КFС» сияқты кафелерге тұрғындар көп шоғырланатын жерлерден орындар беріп, ал қымыз ішіп демалатын орындарға көңіл бөлмеуін қалай түсінуге болады?

Үшіншіден, қымыз өндірудің өзіндік құны жоғары болғандықтан, сусын бағасы қымбат, кез келген адамның қалтасы көтере бермейді;

Сондықтан қымыз өндірісімен айналысатын шаруашылықтарға үкімет тарапынан субсидия төлеу мәселесі қолдау тапқаны дұрыс болар еді және бұл жәрдем қымыз бағасының қолжетімді болуына септігін тигізері анық.

Сонымен қатар өндірілген қымызды дер кезінде сауда және емдеу орындарына тез жеткізу үшін қала маңынан әдейі жер бөліп, жағдай жасау қажет деп ойлаймыз. Бұл жағдай қымыздың өзіндік құнындағы тасымалдау шығынының азаюына әсер етер еді.

Бие сауу жыл бойына бес ай ғана жүргізілетін болғандықтан бие сүтінен ұнтақ жасау технологиясын меңгеріп, қажетті қондырғылар алуға шаруашылықтарға арзандатылған (2,5-3%) несие рәсімдеуге үкімет тікелей жәрдем беруге тиіс.

Қазіргі жағдайда әлемдік экологияның нашарлауына және техногендік жағдайларға байланысты адам ағзасының кеселге қарсы тұру қабілетінің төмендегенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Сол себепті халықтың және келешек ұрпақтың денсаулығын жақсартуға арналған алдын ала атқарылатын шаралардың бірінші кезегінде дәрумен сусындар — қымыз бен шұбат өндіруді мықтап қолға алу күн тәртібіне сұранып-ақ тұр.

Болашақ ұрпағымыздың күнделікті қолданатын пепси, кока-кола, фанта, тағы басқа құрамында зиянды химиялық заттары бар сусындарын қымыз, шұбатпен алмастырсақ, үрім-бұтағымыздың, елдің келешегінің денсаулығы мықты болуына мол ықпалы тиері анық.

 Ұлан АБДУЛЛИН,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button