Жаңалықтар

Іс қайта қаралмайды

Экология

Сот экологияға келтірген залалы үшін «Парижская коммуна» ЖШС-на 7 миллиардтан астам теңге төлеуді міндеттеді.

Облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында атап өткендей,  «Парижская коммуна» ЖШС облыстық сотқа аппеляциялық шағым жасаған. Онда аталған ЖШС  қоршаған ортаға келтірген экологиялық  зардабын  өтеу мақсатында 7 миллиард 27 миллион теңге айыппұл төлеу керек деген экология департаментінің ұйғарымына қатысты шағым түсірілген.

7 шілдедегі сот қаулысы шағымды қанағаттандырған жоқ. Енді жоғарыда аталған соманы  мәжбүрлі  түрде өндіріп алу үшін іс облыстық әділет басқармасына жолданды. Қазір әділет департаментінің қаулысына сәйкес атқарушылық әрекетті жүзеге асыру үшін  шаруашылықтың мүлкі хатталып жатыр.

«Парижская коммуна» ЖШС әділет департаментінің  лауазымды қызметкерлерінің атқарушылық әрекеті үшін  сотқа шағым түсірді. Соған байланысты келтірілген залалды қалпына келтіру  үшін ұсынылған соманы өндіріп алу жөніндегі сот шешімі уақытша тоқтатылды.

— Экология департаментінің талабы бойынша шығарылған Арнаулы мамандандырылған экономикалық соттың шешіміне сәйкес  қоршаған ортаны  эмиссиялауға   берілген рұқсатынан айырылуына байланысты ЖШС-ның бірқатар өндірістік және әкімшілік бірлігінің жұмысы құқықбұзушылық жайттары қалпына келтірілгенше  тоқтатылды, — деді облыстың бас экологі.

Нұржан Аққұлдың айтуынша, Бестамақ ауылының  тұрғындары ЖШС-ның  соттың тыйым салғанына қарамай, суды ластауын тоқтатпай отырғаны жөнінде үндеу  жасаған. Соған байланысты 31 мамыр мен 11 маусым аралығында жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, қай жерді ластағаны анықталып, бүлінген участок аумағы өлшенген, тиісті сынама алынған.  Тексеріс нәтижесі кәсіпорынның өндірістік суды алдын ала тазарту жұмыстарын жасамай,  таза аумаққа төге салғанын көрсетті. Ал ол өз кезегінде кешен аумағындағы жер учаскесінің бүлінуіне әкеліп соқтырып отыр.

Осыны анықтаған департамент әкімшілік шара қолданып, жалпы сомасы 291 700 теңге айыппұл салған. Сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залалдың мөлшері анықталып, оны қалпына келтіру үшін 499 565 теңгеге ұйғарым берілді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button