Жаңалықтар

Билетті кассадан емес, терминалдан аламыз

Өмірімізге өркениеттің түрлі жаңалығы күн сайын еніп жатыр. Енді пойызға отыру үшін билетті әдеттегідей кассадан емес, арнайы транзакциялық терминалдар арқылы алуға мүмкіндік туды.

Ақтөбедегі теміржол вокзалында әзірге мұндай автоматтандырылған бір терминал орналастырылды.

— Бұл халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында туған жаңалық. Кез келген жолаушы шотында жеткілікті қаражаты бар төлем карточкасы арқылы шығатын стансасы мен баратын бағытын, жүретін күні мен кесте бойынша уақытты және жеке құжатының мәліметтерін терминал жүйесіне енгізеді. Содан кейін терминалдан билет пен билеттің ақшасы төленгені туралы түбіртек шығады. Ал «Құрметті теміржолшылар» секілді билетті жеңілдікпен алатындар бұл құралды  пайдалана алмайды, олар бәрібір касса қызметіне жүгінеді. Сұраныс туып жатса, алдағы уақытта мұндай құрал саны көбеюі мүмкін, — дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы бас инженері Қайрат Жұмағазин.

Терминал тек облыс орталығындағы вокзалда ғана бар. Аудандардағы стансаларға әзір қойылмайды. Жалпы, республика бойынша автоматтандырылған «кассалар» тек төрт қалада — Астанада, Алматыда, Қарағанды мен біздің қаламызда ғана орналастырылған.

Мамандардың айтуынша, жаңа жүйенің іске қосылуы теміржолдағы билет саудасына қатысты туындауы мүмкін мәселелердің алдын алады. Кассирлер саны да азаюы мүмкін.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Стра­тегиялық даму және жаңа технологияларды енгізу жөніндегі атқарушы директоры Асылхан Қалдыкөзовтің айтуынша, бағдарламалық қамтуын қоса алғандағы мұндай терминалдың біреуі 50 мың доллар тұрады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы пойыз билеттерін  интернет арқылы сатуды екі жыл бұрын бастаған-ды. Жаңа терминалдан интернет арқылы рәсімдеген билетті де алуға болады екен. Ол үшін интернет арқылы билетін рәсімдеген жолаушы терминалға электронды билетінің 14 таңбалы нөмірі мен жеке төлқұжатының нөмірін енгізуі керек.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button