Жаңалықтар

Талапты бұзғандарға айыппұл салынуда

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 426 жағдай тіркелді. Оның 244-і Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — облыс аудандарында. Бүгінде аурушаңдықтың өсу  деңгейі 1,8 пайызды құрап отыр.

Бұл туралы кеше облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің бас маманы Әсия Тржанова тікелей эфир барысында баяндады.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, жалпы облыста бүгінге дейін коронавирус инфекциясы бойынша 23691 жағдай тіркелген. Соңғы тәулікте қауіпті індетті жұқтырған 426 адамның 59-ында ауру белгілері байқалмаған. Соңғы үш айда жүргізілген сараптама нәтижесіне көз жүгіртсек, маусымда — 776, шілдеде — 4757, ал тамыз айындағы 19 күннің ішінде 6912 жағдай тіркеліп отыр.

Қазіргі таңда үй карантиніне 9171  адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

— Облыс бойынша мобильді мониторингтік топ өкілдері карантиндік шектеу шаралары бойынша  рейдтік тексерулер жүргізуде. Оның ішінде бетперде тағу режимі, әлеуметтік қашықтықты сақтау, басқа да эпидемияға қарсы іс-шаралар бойынша жұмыстар жалғасуда.

Биыл мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес анықталған құқықбұзушылықтар үшін 70 миллионнан астам теңге көлемінде 660 айыппұл салынды. Соңғы аптада шектеу шараларын бұзған бірқатар кәсіпкерлерге айыппұл салынды. Атап айтсақ, салтанатты іс-шаралар өткізгендері үшін «Думаш», «Ақ босаға», «Жұлдыз», «Манас», «Ақ желең», «Асылжан», «Бәйтерек», «Үйсін», «Нұр», «Дулат» мейрамханаларына, бетперде режимін сақтамағандары үшін «Кутузовский» кіші маркетіне, «Садақ» дүкеніне, «Word class» жаттығу орталығына, сондай-ақ карантин режимін сақтамағандары үшін «Золото» караоке кафесіне және «Мега планета» дүкеніне айыппұл салынды, — деді Нұрсұлу Беркімбаева брифинг барысында.

Жалпы, пандемия басталғалы 17895 науқас індеттен жазылып шыққан. Қазіргі таңда облыстағы инфекциялық ауруханаларда 1268 адам ем алуда. Жансақтау бөлімшелерінде 97 науқас бар.

— 368 балаға Covid-19 диагнозы қойылды. Қазір оның 17-сі стационарларда ем алуда. Бүгінде барлық кереует саны — 3603.  Инфекциялық кереует жүктемесі 68,5 пайызды құрап отыр,— деді Әсия Тржанова.

Ақпан айынан бастап вакциналау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Облысқа барлығы 506990 доза вакцина жеткізілген. Бүгінде екпенің бірініші компонентін —265221,  екінші компонентін 203 688 адам алған.

Брифинг соңында тікелей эфир арқылы тұрғындардан келіп түскен сауалдарға жауап берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button