Спорт

Қысқы Азия ойындарының ашылуына 3 күн қалды

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қысқы Азия ойындарында Қазақстан алдыңғы үштіктен көрінуі керек деп үміт етеді.

«Бізге Жапония, Қытай және Корея мықты қарсыластар екенін түсінеміз. Дегенмен иеленген медальдар саны бойынша алдыңғы үштікке кіру міндетін қоямыз», — деп келтіреді баспасөз қызметі Азиадаға арналған кеңес қорытындысындағы Президенттің сөзін.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстаннан 117 олимпиадалық ойындардың, әлем чемпионаттарының және Азия ойындарының чемпиондары шыққанын еске салады.

Сондай-ақ Елбасы қысқы Азия ойындарына байланысты бүкіл әлемнің Қазақстанға көз тігіп отырғанын, сондықтан жоғары халықаралық деңгейде өткізу міндеті тұрғанын да атап өтеді. Азиада спорттың жекелеген түрінен чемпионат өткізу емес, 27 елдің спортшыларының басын қосқан ойындар мерекесі болып табылады. Сондықтан көтеретін жүгі көп, сонымен бірге асқан жауапкершілікті, тыңғылықты әзірлікті талап етеді.

23 қаңтарда Астана қаласында VII қысқы Азия ойындары аясында ең алғашқы ресми шара өтті. «Мәдени Азиада» жобасы аясында салынған мұз қалашығында басшылар Қазақстан құрама командасының мүшелерін салтанатты түрде қарсы алды. Шымбұлақ тау шаңғысы кешенінің басшылығы Азиадаға дайын екендігі туралы мәлім етті. Қазір Шымбұлақ Тау шаңғысы спорты халықаралық федерациясының барлық талаптарына жауап береді. Шымбұлақтың алғашқы медаль иелері 31 қаңтарда белгілі болады.

VII қысқы Азия ойындарына 27 елден 4 мыңның үстінде спортшы құрлық жүлделерін сарапқа салады.

Астана мен Алматыда өтетін қысқы Азиада жаңалықтарын тарату үшін 17 елден екі мыңның үстінде журналист қатысады.

Құрлық көшін бастаймыз ба?

Спорттың жазғы ма, қысқы ма, қай түрінде де оқ бойы алдан көрінетін қытайлықтар, бір бүкпесі ішінде тұратын жапондықтар, не нәрсеге де икемді корейлер құрлықтың бас бәйгесін іштей өздеріне иемденетіні анық. Осы үш мықтыға қарсы тұра алатын қазақстандықтардың да әр кез шоқтығы биіктен көрініп келеді.

Ал биыл Азиада өз жерімізде өтеді. Мұның өзі спортшыларымызға рух беріп, күш қосатыны анық. Әзірге мамандар оза шауып, бас бәйгені аламыз деп спортшыларды қамшылауда. Жазғы Азиадада Қытай қоржындарын қалай толтырса, қысқы ойындарда біз де олардан қалмауға тиіспіз деп жігерлендіруде. Мамандардың айтуынша, Көк байрағымыздың жиі желбіреуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Спортшылардың оқу-жаттығу жиындарында, түрлі халықаралық жарыстарға қатысуы кезінде ешқандай қаржы қиындығы, басқа да кедергілер болмады. Ендігі серт — спортшыларда. Дегенмен қарсыластардың да шама-шарқын, спорт әлеміндегі орнын електен бір өткізіп алайық.

Хоккей

Хоккейден Қазақстанның әйелдер командасы Азияда азулы саналады. Тіпті, 2000 жылдан бері Еуропа мен Америка құрлықтарының мықты командаларын састырып үлгерді. 2009 жылы әлем чемпионатында алтыншы орынға көтерілді. 2002 жылғы Солт-Лейк-Сити олимпиадасында 8-орын алды. Қазіргі кезде әлемдік рейтинг бойынша 8-орында тұр. Ал қысқы Азия ойындарында екі рет — 2003 жылы Жапонияда, 2007 жылы Қытайда чемпион атанды. Бізге финляндиялық, канадалық мамандар жаттықтырушылық еткен Қытай командасы негізгі қарсылас болып саналады. Әрі олардың өз жерінде өткен Азиадада жіберген есесін қайтаруға тырысатындары анық. Сондай-ақ жапондықтар да әлемдік рейтингіде 9-орында келеді.

Биатлон

Спорттың бұл түрінде Қытай мен Жапония құрамалары Қазақстан секілді Әлем кубогы үшін жарысты жалғастырып келеді. Кубок жолындағы жарыста әзірге Қазақстанның ерлер командасы 22-орында. Осал саналатын Жапония 21-орында келеді. Арада 50 балл ғана айырмашылық бар. Әйелдер арасында Марина Лебедеваның жанкешті нәтижесі команданы 9-орынға көтерді. Ал Қытай қыздары бізден 4 саты төмен орналасты. Осы жерде қытайлықтардың кейбір жетістіктерін атап өткен жөн. Мәселен, Ван Чун-Ли 2008-2009 жылғы әлем чемпионатында спринтерден алдына жан салмады. 2007 жылғы Азиадада ол үш рет биіктен көрініп, бір рет екінші орын алды.

Ал жапондықтар бұл спорт түрі бойынша әлемнің алдыңғы 20 командасының қатарында. Соған қарамастан, құрлық жарысында барын салатындары анық.

Тұғырдан секіру

Тұғырдан секіруде жапондықтарға тең келер команда болмай тұр. Халықаралық деңгейдегі спортшы Дайки Итоның өзі не тұрады? Дайки Ито Әлем кубогының кезеңдерінде жүлделер алып, әлем чемпионатында екі рет қола медаль тақты. Қазір Дайкидің қатарына Нориаки Касаи, Сехеи Тотимото, Таку Такиуту қосылды. Нориаки Касаи 1994 жылғы олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері екенін ескерсек, одан қауіптенуге болады. Жалпы, жапондықтардың қай-қайсысы да тұғырдан секіруге өте бейім.

Ал қазақстандықтар өздерінің төмен көрсеткішін лайықты тұғырдың болмауымен байланыстырады. Азиада қарсаңында Шымбұлақта тамаша тұғыр кешені жасалды. Енді мамандар алдағы уақытта жапондықтарды қуып жетеміз деп алақандарын ысқылап отыр.

Шаңғымен жүгіру

Біздің шаңғышылар әзірге қарсыластарына дес бермей келеді. Қазақстан құрамасы шаңғымен жүгіруде ең көп медаль жинайды деп сенеміз. Николай Чеботько, Алексей Полторанин, Сергей Черепановтар Қазақстанның басты үміті болып саналады. Чаньчунда өткен Азия ойындарында қазақстандықтар осы спорт түрінен ең көп жүлде алған болатын. Биыл біздің шаңғышыларымыз қоржынды қомақты қыла түседі деп ойлаймыз. Бірақ Масако Исиада, Кейсин Йосида, Масаи Кимура секілді жапон спортшылары да әлемге танылып қалды. Санаспаса болмайды.

Тек біздің шаңғышы қыздарымызға ауыр соғуы мүмкін.

Шорт-трек

Шорт-тректен Азия мектебі әлемде мықты мектеп болып саналады. Талай азиялық әлем чемпионаттары мен олимпиадаларда еуропалықтарды сан соқтырды. Соңғы Ванкувер олимпиадасында жүлденің басым бөлігін Қытай мен Оңтүстік Корея конькишілері иеленді. Тіпті, оларға АҚШ пен Канада жүйріктері де ештеңе істей алмады. Корейліктер Ванкуверде екі рет алтыннан алқа таққан Ли Чжон Су, Ли Хо Сок секілді спортшыларына сеніп отыр. Қытайлық олимпиада чемпиондары Ван Мэн және Ян Чжоу да ешкімге жол бермейміз деп бекінген.

Допты хоккей

Біздің допты хоккей шеберлері Азияны айтпағанда, әлемде таңдаулы команда ретінде белгілі. 2003 және 2005 жылдардағы әлем чемпионатында екі рет қола медаль алып, әлемнің назарын аудардық. Әлемдік рейтингіде Ресей, Швеция, Финляндия елдерінен кейінгі орындамыз. Бізге тек Моңғолия ғана қарсылық көрсетуі мүмкін. Бірақ Қытай, Жапония, Корея хоккейшілері де оңай шағылар жаңғақ емес екендігін ұмытпайық.

Коньки

Конькимен жүгіру спортында біздің Дмитрий Бабенко, Роман Креч және Денис Кузин секілді жүйріктеріміз жақсы конькишілер қатарында. Бірақ олардың қарсыластары өткен жылы әлемдік біріншіліктерде, Ванкувер олимпиадасында, Әлем кубогы кезеңдерінде жүлделі орындарды иеленіп, өздерінің мықты екенін дәлелдеп келеді. Сарапшылар Оңтүстік Корея мен Қытай спортшылары медальдардың басым көпшілігін алып кетеді деп болжам жасап отыр. Жүлдеден жапондықтарды да сызып тастауға болмайды. Әрине, біздің конькишілер де қарап қалмас, жүлдені оңайлықпен бере қоймас деп сенеміз.

Ал әзірге жанкүйерлер таяу күндері, Азия ойындарына дейін өтетін әлем чемпионатын тағатсыздана күтуде.

Мәнерлеп сырғанау

Туринде өткен соңғы әлем чемпионатында Қытай мен Жапония шеберлері өте табысты өнер көрсетті. Жекелей мәнерлеп сырғанауда жапон қызы Мао Осада мен корей қызы Ю-На Ким әлем спортшыларын артта қалдырды. Сондай-ақ ерлер арасында жапондық Дайсуке Такахаси жарқырап көрінді.

Жапон жігіті Такахико Козука қараша айында Эрик Бомпар атындағы жүлде үшін болған жарыста топ жарды. Бұл турнирге әлемнің ең үздік спортшылары қатыспаса да, Такахиконың жеңісінің құнын төмендете алмаймыз. Оның өнеріне атақты мамандардың өзі қатты назар аударды.

Біздің жас жұлдызымыз Денис Тен қалай да медаль сыйлайды деп күтеміз. Өткен жылы Ванкуверде жарқ етіп көрінген Денисің өзі осы Азиадада бар күш-жігерімді саламын деп отыр. Оған Абзал Рахымғалиев, Кристина Прилепко, Марина Шишкиналар қосылып жатса, құба-құп. Ресей мектебінің түлектері Виктория Кучеренко мен Виктор Адоньев жұбына да сенім артылуда.

Фристайл

Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында, 70-жылдардың басында ғана пайда болған жас спорт түрінің отанын біреулер Солтүстік Америка десе, енді біреулер Еуропа дейді. Фристайлдың осындай аз ғана тарихында қазақстандықтар да бұған дейін жүлде алып үлгерді. 2006 жылы болған Турин олимпиадасында Дмитрий Рейхерд, Дарья Рыболова, Юлия Родионова алдыңғы отыздықта болды. Кейінгі жылдары спортшыларымыздың көрсеткіші бұдан да жақсарды.

Медалі көп бұл сында негізгі тартыс Қытай, Жапония және Қазақстан спортшылары арасында өтетіні анық. Мамандар могул сайысында қазақстандықтар мен жапондықтар жүлдені бермейді деп отыр. Ал акробатикада Ванкуверде олжа салған қытайлықтардың мерейі үстем болмақ деушілер де бар. Бірақ спорттың аты — спорт.

Қазақстан спортшылары қатысатын ойындар кестесі

28 қаңтар

Шайбалы хоккей, Ерлер, Астана («Қазақстан» СС).

Қазақстан — Солтүстік Корея

Шайбалы хоккей. Әйелдер, Алматы («Балуан Шолақ»СС),

Қазақстан — Солтүстік Корея

29 қаңтар

Шайбалы хоккей. Әйелдер, Алматы («Балуан Шолақ»СС),

Қазақстан — Оңтүстік Корея

30 қаңтар

Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты. Астана («Астана Арена»)

31 қаңтар

Шайбалы хоккей. Әйелдер, Алматы («Балуан Шолақ»СС),

Қазақстан — Жапония

Конькимен жүгіру (5000 м). Ерлер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Конькимен жүгіру (3000 м). әйелдер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Шорт-трек (1500 м). Ерлер. Астана (Республикалық велотрек)

Шорт-трек (1500 м). Әйелдер. Астана (Республикалық велотрек)

Тау шаңғысы спорты (жылдамдықпен түсу). Ерлер. Алматы («Шымбұлақ» СБ)

Тау шаңғысы спорты (жылдамдықпен түсу). Әйелдер. Алматы («Шымбұлақ» СБ)

Фристайл (могул). Ерлер. Алматы («Табаған» СК)

Фристайл (могул). Әйелдер. Алматы («Табаған» СК)

Шаңғымен тұғырдан секіру (К-125). Ерлер, Алматы (Халықаралық тұғыр кешені)

Шаңғы жарысы (спринт 1,6 км классикалық жүріс). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғы жарысы (спринт 1,2 км классикалық жүріс). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Биатлон (спринт 7,5 км). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғымен спорттық межелеу (спринт). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғымен спорттық межелеу (спринт). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

1 ақпан

Конькимен жүгіру (500 м). Ерлер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Конькимен жүгіру (500 м). Әйелдер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Шорт-трек (500 м). Ерлер, Астана (Республикалық велотрек)

Шорт-трек (500 м). Әйелдер, Астана (Республикалық велотрек)

Шайбалы хоккей. Ерлер, Астана («Қазақстан» СС)

Қазақстан — Қытай

Тау шаңғысы спорты (супергигант). Ерлер, Алматы («Шымбұлақ» СБ)

Тау шаңғысы спорты (супергигант). Әйелдер, Алматы («Шымбұлақ» СБ)

Фристайл (акробатика). Ерлер, Алматы («Табаған»СК)

Фристайл (акробатика). Әйелдер, Алматы («Табаған» СК)

Шаңғы жарысы (командалық спринт 1,6 км). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғы жарысы (командалық спринт 1,2 км). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Биатлон (спринт 10 км). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

2 ақпан

Конькимен жүгіру (масс-старт 35 айналым). Ерлер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Конькимен жүгіру (масс-старт 25 айналым). Әйелдер, Астана (Жабық коньки стадионы

Шорт-трек (1000 м). Ерлер, Астана (Республикалық велотрек)

Шорт-трек (1000 м). Әйелдер, Астана (Республикалық велотрек)

Шорт-трек (5000 м эстафета). Ерлер, Астана (Республикалық велотрек)

Шорт-трек (3000 м эстафета). Әйелдер, Астана (Республикалық велотрек)

Шаңғымен тұғырдан секіру (К-95). Ерлер, Алматы (Халықаралық тұғыр кешені)

Шаңғы жарысы (15 км еркін жүгіру). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғы жарысы (10 км еркін жүгіру). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Биатлон (пурсит 12,5 км). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғымен спорттық межелеу (орташа қашықтық). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғымен спорттық межелеу (орташа қашықтық). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

3 ақпан

Мәнерлеп сырғанау (қысқа бағдарлама). Жұп. Астана (Республикалық велотрек)

Мәнерлеп сырғанау (қысқа бағдарлама). Жұп. Астана (Республикалық велотрек)

Мәнерлеп сырғанау (қысқа бағдарлама). Ерлер. Астана (Республикалық велотрек)

Шайбалы хоккей. Ерлер, Астана («Қазақстан» СС)

Қазақстан — Қытай. Тайпей

Шайбалы хоккей. Әйелдер, Алматы («Балуан Шолақ СС»),

Қазақстан — Қытай

Тау шаңғысы спорты (суперкомбинация). Ерлер. Алматы («Шымбұлақ» СБ)

Фристайл (параллельді могул). Ерлер, Алматы («Табаған»СК)

Фристайл (параллельді могул). Әйелдер, Алматы («Табаған»СК)

Шаңғы жарысы (10 км классикалық жүгіру). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғы жарысы (5 км классикалық жүгіру). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Биатлон (жеке жүгіру 15 км). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғымен спорттық межелеу (ұзақ қашықтық). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғымен спорттық межелеу (ұзақ қашықтық). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Допты хоккей. Ерлер, Алматы («Медеу» мұз айдыны)

Қазақстан — Қырғызстан

4 ақпан

Конькимен жүгіру (1500 м). Ерлер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Конькимен жүгіру (1500 м). Әйелдер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Мәнерлеп сырғанау (қысқа бағдарлама). Әйелдер. Астана (Республикалық велотрек)

Мәнерлеп сырғанау (еркін бағдарлама). Ерлер. Астана (Республикалық велотрек)

Шайбалы хоккей. Ерлер, Астана («Қазақстан» СС)

Қазақстан — Корея

Тау шаңғысы спорты (суперкомбинация). Әйелдер. Алматы («Шымбұлақ» СБ)

Шаңғымен тұғырдан секіру (К-125 командалық). Ерлер, Алматы (Халықаралық тұғыр кешені)

Биатлон (жеке жүгіру 20 км). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Допты хоккей. Ерлер, Алматы («Медеу» мұз айдыны)

Қазақстан — Моңғолия

5 ақпан

Конькимен жүгіру (10 000 м). Ерлер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Конькимен жүгіру (5 000 м). Әйелдер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Мәнерлеп сырғанау (еркін бағдарлама). Жұп. Астана (Республикалық велотрек)

Мәнерлеп сырғанау (еркін бағдарлама). Әйелдер. Астана (Республикалық

велотрек)

Мәнерлеп сырғанау (еркін би). Жұп. Астана (Республикалық велотрек)

Шаңғы жарысы (4х10 км эстафета). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғы жарысы (4х5 км эстафета). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғымен спорттық межелеу (эстафета). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғымен спорттық межелеу (эстафета). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

6 ақпан

Конькимен жүгіру (командалық). Ерлер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Конькимен жүгіру (командалық). Әйелдер, Астана (Жабық коньки стадионы)

Мәнерлеп сырғанау (үздіктер өнері). Астана (Республикалық велотрек)

Шайбалы хоккей. Ерлер, Астана («Қазақстан» СС)

Қазақстан — Жапония

Шаңғы жарысы (30 км классикалық жүгіру). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Шаңғы жарысы (15 км классикалық жүгіру). Әйелдер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Биатлон (4х7,5км эстафета). Ерлер, Алматы (Шаңғы-биатлон стадионы)

Допты хоккей. Ерлер, Алматы («Медеу» мұз айдыны)

Финал

Қысқы Азия ойындарының жабылу салтанаты. Алматы («Балуан Шолақ» СС).

Қосымша 14 рейс

«Эйр Астана» авиакомпаниясы қысқы Азия ойындары кезінде Астана мен Алматы қалалары арасына қатынайтын 14 қосымша рейс ашуды жөн деп тапты.

Ойындардың ресми авиатасымалдаушысы ретінде ұйымдастыру комитеті мүшелерінің, шетелдерден келетін ресми делегаттардың әуе қатынасын қамтамасыз етіп, пошталарды жеткізетін болады.

Азиада-2011-дің ашылу және жабылу салтанаттарында да авиакомпания қызмет етеді.

Мұнымен бірге «Эйр Астана» ұшақтары әлемнің 13 елінің халықаралық әуежайларында қызмет ететін болады. Компания ұшақтарының сауырында Азиада символы Барыстың суреті бейнеленген.

Жеңілдік билеттері

«Азиаданы ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ-ның билет жүйесі басқармасының хабарлауынша, әлеуметтік қолдауды қажет ететін адамдар үшін билет жеңілдігі қарастырылған. Осындай әлеуметтік санаттағы азаматтарға 300 билет тегін таратылады. Олардың арасында, әрине, өзінің сүйікті спортшысын көргісі келетін, барынша жанкүйерлік ететін спорттың нағыз жанкүйерлері болатыны анық.

Ойындарды ұйымдастыру комитеті мүшелерінің айтуынша, сондай-ақ қысқы Азиадаға қатыспайтын спорт ардагерлері мен бүгінгі спортшыларға шақыру билеттері беріледі, бірқатарына билетті жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік жасалады.

Құтқарушылар сақ отыр

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, қысқы Азия ойындары кезінде кез келген апатты жағдайға арнаулы қызмет мекемелері, құтқарушылар әзір отыр. Астана, Алматы қалаларында төтенше жағдайлар жөніндегі мекемелер оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, өздерінің әзірлігін бір пысықтап алды.

Айқара бетті әзірлеген Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button