Жаңалықтар

Вакцина мен санақтың маңыздылығы түсіндірілді

Жақында «Қазақстан жастар фракциясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Вакцина — індеттен арылудың негізгі кілті» тақырыбында студенттермен кездесу өтті. 

Кездесуге Қазақстан волонтерлер лигасының төрайымы Айсұлу Ерниязова, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқытушылары және санақшы мамандар қатысты.

Айсұлу Ерниязова өз сөзінде әлемді жайлаған бұл індеттің алдын алудың жалғыз жолы — вакцина екенін атап өтті. Сонымен қатар өзінің вакцина алғанын және ешқандай жағымсыз әсерін байқамағанын жеткізді.

Ұлттық бюроның Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Гүлсім Ашмұхамбетова өз кезегінде биылғы халық санағының форматтары жөнінде түсіндіріп берді. Бір айлық санаққа 600 қызметкер қажет екенін, әзірге 400-ден астам белсенді жас жұмыс жасауға дайын екендігін айтты. Сондай-ақ маман санақ жүргізуші интервьюерлердің айқындауыш белгілерімен таныстырып, белгісі жоқ адамдардан сақ болу керектігін нықтады. Жалпыұлттық санақ дәстүрлі жолдан бөлек онлайн форматта да, арнайы сайтта да жүргізіледі. Алайда онлайн санақтан өткен азаматтар жалпы ақпараттан бөлек әлеуметтік жағдайы туралы толығырақ ақпарат беру үшін дәстүрлі санаққа да қатыса алатынын мәлімдеді.

Аталмыш кездесу жастарға, әсіресе алғашқы курс студенттеріне вакцина салдыру мен санаққа қатысудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында өткізілді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button