Әдебиет

Сәйгүлік өмір

Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ

Мықтыларға бір кезде сенсек тегі,

Ру деді, жүз деді бөлшектеді.

Меншіктеп ап даласын қазағымның,

Қоқан-лоққы кім бізге көрсетпеді?!

 

Өткен жылдар тарихтың ағысында,

Кешті бабам атысын-шабысын да.

Бас кетсе де айтарын ірікпеді,

Тік ұстады, бермеді намысын да.

 

Абыройын қазақтың шын сақтады,

Жетілді өсіп сол сәби құрсақтағы.

Аманатын халқыңның қастерлеңдер,

Ертеңгінің жасампаз ұрпақтары!

 

Әлсіздерден аяма көмегіңді,

Көрсет елге үлгі боп өнеріңді.

Жылдарға өткен болмасын өкпе-назың,

Аларыңды ал, ұсын тез береріңді.

 

Құлшынысты істерге жылынғам шын,

Жұмыс десе белсеніп, жүзің жансын.

Сәйгүліктей мына өмір өте шығар,

Бәрекелді дейтіндей ізің қалсын!

 

Түс

Төбемізде жайнап тұрды күліп күн,

Қайда екенмін, ол жағын да ұмыттым.

Мен түсімде, о, жарандар керемет,

Көз талдырар шың басына шығыппын.

 

Дара батыр — тұрмын өзім жоқ қауіп,

Талпынғандар жатыр құлап тас қауып.

Оң қолыма найза ұстаппын шашақты,

Ал үстімде алтындалған ақ сауыт.

 

Жарқылдайды тауда мынау қайдағы от,

Қалай түсем, ал ол жағы ойда жоқ.

Кетті кенет көзімді ашып-жұмғанша,

Мәрмәр тастан баспалдақтар пайда боп.

 

Шебінде алғы жүрген кезде жорықтың,

Дұшпаным да бар-ау, сірә, соны ұқтым.

«Ер жігіттің түсі оңбай, ісі оңбас»,

Деген бар ғой, анама кеп жорттым.

 

Демеп сені туыс-достар қоршаған,
Өмір сыйлар тегіс, даңғыл жол саған.

Мұқалмасын, ұлым, қайрат-жігерің,

Қолың жетер биіктерге аңсаған.

 

Жүре берші ортамызда жадырап,

Думанды боп сен көтерген шаңырақ.

Осыны айтып толқыды анам сол сәтте,

«Әумин!» дедім ақ тілегін қабыл ап.

 

Сағыныш

Дүрсілдесе жүрегің от-жалынды,

Сағынасың бірге өскен достарыңды.

Жүздеріңді көру де бір ғанибет,

Алып-ұшып ақ көңіл ақтарылды.

 

Көз жіберсең сөзімнің астарына,

Қимастықпен қарайсың жас шағыңа.

Сағынышың өлшеусіз дер едім мен,

Отан, ана, туған жер, аспаныңа.

 

Сағынасың жусанды далаңды да,

Сезім шіркін бәріне алаң мына.

Сапарыңнан күн салып оралғанда,

Көргің келер жарыңды, балаңды да.

 

Сағынышсыз адамдар тұра ала ма,

Өмір-өзен салғанда бұралаңға.

Махаббатта болады сүйсіну де,

Ғашық жандай, әйтеуір, бір адамға!

 

Сағыныштың шегі жоқ тұрақтар да,

Арманың көп кеудеде мұрат барда.

Сағынасың, әйтеуір, сағынасың,

Бір періштең жүрсе егер жырақтарда.

 

Домбыра мен қылыш

Әнші-жырау осал емес тегінде,

Көп айтамыз хас батырлар жөнінде.

Жігіт болсаң, отбасының тірегі,

Домбыра мен қылыш тұрсын төріңде.

 

Жақсы адамдар бақытына таспайды,

Болмасын тек «байтал түгіл бас қайғы».

Домбырамен күмбірлетіп күй төксең,

Ал қылышың жамандықтан сақтайды.

 

Зор қайғысын аңда жүрген баланың,

Сол домбыра жеткізді ғой зар әнін.

Жошы хан да өз сертінен тая алмай,

Қорғасынмен ойған жоқ па шанағын.

 

Санамызды билеп бөгде қорқыныш,

Болмау керек әттеген-ай, олқы іс.

Дұшпанын ол қалай ғана аясын,

Махамбеттің басын кескен сол қылыш.

 

Жетегінде жүріп шаттық, үміттің,

Аспан ашық, тұра берсін күліп күн!

Мен басқасын санамаймын, дегенмен

Осы екеуін ардақтасаң жігітсің!

 

Жігіт болсаң…

Адалдықтың ақ жолымен бас алға,

Ол бақытқа апарады қашанда.

Жігіт болсаң, қиналсаң да төзіп бақ,

Жасып, көзге жас алма!

 

Білем сен де жұрт секілді пендесің,

Жұмысыңнан қыңқ демейсің өзгесін.

Жігіт болсаң, бүркеп қалма ойыңды,

Жылпос өсек ермесін!

 

Самғай бер тек табысыңның өрінде,

Қандай шаруа болса-дағы жерінбе.

Жігіт болсаң, ағайынмен тату бол,

Қолда барды бөліп же!

 

Қолда барда басып жүрген қонышын,

Өзгелерге сөзіңді айту борышың.

Жігіт болсаң, аялағын қарттарды,

Ұсын, көмек қол ұшын!

 

Табысыңа ауыл-аймақ сүйінсін,

Қолтаңбаң тек жақсыларға бұйырсын.

Алтын басың иілмесін, иілсе –

Ана алдында иілсін!

 

Ақтөбе

Осы аймақ жайнап әр кез жатса дедім,

Мен одан пейіштейін бақ көремін.

Жайылған атағы елге құтты мекен,

Мен бүгін перзентімін Ақтөбенің!

 

Қаламның ертеңіне ел сенеді,

Жасай берсін егемен, еңселі елі!

Қыз беліндей қайыңдар бұраңдаса,

Жас шыбықтар көшемді көмкереді.

 

Ағаштардың қуантып бүр жарғаны,

Жазғы кеште жастардың қызған бағы.

Айқара ашып қақпасын шақырады,

Ақтөбемнің саябақ, гүлзарлары.

 

Жаңылмайды ерте-кеш ән-күйінен,

Таныссың ба сен оның тағдырымен?

Жерге кілем жайғандай алуан гүлдер,
Жүріп өтсең, сен Абай даңғылымен.

 

Сұңғылалар бір сәтке тоқтай қалып,

Сонан соң тыңғылық іс бастайды анық.

Тұр әне, Әбілқайыр, Әйтеке мен

Әлиям кетсе-дағы тасқа айналып.

 

Ардагерлер бас қосып кешқұрымда-ай,

Қарайламай өтпейсің, басты бұрмай.

Мәңгілік алауы тұр даңғылында,

Батыр қыздың өшпейтін жастығындай!

 

Орындалып бар қиял бір кездегі,

Жоқты-барды өр халық бірге іздеді.

Шақырып имандылық жолына бір,

«Нұр Ғасыр» тұр жарқырап күмбездері.

 

Құрып мұнда сан ұлттар керегесін,

Көрсетуде татулық өнегесін.

150 жылдан астам тарихы бар,

Тауыса алман Ақтөбемнің кереметін.

 

Тұрақтамай уақыт та зулайды анық,

Алға ұмтылар еңбекпен тынбай халық.

Төбе деген кішірек атың ғана,

Сен биіктеп барасың шыңға айналып!

 

Сенің көзің

Қапаландық бекер біз,

Біргеміз ғой екеуміз.

Жазылмасын жұбымыз,

Қиындықтан өтерміз.

 

Күлші, кәне, сүйіктім,

Өзіңді аңсап жүріппін.

Жасартады махаббат,

Сен қызсың, мен жігітпін.

 

Мен бар жерде дір етпе,

Сағынышыңды үдетпе.

Көңіліміз әлі жас,

Қартаймайды жүрек те.

 

Өмір мынау сүйгенім,

Кейде қайғы, кейде мұң.

Маған бақыт сыйлайды,

Сен жанымда жүргенің.

 

Кетсең ұзап жанымнан,

Мен жолыңа табынғам.

Таусылғанда тағатым,

Барам іздеп соңыңнан.

 

Билегенсің сананы,

Сүйесің сен сенгенім.

Жүрекке от жағады,

Сенің мөлдір көздерің.

 

Қажет емес сөз деген,

Жүректі де емдеген.

Табысармыз екеуміз,

Түсінісіп көзбенен.

 

Көк мешіт

Тірілер, ойлан, сырды аңда,

Мойныңды бұршы құрбанға.

Осында ата-бабаң да,

Аруақтар жатыр бұл маңда.

 

Бағыштап Құран азаннан,

Жастарын сүртер жанардан.

Топырағы қалып тып-типыл,

Көптеген қабір жоғалған.

 

Сөзімнің айтсам астарын,

Билейді мені басқа мұң.

Мұсылмандығын ұмытпай,

Ұстасын дінін жастарым.

 

Басына түспей азап күн,

Отына күймей тозақтың.

Мейірімді әрі әділ боп,

Шығарсын атын қазақтың.

 

Мықтыны талай құлатқан,

Басың да қатар сұрақтан.

Кінәсіз, таза жан болсаң,

Табылар орын жұмақтан.

 

Бұл жерде күлме, қарсымын,

Өсиетім, айтар бар сырым.

Ренжіспейікші өмірде,

Сабындай қысқа қамшының.

 

Суық жел келіп үргенде,

Солады қурап гүлдер де.

Ерте ме, кеш пе келерміз,

Бабалар жатқан бұл жерге.

 

Толағай

Т.Досымовқа

 

Көп болды кезің сенделген,

Айқасып ылғи ездермен.

Қазақтың біткен бағына,

Дарын ең шыққан Дендерден!

 

Қайғысы болып сен елдің,

Оралмас жаққа жөнелдің.

Гитараң қалды иесіз,

Патшасы ең өзің өлеңнің.

 

Қанатың деуші ек талмасын,

Кім енді сендей жалғасын?

Шырқаған сенің әніңнен,

Теңселіп тұрды Алматың.

 

Отты жыр қанжар, алмас та,

Тыңдады ұйып жартас та.

Дос үшін отқа түсетін,

Жігіт ең нағыз марғасқа!

 

Салатын өнер — барыңды,

Жырларың қандай жалынды?!

Табылды деген бір ақын,

Көкте емес жерден табылды.

 

Осылай достар құптады.

Көп еді жырдан ұтқаның,

Шөктірді тілеулестерді,

Тым ерте ажал құшқаның.

 

Шындықтың қаны сорғалар,

Жүк болар ойың нарға бар.

Қырық бес жас па, тәйірі,

Жүз жасап жатыр «қарғалар»

 

Сужүрек, қорқақ қояндай,

Тынды іштен бәрі ой, Алла-ай!

Сал-сері ең, өзің айтқандай,

Ұйқыңнан қалдың оянбай.

 

«Кеудемде жатыр жарылыс,

Кәусарым — жырым қанып іш.

Сары ала күзде кеттім» дер,

Болармын елес, сағыныш!»

 

Сездіріп көңіл астарын,

Жауыңды жырмен жасқадың.

Сен жүрсең алуан жүректе,

Өлмеске қадам басқаның.

 

Сен ғана

Сүйем сені, басылмайды ынтығым,

Сезесің бе жүрегімнің дүрсілін?

Магниттей мені өзіңе тартасың,

Әп-әдемі кірпігің-ай, кірпігің!

 

Қанатындай құстың қара қастарың,

Бұлақ сынды таудан аққан шаштарың.

Жаным деген жиі естимін сөзіңді,

Қажеті не маған сенен басқаның.

 

Өзіңсің ғой сүйенгенім, сенгенім,

Ренжітсем, кешір, мен де пендемін.

Қос қарашық түсіндірер сөзсіз-ақ,

Қандай ғажап сенің мойыл көздерің.

 

Сезімдер ме — ұқсап ақ нұр, жаңбырға,

Сәби болам кейде сенің алдыңда.

Ризамын, ұзақ ғұмыр берсінші,

Сендей жанға жолықтырған тағдырға.

 

Болғанымен ойым озық, талап кең,

Суретшілік өнерім де жоқ, әттең.

Отырар ем іліп қойып тұсыма,

Портретіңе күндіз-түні қарап мен.

 

Жусан

Жазды мынау кеткен бе күз ықтырып,

Мезгілінің жеткенін де ұқтырып.

Ауыл маңы. Бәйге төбе келем мен,

Суық желге қарамай да пысқырып.

 

Балалық шақ еске түсті баяғы,

Таныстар көп, алдан құшақ жаяды.

Ей, халқым-ай, домалайтын той десе,

Жиналыпты қалмай тайлы-таяғы.

 

Жерім мынау кілем-шалғын жүрсең көк,

Азаматсың, ел қадірін білсең тек.

Жүрдік талай жеңіл-желпі қар кешіп,

Қалалық боп кеткенім бе бүрсеңдеп.

 

Қарттарым-ай, жас ұрпаққа кең көңілің,

Тілектерің керемет қой сендердің.

Теректей боп қайыспаған сындарға,

Мен де солай боламын деп дем бердім.

 

Таңың атып, қызғылт түсті батар күн,

Жолы бөлек кешкен әрбір сапардың.

Туған жерден бір түп жусан жұлып ап,

Иіскейін деп мұрныма апардым.

 

Қызылқоғам, шыққан сенен сан алып,

Құстай ұшам, естісем бір жаңалық.

Көк жусанның иісі бойға жайылып,

Жан сарайым кете барды жаңарып.

 

Сенен өсіп, қанат қақтым бүгінде,

Өзгеріпті келбетің де, түрің де.

Туған жерім — менің асыл мекенім,

Жүрегімнің сен жатасың түбінде!

 

Сол жылдарды келем әлі ұмытпай…

Қызға салған кезіміз ғой құрықты-ай,

Жігіт те едік онда біздер сырықтай.

Зулап уақыт өтсе-дағы арада,

Сол жылдарды келем әлі ұмытпай.

 

Айтқым келіп батыл саған ой да өктем,

Ауызды емес, жүрегімді сөйлеткем.

Топ ішінен көріндің сен сұлу боп,

Мен көз салған ең әдемі бойжеткен.

 

Кезі келер дегендейін тыңдармын,

Әдеп сақтап сездірмедің ызғарлы үн.

Арта түсіп құштарлығым өзіңе,

Сені барлық жігіттерден қызғандым.

 

Сезіміңді аша алмадым құлыптай,

Сен де жүрдің түсінуге тырыспай.

Содан кейін екі айырылып жолымыз,

Сыйласатын жай дос болдық туыстай.

 

Есімде әлі жастық шағың сол тұлға,

Құмар едік қызық қуып, жортуға.

Тарта бердік бұрылуға жоқ шама,

Өмір атты ілесіп ап толқынға.

 

Өсіп-өндік теректейміз саялы,

Жарқын күндер алдан құшақ жаяды.

Қызға ғашық болған сәттер алғашқы,

Анда-санда ойға түсіп қояды.

 

Қарлығаш

Ауыл жақтың құлақта үні кілең,

Есте қалды сол жылдар шырынымен.

Құрбақаның даусымен көз ілуші ек,

Бозторғайдың оянып шырылымен.

 

Тарих еді-ау жас ұрпаққа жатталар,

Қазір онда тұратындай басқалар.

Баяғыдай еркіндік те жоқ мұнда,

Қайда барсаң, қарсы алдыңда тас қамал.

 

Біреу артық тиын берсе мадақтар,

Пейіл де тар, ашылмайды қабақтар.

Жасыл шалғын, қайда ол қазір ертегі,

Үй жанында қурап қалған ағаштар.

 

Ескермейік десек-дағы назарға ап,

Сараң жандар дәл осылай сазармақ.

Күйініп жүр қыруар қаржы кетті деп,

Қала жақтан келген еді базарлап.

 

Асырам деп өзгелерден айласын,

Қара бастың ойлаған тек пайдасын.

Адамдардан дәл осындай түңіліп,

Кеттің бе екен, қарлығашым, қайдасың?

 

Жатса да өмір күннен-күнге гүлдене,

Саған қамқор бола алмадық біз неге?

Балапандар шығарушы ең сары ауыз,

Шаңыраққа ұя салып шілдеде.

 

Өзен-көлге бара қалсаң жақындап,

Аққу, қаз жоқ, айналасы тақыр бақ.

Шағалалар орнына сауысқан,

Қарға қарқ-қарқ, тоқ-тоқ етер тоқылдақ.

 

Тақтан тайып ақыл айтқыш езбелер.

Пендеміз ғой, ойымыз да жөнделер.

Қарлығашым, мекеніңе оралшы,

Пиғылымыз, бәлкім, сонда өзгерер!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button