Жаңалықтар

Еңбеккерлерінің 96 пайызы екпе салдырған ұжым

Ақтөбедегі хром қосындылары зауытының ұжымы түгел дерлік коронавирус дертіне қарсы вакцинация алды.

Бүгінгі күні аталмыш зауыт еңбеккерлерінің 96 пайызы коронавирус індетіне қарсы екпе салдырған. Өзгелері дәрігерлердің кеңесімен, яғни денсаулық жағдайының көтермеуіне байланысты ғана екпе салдыра алмапты.

Өткен жылы пандемияға байланысты қиындықтар салдарынан, сондай-ақ жөндеу жұмыстарына байланысты зауытта біршама уақыт жұмыс тоқтаған. Бұл, әрине, еңбеккерлерге оңай тимеді. Ал енді жұмыс қайта жанданып, цехтар іске қосылған уақытта, еңбеккерлер індеттің өршуіне, өз араларынан қауіпті дертті жұқтырушылардың шығуына байланысты тағы да уақытша жұмыссыз отыруға мәжбүр болғылары келмейді. Осы себепті олар елімізде коронавирус індетіне қарсы вакциналау науқаны жарияланысымен-ақ ерікті түрде екпе салдыра бастаған.

Ақтөбе хром қосындылары зауытында 2200-ден астам адам еңбек етеді. Яғни мұндағы жұмыстың кідіріссіз жүруі осынша отбасының игілігін қамтамасыз етеді. Сондықтан жұмысшылар алып-қашпа, негізсіз пікірлерге ермей, ең алдымен, өз денсаулығы мен отбасыларының игілігін ойлап отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button