Қолөнер шеберлерімен кездесті
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Адамгершілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі» тақырыбында белгілі қолөнер шеберлері Қалиевтер отбасымен кездесу өткізілді. Шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мүшелері, «Шолпы» клубы мүшелері қатысты.
Шараны ұйымдастырушы осы музейдің бөлім меңгерушісі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Алмагүл Сарыбайдың айтуынша, кездесу мақсаты — жастарға адам бойындағы құнды қасиеттер туралы айтып, бойларына сіңіру, қазақтың қолөнерін насихаттау.
Кездесуде ұлттық қолөнер шеберлері, ерлі-зайыпты жеке кәсіпкерлер Өміржан Қалиев пен Алтынгүл Сұлтангереева отбасылық кәсіп туралы айтты.
— Тоқсаныншы жылдардағы қиындық кезінде осы тігіншілік кәсіппен біржола айналысуға ден қойдық. Өзім киім пішуші мамандығын оқыған едім, сол пайдаға асты. Тапсырыс бойынша киім тіге бастадым, бірте-бірте тапсырыстар көбейді. Жолдасым суретші болғандықтан, ұлттық киімдерге өзі ойдан оюлар ойып, өзі тігеді. Бүгінде жолдасымның 360-тан астам оюы бар. Ол Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен ұлттық қолөнер көрмесіне қатысты. Бұл көрме «Caspionet» арнасынан көрсетілді. Сонымен қатар Ресейдің Екатеринбор қаласында өткен көрмеге Қазақстанның батыс өңірі атынан бір өзі барып қатысып, ұлттық өнерді насихаттады, — дейдіАлтынгүл Сұлтангереева.
Алтынгүл Сұлтангереева 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған шараларға белсенді қатысқаны үшін Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатына ие болған. 2005 жылы өткен республикалық Қазақстан кәсіпкерлерінің Конгресінде «Шағын кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктері үшін» республикалық байқауының лауреаты атанған, «Қанатты әйел» идеялар мен тауарлардың І Ұлттық әйелдер жәрмеңкесіне қатысқан.
Кездесу барысында «Қолөнер – сырлы өнер» қолөнер бұйымдары көрмесі және «Қолөнер тарихы» кітап көрмесі ұйымдастырылды.
М.ТАБЫН.