Айбының ассын, Ата Заң!
Хромтау ауданындағы Бөгетсай ауылдық Мәдениет үйі мен ауылдық кітапханасы инстаграм парақшаларында еліміздің ұлық мерекесіне орай «Айбының ассын, Ата Заң!» атты онлайн концерт өткізілді.
Тікелей эфирде ауыл тұрғындарын Бөгетсай ауылдық мәдениет үйінің директоры Жаңаберген Токин құттықтап, мемлекетіміздің басты құжаты — Конституцияның тарихына қысқаша шолу жасады. Кештің жүргізушісі Әйгерім Жолаушыбай Ата Заңның әрбір тарауы, әрбір бабы біз үшін аса қадірлі де қастерлі екеніне тоқталды.
Онлайн концертте Жеткерген Токин «Қазақтай ел қайда?», Асылай Төлебай «Мәңгілік ел», Амина Бақыткерей «Отан», Нұрай Жантерекова «Тәуелсіз ел ұраны», Несібелі Жиенбаева «Жаса, қазағым» әндерін шырқады. Ауылдың кішкентай өнерпаздары Ералы Қазтай «Ата Заңым жасасын», Гүлжазира Абдолова «Азат елдің ар-намысы — Ата Заң» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Шара соңында ауылдық кітапханада «Ардың шыңы — Ата Заң» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
А.БАЛЖАНАЙ,
Хромтау ауданы.