Жаңалықтар

Құмсайдың түлегі

Ор өзенін бойлай орналасқан Мұғалжардың төменгі етегіндегі Құмсай деген ауыл —  Тұрақбайдың туған мекені.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық ұйымының төрағасы болып қызмет атқаратын, нақ осы күндері алпыс үш жасқа толып, зейнеткерлік ауылына қадам басқан Тұрақбай Алдабергенұлының да бір кездері бала болып, құмға аунап, суға шомылып, асыр салып өскенін қазір көз алдыңа елестету қиындау. Себебі замандастары бұл азаматты көптің қамын ойлап жүретін, шаруасына мығым, келбеті келісті, нар тұлғалы, салиқалы жан ретінде біледі.

Дегенмен балалығы, жастық шағы өткен сол ауылға әлі күнге бүйрегі бұрып тұрады.

Әрине, қаншама өзгерістер болып жатыр өтіп жатқан жылдар белесінде.

Мектепте оқып жүрген кезінде ірі шаруашылықтың бірі саналатын бұл аумақта қырық мыңға жуық қой, төрт мыңдай ірі қара өсірілетін. Сол шаруаларға бала кезінен араласып өсті. Кейінгі бір есептерде округтегі шаруа қожалықтарында төрт мыңдай қой, тоғыз мыңға таяу ірі қара бар екені айтылды. Орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, Мәдениет үйі, кітапхана, ветеринарлық пункт, байланыс бөлімшелері жұмыс істеп тұрғаны көңіл көншітеді.

Кейде кешегі мен бүгінгіні салыстырады ойша. Өзі ортасында жүріп еңбек етті емес пе?!

Мектеп бітірген жылы осы «Темір» кеңшарында мал емдеу пунктінде жұмысшы болып шаруаға кірісті, одан кейін Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп қайтты. Орал облысындағы Бөрлі ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында білім алды. Тағы да туған ауылда еңбек жолы жалғасты. Бастапқыда фермада техник-механик болса, көп ұзамай машина-трактор шеберханасының меңгерушілігіне тағайындалды. Кеңшар тарағанша он екі жылдай бас инженерлік қызметті атқарып, бүкіл техниканың тізгінін қолда мығым ұстады. Шаруашылықтағы науқаннан-науқанға жалғасып жататын күнбе-күнгі тірліктің барлығы да техникаға тіреліп тұратын уақыт еді ғой ол. Сондықтан да осы мәселенің бәріне жауап беретін бас инженер болғандықтан бір сәт те босаңсуға жол бере алмайтын.

Кейін жұмыс бабымен Қарғалы ауданына қоныс аударды. Бәрібір Құмсайына бүйрегі бұрып тұрды. Бұл кезде шаруашылық құрылымдары нарық жағдайына бейімделіп, түбірінен өзгере бастаған. Сондай реттермен «Әлімбет» акционерлік қоғамының төрағасы, «Саха» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болды. Бір жылдай уақыт аудан әкімінің орынбасары міндетін атқарды. Бұл қиыншылығы мол, жетпестігі желкеден төніп тұратын өтпелі кезеңдер еді. Шекаралық аудан болғандықтан қарғалылықтар көршілес Ресей кәсіпорындарымен, басқа да ауыл шаруашылығы құрылымдарымен өзара байланыста жұмыс істейтін. Мұндайда әр тараптың өз мүдделерін жоғары ұстануға тырысатыны айқын. Тұрекең де осы ауқымдағы талай сынақтан өтті, біраз тәжірибе де жинақтады. Бұған дейін Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бтіріп, білім деңгейін көтеріп алғаны да көп көмегін тигізді.

Тұрақбай Сұлтанғалиев 2003 жылы қызмет бабымен Ақтөбе қаласына келгенде қырықтың бел ортасына дендеп кірген жігіт ағасы еді. Қандай жұмыс болса да бел шешіп кірісіп кететін кезі, сондықтан оның жүрген ортасында көптеген белгіленген межелер жедел орындалып жатты. Ол қызмет істеген «Энергосистема» ЖШС, «Ақтөбетранс» ЖШС, «Кадияр» компаниясы, «Ақтөбе» орман шаруашылығы мекемесі өндірістік буындарында ол жақсы жаңалықтар енгізді, бірқатар түйінді мәселелердің шешімін табуға ықпал етті.

Тұрақбай ел азаматы болып, еңселі қалпында жүргенде де сол баяғы ата-ана тәлімін, солар берген бағыттың арқасында біраз жетістікке жеткенін балаларына айтып отырады. Әкесі Алдаберген Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған жауынгер еді. Жеңіспен елге келгеннен кейін ұзақ жылдар «Темір» кеңшарында бухгалтерлік қызмет атқарды.

Анасы Айпа — тыл еңбеккері, соғыс жылдарында колхоз басқармасы төрағасы қызметін атқарған, кейін сауда саласында еңбек етті. Бес бала тәрбиелеп өсіріп, оларды оқытты, жоғары білім алуларына жағдай жасады. Екі апасы — Рысты мен Райханның, екі інісі — Тұрсынбек пен Есеннің ортасында өскен Тұрақбайдың үлкендерінен қамқорлық көріп, кішілеріне бас-көз болып жүргенінің өзі тағдырдың сыйлаған бақыты секілді көрінеді өзіне.

Өзінің біраз еңбек жылдары өткен «Темір» кеңшарының басшылық тізгінін ұстаған Құлшар Мырзабаев, Сәрсен Аязов, Нұралы Қаниев, олардың ізін қуған Сағынадин Салықбаев ағалары — өндірістегі ұстаздары. Олардың сөйлеген сөздері мен іс-қимылдары ылғи да үлгі болып алдында жол сілтегендей тура тартылып тұрады.

Қазірде ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық ұйымына жетекшілік жасап жүрген тұста Тұрақбай Алдабергенұлын маңдай терін сығып жұмыс жасайтын ауыл еңбеккерлерінің жай-күйлері жиі мазалайды. Сондықтан да еңбек ұжымдарында жиі болып, жұртшылықпен кездеседі, көпшіліктің ой-пікірлерін біледі. Президент Жолдауларына қатысты іс-шаралардың басы-қасында жүріп, жақсы жаңалықтарды бөліседі.

Өткен жылы Әйтеке би ауданы диқандарының айлығы 14 пайызға өсті. Бұған сол өңірдегі кәсіподақ ұйымы өз септігін тигізді. «Комсомол» ЖШС жыл сайын шамамен 15 мың гектар жерге егін егіп жүр. Егіс алқаптарында жұмыс қызғанда шаруалардың қауіпсіздігі — ең бірінші орында.

Жергілікті кәсіподақ басшылығы шаруалардың еңбек жағдайларының дұрыс болуын қадағалап, жұмыс басындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударады. Сондай жұмыстар нәтижесінде диқандардың еңбекақысын өсіруге біріге жұмыс жасалды.

«Біз өз тарапымыздан шаруашылыққа субсидия және микро несиелер алуда жәрдемдесіп тұрамыз. Жергілікті билік пен диқандар арасында барлық шаруалардың ортасында жүреміз», — дейді Тұрақбай Алдабергенұлы.

Мұндай жұмыстар басқа да аудандарда жүргізілуде. Кәсіподақ ұйымы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін, ардагерлерін ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Құрметті ардагер» төсбелгісімен, үш дәрежедегі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттап отырады. Кейінгі уақытта ғана Жақсылық Тоқин, Ідіріс Жиенқұлов, Ізбасар Тілегенов, Айтбай Бейсенбайұлы, Ыбырайым Сүлейменов, Жазықбай Алданиязов секілді ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген алдыңғы буын өкілдері осындай құрметтерге ие болды.

Жұмысына берілген, еңбегіне адал Тұрақбай Сұлтанғалиевтің отбасында да жарасымды ахуал қалыптасқан. Өмірлік серігі Жеміс Мақсатқызы қазіргі уақытта Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Балалары Берік — заңгер, Ерік — дәрігер, келіндері Тұрсын мен Әсел бұларға жеті сүйкімді немере сыйлады.

Ауыл шаруашылығы саласының үздігі Тұрақбай Алдабергенұлының кәсіподақтағы игілікті қызметі алда да жалғасын таба бермекші.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button