Әдебиет

Біз жақта

 Сәтжан ДӘРІБАЙ

Біз жақта күн бораса құм көшеді,

Ши сыңсып жусанменен тілдеседі.

Өркеш-өркеш шағылдар дөңгеленіп,

Ортасына тал, жиде бірге өседі.

 

Біз жақта құлаш қазсаң су шығады,

Ерінді кебірсітер күн шуағы.

Шекшек ата астауды малшыласа,

Жарықтық жылқы ішпей қырсығады.

 

Көктемде бізде інген бошалайды,

Басқа түлік болмайды онша қайғы.

Малына биік жерге қора салып,

Үйлерін құм басад(ы) деп қоршамайды.

 

Түзде аң, қорасынан мал өреді,

Шілдеде көлеңке деп тал егеді.

Күн сүйген құмы алтындай жылтырайды,

Ай сүйген ауыл қандай әдемі еді?!

 

Біздің ел құмға түсіп емделеді,

Пейілі ағайынның кең келеді.

Құмыңа кіндігімнің қаны тамған,

Өзіңе қандай мекен тең келеді?!

ЫҢЫЛ

Ыңылдап құм ішінде қоңыр әнді,

Шалқарда жиде терген оғыланды.

Ақтөбе тас үйіңе қамап қойдың,

Мінілмей елде қойшы торы қалды.

Қырық үш күн кемдіктің кесірінен,

Қапасқа түскен біз бір Қобыланды.

 

Дауысың болмағасын қыз мақтаған,

Оңашада әдемі ырғақ табам.

Қойшы торы қарайды аңтарыла

Алжа-алжа түріме күн қақтаған.

Жалғыз қалар жер де жоқ бұл қалада,

Зиялы боп жүресің жын қақпаған.

 

Ыңылдайтын жұқты екен қылық қашан?

Құс қайтатын кез еді ұмытпасам.

Мен бір күні қапастан ұшып шығам,

Тайбурылдың қанатын қырықпасаң.

Қалада қатып қалған көңілімді,

Ауылға алып барып жылытпасам.

 

Ақтөбе күнің ыстық, суың мұздай,

Сыр бермейсің қылығы қиын қыздай.

Көз ілсем бұйра құмға аунап жатам,

Жүргенмен шалбарымның қырын бұзбай.

Отқа айдаса айналып боққа қашар,

Шыбын жанға шынды, Алла, ұғынғызғай.

 

Құс қайтқанда өзгерер ағам қызық,

Мінезде болмай тұр-ау табандылық.

Аспан жақтан құс жолы көрінбейтін,

Қалада қызық емес қараңғылық.

Жиде теріп түсінде жүрген ұлды,

Ақтөбе алар таңда ояндырып.

КӨЗ ЖАСЫ

Өзгерген бе құндылық өмірдегі?

Мөлдірейді қарашық көзіңдегі.

«Жігітсің ғой, жылама!»

Бала кезде

Естімеген, білмейтін сөзің бе еді?

 

Ащы өксікке толған ба «тұлып» денең?

Намыс бар десе ондайда күдіктенем.

Маған солай үйреткен көкбет тағдыр:

«Көз жасын көрсетпейді жігіт деген!»

 

Мұңға қонса көңілдің құсы барып,

Өзгертпейтін кемсеңдеп түсін анық.

Мен білетін жігіттер сыр бермейтін,

Жылайтыны болмаса ішіп алып.

 

Жусанға айтып қайғысын құр түңіліп,

Отырғанда құтқарып қыршын үміт.

Оңашада көз жасы тамған болар,

Мөлдіреген моншағын құм сіңіріп.

 

Менмендік пе, намыс па ұға алар кім?

(Абыройды Құдайдан сұрағанмын).

Қазіргілер жай ғана айта салад(ы),

«Толқыды да көңілім жылап алдым».

 

Өзгерген бе құндылық өмірдегі,

Осыдан ба ер ұрғашы сезінбегі?

Менің тастай намысым өліп барад(ы),

Тамшы жасқа тұншығып көзіңдегі.

СЕНСІЗ ҚАЛУ

Өлім дейді қорқынышты ел үшін,

Есіне алса теріс киер кебісін.

Сенсіз қалу мына жарық жалғанда

Өлімнен де қорқынышты мен үшін.

 

Тұл тіршілік араласып сағымға,

Табанымнан жер қозғалған шағымда.

Қыл көпірдің қияметін көрсем де,

Қорықпаймын сен бар ғой деп жанымда.

 

Бақыт сонда екендігін сезіне,

Рахат өмір елестесе көзіме.

Сені тастап сол жұмаққа кете алмай,

Айналшықтап қайтып келем өзіңе.

 

Мағынасын өмірімнің енді ұқтым,

Құны тиын еркіндіктің, теңдіктің.

Бір сен үшін жаралыпты дүние,

Өзің үшін мен туыппын, сендікпін!

 

Өлім дейді қорқынышты ел үшін,

Ажалға да беріп қойдым келісім.

Менсіз фәни, сенсіз бақи болмаса,

Сол болады жалғандағы жеңісім.

БАУЫР

Бір әке мен бір шешеден туғасын,

Сынамайсың мінезі мен тұлғасын.

Саған жақсы болсыншы деп жаныңды

жүдетсе де айтатын сол турасын.

 

Қисық тағдыр қарағанда қырындап,

Ит өмірің балақ қапса ырылдап.

Арашаға салып барын қолдағы,

Сол бауырың жүгіреді шырылдап.

 

Жаман басқа қонған кезде жақсы бақ,

Бақыт бұлттан нұр жауғанда тамшылап.

Көбейсін деп қуанышың еселеп,

Сол бауырың жүгіреді шапқылап.

 

Мәз-мейрам боп шыққан гүлге қылтиып,

Көшедегі бар жүрекке нұр құйып.

Бақытты боп жүрген кезде ұмыт қап,

Сол бауырың отырады бұртиып.

 

Ренжітіп алса өмірде өтпелі,

Сақтамайсың ұзақ уақыт өкпені.

Еске түсер сыздағанда балтырың

Сол бауырың мейірімін төккені.

 

Көтерісер жеңіл менен ауырын,

Бұл өмірде арқа сүйер алыбың.

Өзі берген, өзің таңдай алмайтын

Баға жетпес байлық — туған бауырың.

АЛТЫН МЕН БАҚЫР

Салт-дәстүрін қадірлейді ел көктейтін,

Азаматтан тарайды асыл тек дейтін.

Бала кезден көріп өстік, біз жақта

Ер адамның алдын кесіп өтпейтін.

 

Ұлттың, елдің ұйытқысына балайтын,

Отбасының бәйтерегі санайтын.

Тоқсан сөздің тоқетерін айтарда,

Ел абызға, әйел ерге қарайтын.

 

Елу жылда жаңарды ма ел деген?

Көзім көрді, құлағыма сенбегем.

Билік, мансап қуған кәрі қыз шықты,

Қатын шықты тайталасқан ерменен.

 

«Байтал шауып бәйге алса» бағың ба?

Кей ошақтан жоғалды ана, жарың да.

«Алтын» басты ханым қазір көбейді,

Бақыр басты досым соның жағында.

 

Жалғызбасты ана бұзды сәнімді,

Жолдан бала табу болды «сән», «үлгі».

«Қатын қазан қайнататын» долданса,

Қазір менің қайнатып тұр қанымды.

 

Әзәзілдің үлгісі осы, арбайды,

Тұқым азса тегіңді кім жалғайды?

Азаматым бір күн үшін сақтаған,

Бір түн үшін сәлемімді алмайды.

 

Салт-дәстүрін қадірлейді ел көктейтін,

Ер адамның алдын кесіп өтпейтін

Біздің жақта, ұмытпайық осыны,

Азаматтан тарайды асыл тек дейтін.

АНА

Досым Айбар Уəлиге.

(Боқ жиғанға өмір деген күресін),
Құлпытасқа жазылғанда бір есім.
Көңіл айттық. Түсінген боп дос жанын,
«Өз басыңа түскен кезде білесің».

 

Деді досым. Қоштасарда қол қысып,
Кірпіктерде содан қанша тоңды шық?!
Күресінде жүрміз əлі бұйырған
ризық теріп,
боқ кеміріп,
сорды ішіп.

 

Бала-шаға шулауынан ұлардай,
Осы күзде сақтап қалды бір Алла.
Өкпесі өшкен қырық төртті шұбатпен
Жетпіс жеті бағып кетті бір айдай.

 

Сонда ұқтым дос сөзінің жұмбағын,
Өмір қанша игенменен сынбадың.
Ізгілікті жүрегіңнен алдым да,
Мейірімді жанарыңнан ұрладым.

 

Күні кеше. Ұзатып сап анасын
Тұрған досқа көңіл айттық. Жарасын
жазбағанмен қасіретін түсіндік,
Жасырады бізден көздің қарасын.

 

Қатал өмір алып қойған есеңді,
Қайтаруың мүмкін емес, кеш енді.
Бейуақта құлыныңды құшақтап,
Үнсіз ғана сағынарсың шешеңді.

АУЫЛ

Шөбі сирек, құмы ирек жер еді,
Қызы сұлу, жігіттері өр еді.
Сол ауылда еркелеу боп ержеттім,
Мен əжемнің баласы едім себебі.

 

Бақытты еді Жылтырдағы балалық,
Жүруші едік қыста ғана ағарып.
Үш-ақ арна көрсететін ауылда,
Кітапхана кітабы еді бар азық.

 

Қой айырып жарығымен іңірдің,
Бұйра құмда жалаң аяқ жүгірдім.
Тəрбиені əжем берді,
Рухыма
Қажеттіні топырақтан сіңірдім.

 

Жаны жайсаң жандар еді тұратын,
Ақсақалы айтқаныңды ұғатын.
Ортаға алып Сəрсенбайдың құдығын,
Келіншектер мəслихат құратын.

 

Сонда қалды қозғаған қыз сезімді,
(Сағындым ба бүгін бала кезімді?)
Сол ауылға барған сайын көшеден,
Құмда ойнаған көріп қайтам өзімді.

 БІР КҮНІМ ӨТТІ

Ақшамның сұсы буындырғанда жарығын,
Бір күнім өтті, қадады түнек қазығын.
Жазылмай қалған жырымды түнде тыңдайды
Қазылмаған қабірім.

 

Тербеліп жатам төсеніш қылып өлеңді,
Жыр сүйіп жарық күн сүйген тықыр төбемді.
Шапақпен бірге түнектен шығам сүйретіп,
Көмілмеген денемді.

 

Беймаза таңмен оянар тағы бір күнім.
Ақ бөзбен орап лақатқа көмген шындығын
Жалғанның өлмес мейіріміне жылынам,
Өлеңмен жамап сұмдығын.

 

Келеді дейсің ажалдан басқа ұрын кім?
Туу мен өлу ақиқат, соны ұғындым.
Таңы шуақты, тал түсі аптап, кеші арай,
Түні тымырсық ғұмырдың.

 

Тігінші-тағдыр фəниге қанша жас піштің,
Ұшатын сәті мөрленіп тұр ма ақ құстың?
Ақ құспен бірге аппақ жыр ұшар,
Қазақтың
дейтін күнінде жақ түсті.

 

Жылусыз тəнде жазусыз өлең қалады,
Айсыз аспаннан сол күні жұлдыз ағады.
…Топырақ бетін шимайлап тағы отырмын,
Бір күнім өтіп барады.

ТУҒАН ЖЕР

Қарт Мұғалжар алаңсыз дем алады,
Қойнауынан Ойыл мен Жем ағады.

Жоталардың төбесін аймалайды,

Ақша бұлттар — Жібектің орамалы.

 

Сағыныш боп Ұлықұм шөлдетеді,

Баурайын Шалқарым тербетеді.

Сексен көлге сән берген сұлу Ырғыз,

Көктем келсе Мәнідей бойжетеді.

 

Қырларынан жел емес ескен өлең,

Жарқамыстан бұлт емес көшкен өлең.

Ақбота-Сәңкібай мен Доңызтауым,

Құпиясын Үйтаспен кестелеген.

Беліне Жәннат бақ боп түлеп жатқан

Кілем жайған, қырына кілем жапқан.

Ерлері жеріме жау келмесін деп,

Ел шетін табанымен тіреп жатқан.

 

Көкжиегін күн қимай отырады,

Тасынан тарих сыры оқылады.

Құмы алтын, суы нұр, қыры көркем,

Жер ұйығы — Ақтөбе топырағы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button