Пікір

Цифрландыру жұмысты жандандырады

Гүлбаршын ЕРҒАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қобда бөлімінің меңгерушісі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған биылғы Жолдауында елімізде әр азамат Тәуелсіздіктің игілігін сезіне алуы керектігін атап өтті.

Президент еліміз үшін 100 мыңнан астам жоғары білікті ІТ мамандарын даярлауды тапсырды. Бұл, қашықтан-ақ өз ісіңді насихаттауға мүмкіндік беріліп отырған қазіргідей заманда, мәдениет саласының бір бөлігі — музейлердің жұмысын жандандыруға зор септігін тигізбек. «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына енген көне ескерткіштерді, тарихи-мәдени мұраны халыққа насихаттауға, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіруге, киелі орындарға QR-кодтар орнатуға, тіпті көне архитектуралық, археологиялық ескерткіштерді кеңінен жарнамалай отырып, сырттан туристер тарту ісіне де осы ІТ мамандардың көп көмегі тиетін болады деп үміттенеміз. Ал қазіргі таңда мәдениет саласындағы мекемелерде, әсіресе ауылдарда ІТ мамандардың тапшылығы сезіліп отыр. Президент атап өткендей, бүгінгі заманда цифрландыру — бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі.

Сондай-ақ  мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы бастаманың көтерілуі бізді қуантты. Яғни Президент: «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар — музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», — деп атап өтті. Мәдениет саласының қызметкерлері бүгінде, басқалармен салыстырғанда, төменгі жалақы алып отырғаны белгілі. Лайықты жалақы біздің салада заман ағымына сай жұмыс істей алатын, ынталы жас мамандардың қатарын көбейтуге де ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button