Жаңалықтар

360 бүлдіршінге базарлық

Ақтөбедегі «Анвар» дүкендер желісінің иесі Талғат Салфиковтың соңғы жиырма жылда Ойылға жасаған тартуы көп.

Аудан көлемінде өткен әртүрлі шараларға үнемі үлес қосатынын айтпағанда, Ойылдың бір көшесін асфальттап, спорт алаңы мен саябақ салып, мұның игілігін ел көріп отыр. Туған жерін түлету  мақсатында тамшыдай үлес қосуды перзенттік парызы санайтын бизнесмен ағамыздың былтырғы тартуы тіпті бөлек болды. Аудан орталығынан сәні мен салтанаты жарасып, сәулеті мен дәулеті ұштасқан балалар музыка мектебінің ғимаратын тұрғызды.

Әлемді әбігерге салған пандемия кезіндегі қамқорлығы тағы бар. Көктемде ғана Ойылда100 отбасына 2 миллион теңгеге азық-түлік себетін берсе, бүгінде тағы 360 бүлдіршінді қуанышқа кенелтіп отыр.

Бұл — биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге арналған базарлық. Бұл базарлығының да жалпы құны 2 миллион теңгеден асады. Яғни оқушы сөмкесінің ішінде бірінші кластың оқушысына қажетті мектеп құралдарының бәрі бар. Күнделік, әртүрлі дәптерді айтпағанда, түрлі-түсті бояу, сызғыш, өшіргіш сияқты ұсақ-түйекке дейін ескерілген. 360 сөмкенің 185-і — ұл балаға, 175-і қыз балаға арналған. Бұл — аудандағы биыл қоңырау үнін алғаш рет естігелі отырған оқушылар саны.

Белгілі меценаттың жолдаған базарлығы аудандық білім бөліміне табысталды. Ал білім күні бірінші сынып оқушыларына табысталмақ.

С.ХАМЗИН,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button