Мереке

Ауыл тұрғындарының қуанышы

30 тамыз ҚР Конституциясы күніне орай Қобда ауданында бірқатар шара өткізілді. Әкімдіктің мәжіліс залында өткен шара барысында аудан әкімі Болат Кулов сот, құқық қорғау, шекара, АХАТ саласының қызметкерлері мен кәсіби медиаторларды мерекемен құттықтап, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тарту етті.
Сонымен қатар мереке күні Ақырап ауылында аудандық мәслихаттың депутаты, Nur Оtan партиясы фракциясының мүшесі А.Нұргелдиннің демеушілігімен 6 млн теңгеге салынған заманауи спорт алаңы ауыл жастарының игілігіне берілді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жергілікті бюджет қаржысы есебінен дәл осындай типтік үлгідегі спорт алаңы Өтек ауылында да қолданысқа берілді.

Ал Жиренқопа ауылында жаңа ашық әкімдік ғимараты ашылып, шалғай елді мекеннің тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алуға қолайлы жағдай жасалды. Қоғалы ауылында таза ауызсудың тапшылығын жою мақсатында блокты-модулді кешен іске қосылды. Ауыл тұрғындары суды тұщыландыратын кешеннің іске қосылғанына ризашылықтарын білдірді.

— Аудандағы халық аз шоғырланған 6 шағын ауылдағы таза ауызсу мәселесін кезең-кезеңімен шешу жоспарланды. 200-ден төмен халқы бар ауылдарға арналған кешен осыған дейін Қанай ауылында іске қосылды. Алдағы уақытта Қаракемер, Ақсай, Қосөткел, Бұлақ ауылдарын қамту жоспарда бар, — дейді аудан әкімі Болат Кулов.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button