Білім

Ұстаз мерейі

Әр адамның өмірінде мұғалімнің алатын орны ерекше. Білім нәрімен сусындатып, арасында өнегелі іс-әрекетімен тәрбие де берген мектептегі аға-апайларымызды ұстазым деп қадірлейтініміз сондықтан. Сол ұлы есімге лайық жандардың бірі — Бағдат Еңсепбаев білім беру саласына 45 жылға жуық өмірін арнаған. Ардагер педагогтің бірнеше буынға сабақ беріп, шәкірттерінің алды құрметті демалысқа шыққанын ескерсек, оны ұстаздардың ұстазы деп атауымызға толық негіз бар.

Үлкендер салған жол

Әйтеке би ауданының (бұрынғы Қарабұтақ ауданы) перзенті Бағдат Ермағанбетұлы өмірде қандай жетістікке жетсе де, барлығы алдыңғы толқынның арқасы екенін айтады. Бұл қатарда алдымен әжесі Балжан Төребаева тұр. Ең үлкен тәрбиешім дейтін асыл әжесін ол әрдайым ерекше сағынышпен еске алады. Одан естіген әр аңыз-әңгімесі, қисса-дастандары санасында мәңгіге жатталған… Әженің қамқорлығын көп көрген кейіпкеріміздің әке-шешесі Ермағанбет-Шабақтың да оның адам болып қалыптасуында еңбегі зор. Мектеп бітірерде: «Балам, мамандықтың төресі — мұғалім, осы саланы таңдағаның жөн» деп өсиетін білдірген әкенің сол кездегі сөзі үйдегі тоғыз баланың үлкенін арманынан адастырмаған екен. Бірақ ұстаздық жолды таңдауына мектептегі алғашқы мұғалімінің әсері бәрінен де айрықша болыпты. Өткен күндерді ой елегінен өткізгенде ол осылай деп сыр шертеді.

— 1958 жылы Қарабұтақ орта мектебіне 1-сыныпқа барғаным әлі күнге дейін көз алдымда… Қарабұтақтан үш шақырым жердегі «Төртүй» атанған жердегі мектепте 8-сыныпқа дейін білім алдық. Менің мұғалімдік мамандықты таңдауыма себепші болған ұстазым Қият Жұмағалиев еді.

Қият ағайдың жылы жүзі, қоңыр дауысы, балаға деген сүйіспеншілігі, жинақы киім киісі, кейін қайырылған қара шашы әлі есімде. Ағайдың сабақ түсіндіргені, тақтадағы жазуы әлі күнге көз алдымда тұр.

Қолымызға қалам ұстатып, алғаш әріп танытқан, математика пәнінің қыр-сырын үйреткен осы ардақты мұғалім еді. Ол кезде көркем жазу деп аталатын қосымша сабақ болатын. Онда оқушылардың жазу каллиграфиясының талапқа сай сақталуы дағдыландырылады.

Білімнің негізі бастауышта қалыптасады. Білім нәрімен сусындатқан Қият ағайымызға шәкірттері қарыздар. Қият ағай бастаған, Фируза Сражаддина, Орда Дайрабаев, Байжан Бекмұратов, Шаман Муапихов, Нарымбет Дәуітов, Әсима Жұмағалиевадай ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етеміз, жадымызда мәңгі сақтаймыз, — деп ұстаздарын тебірене еске алған Бағдат Ермағанбетұлы солардың жолын қуып, физика мамандығының қыр-сырын Ақтөбе педагогикалық институтында меңгереді.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған бойда, 1972 жылы Әйтеке би ауданындағы Ақкөл орта мектебіне жұмысқа қабылданған жас маман кейіннен бірнеше жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарады. Іле-шала сол аралықта әскери борышын да өтеп келеді.

Асқан білім мен темірдей тәртіптің иесі

Жастайынан іскерлік қабілетімен, жан-жақтылығымен һәм алғырлығымен көріне білген Бағдат Ермағанбетұлы аудандық партия комитетінде еңбек етіп, одан соң 34 жасында-ақ мектепке директор боп тағайындалады. Артынша 8 жыл аудандық білім бөлімінде басшылық қызметтерді атқарған ол еңбек жолын Ақтөбе қаласында сол қарқынмен жалғастырады.

Кемеліне келіп, «ердің жасынан» асқан тұста оған Ақтөбе қаласындағы №42 орта мектепті басқару сеніп тапсырылады. Бұған дейін ауыл, аудан, қаладан тәжірибе жинап, шеберлігі толысқан педагог бар білімі мен білігін осы оқу мекемесінің гүлденуіне қолданады. Оның басшылығымен мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, пән кабинеттерінің жағдайы жақсара түседі. Әр мұғалім, оқушымен жеке жұмыс істеп, үлкен-кішіге теңдей қарайтын оның еңбегі аз уақытта нәтиже береді: осы мектептің талай шәкірттері бірқатар білім бәйгелерінен, спорттық жарыстардан олжалы оралады. Мектепішілік үйірме-секциялардың да жұмысы жанданып, мұнда қаладағы мектептердің арасынан бірінші боп «Жас толқын» газеті шыға бастайды. Ерекшелігі — мектепаралық үнпарақтың бас редакторы, журналистері, тіпті беттеушілері де жас талаптардан құралғаны. Ұл-қыздардың талантын шыңдаған сол кездегі мектеп директоры Бағдат Еңсепбаев, осылайша, бірқатар азаматтың болашағын айқындап береді.

Табиғатынан тынымсыз ұстаз өзі жұмысты қалай жақсы істесе, өзгелерден де соны талап етеді. Темірдей тәртіп — кез келген шаруасының алғышарты. Содан болар, ол қолға алған іс, ұйымдастырған шара тиянақты орындалады.  Мектептегі апта сайын өтетін жиналыстардың уақытына дейін бірізділігі, мұнтаздай тазалық, ең бастысы — ата-ана-мұғалім-оқушы деген үш тағанның бір-бірінен ажырамауы Бағдат Ермағанбетұлы ұстанған бағыттың негізі. Бұл ол басшылық еткен Ақтөбедегі №15 орта мектепте де көрініс тапты.

Бірнеше мектепті басқарып, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Бағдат Ермағанбетұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ақтөбе қаласы әкімінен бастап, облыстық білім басқармасының, басқа да құзырлы орган басшыларының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен, төсбелгілерімен марапатталған. Дей тұрғанмен ұстаз үшін шәкірттерінің жетістігінен асқан сый жоқ. Ол ең әуелі оқушыларымен мақтанады…

— Ұстаз — ұлағатты мамандық иесі. Оның соңынан өшпес із, сарқылмас өнеге қалары хақ. Бұған біз, мұғалімдер алғыр шәкірттеріміз арқылы жетеміз. Шүкір, менде де ауыз толтырып айтарлықтай оқушылар аз емес. Мәселен, 1972 жылы Ақкөл орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолымды бастағанда, маған сынып жетекшілік міндетті қоса жүктеді. Сондағы 7«Б» сыныбының оқушыларының бәрі есімде. Баршасын жақсы көремін, мүмкіндігінше ешқайсысымен хабар үзбеуге тырысамын. Жалпы, мектепті үздік аяқтап, түрлі салада абыройлы қызмет атқарып жүрген Мұрат Сатмағанбетов, Жеңіс Рахманбергенов, Самат Кариев, Сапарғали Айтбаев, Алтай Ибраев, Сәкен Ідірісов, Әсия Сүндетбаева, Айнаш Қоңырбаева, Алтынай Балғабаева, басқа да шәкірттерімді ерекше атап өтуге болады, — дейді білікті педагог.

Оның ойынша, мұғалім өзінің мамандығын, балаларды шексіз сүюі керек. Сосын өзгелерден талап еткеннің бәрі алдымен өзінен табылуы тиіс. Сонда ғана ұстаздың мерейі үстем болады. Педагогтің беделі де осыған байланысты болса керек…

Әке ізін жалғаған

Көпбалалы отбасында өскен Бағдат Ермағанбетұлы, әлгінде айтқанымыздай, тоғыз баланың тұңғышы. Өзінен кейін ерген 7 іні мен қарындасына қамқор аға. Олардың 3-еуі кейіпкеріміз сияқты ұстаздық жолды таңдаған. Кейіпкеріміздің зайыбы Ағила екеуінің ұл-қызы да мамандығы бойынша педагог. Ұлы Нұрбақыт шаһардағы мектептердің бірінде денешынықтыру пәнінің жоғары санатты мұғалімі болса, қызы Гүлбақыт — ағылшын тілінің маманы. Қазіргі таңда немерелерінің қызық-қуанышына куә болып отырған ата қолы қалт етсе соларға көңіл бөлгенді тәуір көреді. Арасында мұғалімдер әулетінің жолын қуғандардың шығатынына бек сенеді…

Үлкен істердің үйлестірушісі

Бағдат Ермағанбетұлы ұлағатты ұстаз һәм тағылымы мол тәлімгер ғана емес, бойында ұйымдастырушылық қасиеті бар азамат. Жер-жердегі Әйтеке биді ұлықтауға арналған шаралардан табылып, қашан көрсең де игі істің басы-қасында жүргені. Өзі Ақтөбе қаласында құрылған «Әйтеке би» қорының белді мүшесі де. Аталған ұйымның өткізетін түрлі конференциялары, семинарлары, т.б. көпшілік шараларынан қалыс қалған кезі сирек. Сол сияқты баба атын иеленген ауданның өңірде қолға алған әр бастамасына белсенді қатысады. Бір сөзбен айтқанда, туған жерінің нағыз патриоты.

Елдік мәселелерде де тыс қалмайды. Айталық, қазақ тарихында өшпес із қалдырған әйгілі қолбасшы, көреген саясаткер, ержүрек батыр бабамыз Жалаңтөс баһадүрдің 440 жылдығына облыс орталығында ескерткіш орнатылса деп бастама көтергендердің бірі.

Білім беру саласының ардагері осы газеттің жанашыры да. Әр санын жібермей оқиды. Басылымға жыл сайын тұрақты түрде жазылады. Одан бөлек ара-тұра ұстаздары, өзіне әсер еткен оқиғалар туралы пікірін жазып, автор ретінде де газет бетінен көрініп тұрады. Осының барлығы айналып келгенде оның қоғам өміріне бейжай қарамайтынын, белсенді екенін әйгілейтіндей.

Кез келген тақырыпта, әсіресе білім, руханият, саясат мәселелері бойынша кеңінен әңгімелесе алатын ол өз ортасына кішіпейілділігімен да сыйлы. Қай мереке болсын, айналасындағы адамдарды құттықтап, жылы лебізін білдіруді ұмытпайды. Осы орайда оның цифрлық технологиялардың түр-түрін шебер меңгергенін айта кету керек. Соның арқасында әлеуметтік желілердің «құлағында ойнайды». Уатсап, фейсбукте хат-хабар алмасуда оған ілесетіндер кемде-кем. Бұл жағынан, тіпті кейбір жастарға үлгі.

Биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр демесеңіз, Бағдат Еңсепбаев өмірге көзқарасы, іс-қимылы жағынан қатарластарынан едәуір жас көрінеді. Ширақ. Сосын қашан да бірқалыпты болмысынан айнымайды. Сырт келбетіне қарап, елу жасты енді еңсерген деп ойлайтыныңыз анық. Онысы мерейтой иесінің қай істі де көрсем, білсем дейтін ізденімпаздығы пен еңбекқорлығында жатса керек.

Лайым, Бағдат Ермағанбетұлының осы қырлары ұзағынан сүйіндіргей. Замандастары мен шәкірттері соған тілектес.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button