Жаңалықтар

Бесаспап Гүлзада

Тойшыл қазақтың қуанышына жиналған жұртқа «той жұғысты болсын» деген ниетпен тарту тарататын әдеті бар. Бүгінде сол тойбастар, тойда берілетін сый-кәделерді жасау креативті жандар үшін табыс көзіне айналды. Солардың бірі — Қандыағаш қаласының тұрғыны Гүлзада Қойшығұлова.

Қолдан қоржын, дорба әзірлеп, тойбастар кәделері мен мерекелік шаралардың сәнін келтіретін бұйымдарды жасап, шағын кәсібін дөңгелетіп отырған Гүлзада бүгінде тапсырысты өзге қалалардан да алып отыр.

— Қазіргі таңда тойлар мен мерекелік шараларда арнайы қатты қағаздағы жазулармен безендіру, бонбоньерка, яғни шағын сый салуға арналған қораптар тарату трендке айналды. Әдемі безендірілген кішкентай қорапшаға кәмпит, шоколад немесе шай салынады. Қорапшаның түсі, көлемі мен безендірілуі той иесінің қалауына байланысты. Әр тойға арнап әртүрлі ерекше тойбастар ойлап шығаруға болады. Мысалы, кәсібімнің басқалардан бір айырмашылығы, сәбидің бір жасқа толуын мерекелейтін ата-аналар келген меймандарға менің қолыммен жасалған сабынды сыйлап жатады. Сабын ұйықтап жатқан сәби немесе періште пішінінде жасалады. Оның құралдарын арнайы Семей қаласынан алдыртамын. Сонымен қатар тәттілерге, ақша жинайтын қорапшаларға, кілттерге арналған салпыншақтарға да арнайы жазумен тапсырыс аламын. Тапсырыс өте көп түседі. Себебі бағасын да қолжетімді етіп қоямын. Тағы айта кететінім, менің жеткізу қызметім тегін. Қала ішінде де, басқа қалаларға да тегін. Маған тек Қандыағаш қаласынан ғана емес, ауданның ауылдық округтерінен, Ақтөбе қаласынан, Маңғыстау, Атырау, тағы да басқа облыстардан тапсырыстар түседі, — дейді ісмер келіншек.

Гүлзада тек тойбастар ғана емес, перде, көрпе тігумен де айналысады. Көздің жауын алатын, үйдің сәнін келтіретін перде тігуді жаны сүйетін ол қазіргі таңда қолы тапсырыстан босамайтынын жеткізді.

Тапсырыстарым өте көп, бәріне үлгеруге тырысамын. Өзім №3 мектеп-гимназиясында информатика пәнінен сабақ беремін. Қазіргі таңда бала күтімімен демалыста отырмын. Төрт баланың анасымын. Менің кәсібіме үлгеруіме үлкен қолдау білдіріп, көмек көрсетіп отырған менің үйдегі атаенем. Олар болмаса, менің бұлай барлығына бірдей үлгеріп жүруім екіталай сияқты. Балаларды қарап, үйдегі шаруаларға да көмектерін аямайтындарына үлкен рақметімді де айта кеткім келеді. Жалпы отбасымызбен білім саласында еңбек етеміз. Жолдасым да колледжде сабақ береді. Кезінде бір оқу орнында, бір мамандықта, бір топта оқыған едік, дейді Гүлзада.

Үйде отырып, кәсіп ашуды ойға алған келіншектерге кейіпкеріміз батылдықты бойға жинап, әрекетке кірісуге кеңес береді. «Сүйікті істі табыс көзіне айналдыру қажет» деп санайтын Гүлзаданың ертеңгі күнге құрған жоспарлары да үлкен.

— Әрине, алғашқыда іс ашу үшін бойда қорқыныш болады. «Бастаған іс жүрмей қалса, сұраныс болмаса, қолымнан келмесе» деген ой үнемі мазалап, кежегені кері тартып тұратыны бар. Мен де бұның бәрінен өттім. Бірақ егер адам қолға алған ісін сүйіп жасаса, тиянақтылық пен шыдамдық танытса, істің өрге басары да анық. Ал «немен айналысамын?» деген сұраққа келер болсақ, үйде отырған мен тәрізді келіншектер әлеуметтік желіні ақтарып қараса, түр-түрі шығады, —  дейді кейіпкерім.

Айгерім МАНАСБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button