Әдебиет

«Мен — Ақтөбе өлкесінің өзені…»

Ертай АШЫҚБАЕВ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ТАҢ

Жұлдыздарын жинап болды Ай мақтап,

Жапырағын сілкіп қойды жайлап бақ.

Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе,

Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап.

 

Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді,

Дем алмайды тіпті жел мен желкемі.

Демалып-ақ жатыр жалғыз амалсыз,

Анау үйдің жұмыста жоқ еркегі.

 

Жатпағанда… қайда бармақ, не істемек?..

Әйел байғұс бұрқылдайды кешке кеп.

Ұясынан Күн шығып тұр ұялып,

Еш пендеге көрсете алмай еш көмек.

 

Жасырғысы кеп тұр көзін бұлтпенен,

Күн шыққанда шаттанбайды жұрт деген.

Жаңбыр тілеп жаутаңдайды аспанға,

Көңіл-әйнек кірін ешкім сүртпеген.

 

Бүгін жаңбыр жаумайды ғой — белгілі,

Елдің майдай ерімейді терлігі.

Тек тарихқа жаңа беттер қосады

Базардағы әйелдердің ерлігі.

 

Айтылмайды түйіні бар сөз әлі,

Тек көліктер бір-бірінен озады.

Тез қартайған жеңгелердің өңіндей

Ақтөбенің асфальттары тозады.

 

Бола қоймас төтен хабар, тосын жай,

Бір күн өтер еш жаңалық қосылмай.

«Өзің біл, — деп, — тұрмасаң да, тұрсаң да»,

Ақтөбеге таң келіп тұр осындай.

 

САНТЕХНИК АЛПАМЫС

(Мадақ жыры)

Уа,

сантехник Алпамыс,

алдыңа кеп құлдық ұрды алты арыс!

Қыста тоңбау,

жазда мөлдір су ішу —

бұл-дағы бір алқалы іс.

Ана жағың —

көне бетон,

көк асфальт,

Мына жағың — құбырдағы қарт ағыс.

Сен шыққанда үйіңнен —

әлденеге мұңданады әр таныс.

Білгің келсе,

сен деген —

төбемізде ұшып жүрген қалқа құс!

 

Уа,

аймаққа сыйлы ізгім,

темірге қалпақ кигіздің,

тасқа алау тигіздің.

Бір төбенің толқынын

бір төбеге құйғыздың.

Жем-Сағыз бен Ойылды,

Қарғалы мен Електі

бір құбырға сыйғыздың.

Сен шыққанда көшеге,

тікесінен тік тұрады —

Үй біздің!

 

Басыңнан бақ кетпегей,

жауың жүрсін —

беттемей,

бізге де төк мейіріміңді шектемей.

Уа, Алпамыс,

бұл сенсіз

мына Ақтөбе шаһарыңыз не етпек, ей?!

Уа, тоқтайын!

Бұл сөзім

астана жұрт әкімдері құлағына жетпегей!

 

Алысатын ерімді —

күндіз демей,

түн демей,

Қарысатын ерімді —

жауап бермей,

үндемей,

дәрі беріп ұйықтатып,

солар бір күн алып кетіп жүрмегей!..

 

НЕСІБЕ

Ай-хай, дүние, сайран самал соғады,

Тоқ шаңырақ, құт ірге.

Ақтөбені көрмегендер көп әлі,

Келдің.

Көрдің.

Шүкір ме?

 

Уа, көрдіңіз:

Жайдары жұрт, кішік ел,

Көркем әлем, көк арай.

Талай-талай ақылы мол кісілер

Ақтөбені сағынбайды,

…О, қалай?

 

Ақтөбенің Алматыдан несі кем,

Астанадан немесе?..

Түсіндіріп берер едім, кешігем,

Өзің айтшы, жеңеше.

 

Ұқтырар ем, жол күтіп тұр, кешігем,

Алматыға асықтым.

Алматыда, уай, менің артық еді несібем,

Бірақ ылғи Ақтөбеге ғашықпын.

 

Ақтөбеде сайран самал соғады,

Күледі Күн,

толады Ай.

Ақтөбені көрмегендер көп әлі,

…Обал-ай!

 

АЛМАТЫ – АҚТӨБЕ

Курстастарға

Сол кеткеннен, әйтеуір, шешпедім бел,

Көп сортақты біледі кешкенімді ел,

Біледі кейде жел боп ескенімді ел,

Енді сәл дес беріңдер.

…Алматыны… сол жылы… бұл менен де…

Алып қалып едіңдер… не істедіңдер?..

Күндіз кімдер жүреді біздей қалқып,

Біздей балқып жүреді кешке кімдер?

…Маң-маң басқан әнеу бір кербездердің

Көкейлерін неліктен теспедіңдер?

…Альбомда қандай сурет сақталыпты,

Түседі оңашада еске кімдер?

 

Мына жақта жүрегім жүз ұлыды,

Алматының тәтті еді… Күзі… Мұңы…

Көп еді аңқау аға, қызық іні,

Әрине, көркем еді… Қызы… Гүлі…

Алматының сол сәнін тартып алған —

Өмір деген ақылсыз бұзық ұры.

Солай ма, құрметті М.Талдыбаев,

Солай ма, қадірлі М.Ізімұлы?!

 

Ашылмайды, әйтеуір, күн қабағы,

Бұлақ бастан осылай бұлғанады,

Осылайша дүлділ күн ұрланады.

Біз көрмеген біреулер тепсінеді,

Біз көрмеген біреулер бұлданады.

…Біздер кезген бақтарға кім барады?

Алматының мөп-мөлдір жылғалары

Жүрген жоқ па шілдеде құрғағалы?

Құм астында көміліп жатыр ма екен

Біздің шашпа қыздардың сырғалары?

…Сол кеткенде… сол жылы… бұл менен де…

Алып қалып едіңдер бұл қаланы…

 

Мұңайғаным болмаса күзде кей күн,

Мен сендерді аса көп іздемеймін.

Бір бөрікке сыймайтын бір басымда

Кесірлігі бар, сірә, жүз кедейдің,

…Ақтөбенің шаттығын үзбегей күн.

Мынау Күләй ханымның мойнындағы

Жоғалмайтын ақ моншақ тізбедеймін.

…Сондағы… алып қалған Алматыңыз…

Қайырлы бола берсін Сізге деймін.

 

БІР ӘҢГІМЕ

Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,

Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.

Ойыл — мынау,

Қиыл — анау,

содан соң…

Алматыны көргім келді,

көрдім мен.

 

Ерте солып біздің жақта бүлдірген,

Бөлісуге жарамады құрбыммен.

Бақша — шағын,

көше — шолақ,

әрине,

Алматыда жүргім келді,

жүрдім мен.

 

Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,

Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.

Күндер болды көкірекке леп кірген,

Түндер болды аздап азап шектірген,

Шуақ анау,

көз жасымды кептірген.

Мен —

Ақтөбе өлкесінің өзені,

Алматыдан кеткім келді,

кеттім мен.

 

Алматыңыз сол еді,

Енді, міне, ертіп келіп көнені,

Аспан неге мазалайды,

о, мені,

Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді,

Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді?

Бір сынық мұң түрткілейді,

төнеді,

Мен білмеймін,

не сұрайды ол менен?

…Ай, жөн еді Алматыны көрмеген,

Алматыға бармағаным жөн еді…

 

ЖАРЫССӨЗ

Зор қоғамның, не беделді Кеңестің,

Төрағасы емеспін.

Олай-былай барған кезде, әрине,

Мәшинемен алып жүрмес мені ешкім.

 

Жазу, сызу — маған қонған бақ, талап,

Дерсіз, бәлкім: «ал, не жаздың, мақтан-ақ».

Әттең, әкем халық жауы болмапты,

Жазар едім бір поэма… ақтап ап…

 

Қозы бақтым. Үйрек бақтым. Қаз бақтым.

Ғашық болдым — тарттым сонда аздап мұң.

Диссиденттік маған қайдан бұйырсын —

Үкіметке қарсы өлең жазбаппын.

 

Жаза қояр дерек таппай мүлде мен

Қиналамын. Жиналыста үндемен.

Алматыдан кетіп қалғам ертерек —

Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен.

 

Брежнев, асыл задам, құрметтім,

Сізді… және Қонаевты үлгі еттім.

Өкілімін ду қол соққан дүрмектің,

Мен күріштің қасындағы күрмекпін.

 

Жиналыста көбеңсиді көңілім,

Маған назар аудармайды көп інім.

…Жарыссөзде айта салар ерлігі

Емге де жоқ, ай-хай, менің өмірім.

 

ЕЛОРДА. ЖЕЛТОҚСАН. «ДИПЛОМАТ» ҚОНАҚҮЙІ

Уақытша келгенмін, қонғанмын,

Ертең кетемін. Дайынмын.

Ақтөбеде де мен тоңғанмын,

Мен аязды танитын қайыңмын.

 

Иемін төсекке уақытша жайылған,

Өзгеріс енген жоқ кестеме.

Қыста жапырақ сұрай ма қайыңнан?..

Менен де сұрама ештеңе.

 

Мен деген уақытша тұрғынмын,

(Көңілім, беу, демал, аптықпа!)

Жоқ мұнда күлкісі баяғы құрбымның,

Әрине, жоқ бағзы шаттық та.

 

Ақ шамдал. Боз кілем. Сұр тұтқа.

Қабағын ашпайды кеш мүлде.

(Жас Бекжан, ешкімді пір тұтпа,

Қызықпа ешкімге!)

 

Мінеки, қайтуға бекінді

Қаншама уақытша келгендер.

Барлығы бақытты секілді,

…Сенбеңдер!

 

БАБАТАЙ ӨЗЕНІ

Мешін жылы Бабатайда туғалы

Біздің бастан біраз өмір зулады.

Тіршілігім өлеңімнің өзіндей —

Бірде жақсы, бірде жаман шумағы.

Басталғанда қызығы мен думаны,

Айтар ма екен азды-көпті әңгіме

Кей жақсылар мына мен де туралы?

 

Мен өзенмін. Тымық күні тынышпын,

Желді күні толқындарым тулады,

Желді күні қамыстарым шулады.

Жел тигізбей өсіруге жарарлық,

Қайдан табам кеудесі зор туманы?

 

Мен өзенмін балдырларым қалқыған,

Күн ыссыда ауа жетпей алқынам,

Күн ыссыда бу боп ұшам, тартылам,

Арнам толық кездерімде көп келіп,

Жамандайтын кісілер бар артынан.

Мына жатқан Бабатайдың өзені,

Мақтауға да, даттауға да төзеді.

Жағаға кеп су ішеді ыссыда

Ақ қоянның әлжуаздау көжегі.

Су ішкенде ақ қоянның көжегі

Өзен дәмін өте жақсы сезеді.

Өз өзенін ұқпағандар, қайтейін,

Басқа жердің шалшық суын кезеді,

Басқа жұрттың балшықтарын езеді.

 

… Мешін жылы Бабатайда туғалы

Осы да бір айтпай жүрген сөз еді.

 

ЕСКІ ЕЛЕС

Мен деген —

үнсіз ғаламмын,

Қоштасқам дүрмектеріммен.

О, не деп тұрсыз маған, Мұң,

Не істеуге міндетті едім мен?

 

Тоқтадым ескі өлеңіме,

Білмеймін,

қанша аялдаймын?!

Сүймеймін ештеңені де,

Әрнені аңсай алмаймын.

 

Мен деген —

көктем емеспін,

Сөйлейтін асқақ үнменен.

Мен —

зулап өткен елеспін,

Елеспін басқа мүлде мен.

 

Жүрмеймін күліп құрбыммен,

Мен —

егде құрметті елеспін.

Күюді ұмыттым мүлдем,

Сүюге міндетті емеспін.

 

Жоғалды сәруар елес,

Күз келді.

Келеді мұз-қар.

Ол менің шаруам емес,

О, менде нелеріңіз бар?..

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button