Әдебиет

Көңілдің көл дариясы

 

Базарбай ИМАНОВ

Көңілдің  көл дариясы толып тасқан,

Десем де арманым жүр жолықпастан.

Асау көңіл, тайбурыл жыр жолдарын,

Келемін ертелі-кеш жонып тастан.

 

Мұндалап қол бұлғайды жырдың басы,

Жүректен саумаланар сырдың тасы.

Арпалысып өтейін ізденіспен,

О, тағдыр, үміт — қанат сындырмашы.

 

Әлемдегі қазақтың өз тірегі,

Атамекен Алатау көз тігеді.

Қол бұлғаса айып па барлығы да,

Өңірінен өрбіген өз түлегі.

 

Жабығымды жыр болып жел түреді,

Қос ішек күйге келсе шертіледі.

Туған жер — асқан әнім, мені өлтірсе,

Жыр-қалам найза болып өлтіреді.

 

Бойыма ырың бермей ар ағындар,

Атажұртты сағынған талабым бар.

Бәрін де қиып тастап кетер едім,

Артымда еңіреген Аралым бар.

 

Ой-қырдың, ішкі өзіндік ызғары бар,

Ел үшін азаматтар мұз жамылар.

Демі ыстық, тұзы ауыр бұл өлкенің,

Десе де, қиылған қас қыздары бар.

 

Мені жай шуылдаған қоймас ағын,

Елестеп бермес тыным ойға сағым .

Түбінде туған елге өлең-жырмен,

Бір жетіп қоныстанып, жайғасамын!

 

Күз-құрық

 

Келіншек қайың шешініп,

Салыныпты ерте күз-құрық.

Қараймын қимай тесіліп,

Жүрегімде сыз тұрып.

Жыр-жолдар жатыр есіліп,

Даланың бауы шешіліп,

Бойыма барар мұз кіріп.

Келіншек-қысқа тұсалып,

Қойнына кіріп мызғыдық.

Саратан-қыздың құшағы,

Жанымды барад қыздырып.

Құриды менің амалым,

Танытса маған қыз қылық.

Жүрегімнің қамалын,

Алайын бір сәт бұздырып.

Көрдік қой талай белеңді,

Сананы қойған мұз қылып.

Жүрегімнен өлеңді,

Берейін, халқым, шыжғырып.

 

Бабамның жері

 

Ақтөбе жері, батырлар жері аңсаған,

Осы жер үшін талай ерлер шаршаған.

Қадірін біліп, ұлықтаймын даламды,

Менің үшін аса қымбат әр қадам.

 

Мұнда жатыр бабамның талай іздері,

Мұнда жатыр әулиелер тізбегі.

Ұрпақтар үшін сан майданда күресіп,

Ұрпақтар үшін у мен қосып тұз жеді.

 

Дедің бе екен борышымды өтейін,

Келешек деп кескіленді көкейің.

Ұлан-ғасыр, ұлан-байтақ жер берген,

Аруағыңнан айналып бір кетейін.

 

Санаң бөлек, сан ғасырлық сар маржан,

Жеткермейді жетегінде тар жалған.

Сенің басып кеткен ізің нәр беріп,

Жүрегімде жарқылдаған әр қалған.

 

Батысыңда көккөз сары алып бар,

Шығысыңда қысық көзді халықтар.

Әлем көзін қамастырған ортада,

Пайғамбардың нұры түскен жарық бар.

 

Сол жарыққа жарасатын анық біз,

Ортасында бейне болып қалыппыз.

Бабалардың ұлан-ғайыр ордасы,

Нұрлы, жарық Қазақия халықпыз.

 

Басқа пәле тілден

 

Халық айтқан «басқа пәле тілден» деп,

Тіл дегенің жер бетінде мүлдем көп

Өз ұлтының тілін еркін сөйлемей,

Өз еліңде  жүру күнә дірдеңдеп.

 

Өз тіліңнің түсінбесең түбірін,

Ел алдында естілмейді дүбірің.

Өзге тілде шешендіктен не пайда,

Өз тіліңнің көтермесең тұғырын.

 

Туған тілің — азаматтық намысың,

Намысыңды қорғау ол да табысың.

Туған елде хан сайланса туған тіл,

Күрескені әр азамат ар үшін.

 

Көсемдікте, шешендікте тілменен,

Талай дауды әділ сөзбен күрмеген.

Оты сөніп  бара жатса елінің,

Алмас тілмен Бабам отын үрлеген.

 

Туған елде, туған тілім қинады-ау,

Әр адамға парыз оны бұйдалау.

Өз елінде сөйлемеген өз тілін,

Көрер көзге өз Отанын сыйламау.

 

Тілсіз халық ел болмас

 

Құрметтесең ұлтыңды,

Көтергенің жұртыңды.

Сөйле туған тіліңде,

Өзге тілің біртүрлі.

 

Айналайын қарағым,

«Тіл» деп, кепсін тамағың.

Ана тілдің жолында,

Қатулансын қабағың.

 

Ұстай білсең тіліңді,

Ұстағаның  дініңді.

Тілсіз, дінсіз ел болмас,

Екендігі білінді.

 

Тілсіз халық, ел болмас,

Тілін білмес ем қонбас.

Жанашыры тілімнің,

Көтерейік, кел қолдас.

 

Кешігуге хақың жоқ

 

Өз елімде өркендеген өркенім,

Өз елімде еркелетер ерке күн.

Өз елімде шартарапқа шарқ ұрып,

Өз елімнің мұңын, жырын шертемін.

 

Өз тіліңнің ойлай қойсаң ертеңін,

Тіл-ағашты шайқалтпайды жел тегін.

Тілге-қадам, тіл-нысана, тіл-тұғыр,

Тіл-сапарда төгілмейді тер тегін.

 

Тіл тағдыры тұтанып тұр, өрт елім,

Тілдің мұңы өзегімді өртедің.

Өз еліңде алшаң басып жүре алмай,

Таба алар ма Баба тілім дерт емін.

 

Жоңғар-тілге қарсы шапқан мерт ерім,

Туған тілім, неғылған сен дерт едің.

Нағыз қазақ, қазақ емес — домбыра,

Күй шалқытса тітіркентер «Серперім».

 

Жұтқан ауаң, ішкен суың, жер тегін,

Тіл-тұлпарға мінсең, қалқам, ерте мін.

Сөйле бүгін, кешігуге хақың жоқ,

Ертең саған дес бермейді келте күн.

 

Жүрсем де көп жерлерге

есем кетіп…

 

Жүрсем де көп жерлерге есем кетіп,

Келемін, көк есекпен тепеңдетіп.

Есемді қайтарам деп ұмтылмаймын,

Қоямын сап көңілді бәсеңдетіп.

 

Маған енді керегі ерегес па?

Ерегес өрге сүйрер керек іс пе?

Есемді алып берер, сенетінім,

Жасаған Тәңір деген шебер ұста.

 

Сол үшін бармаймын мен асылыққа,

Таба алмайсың пайданы асығыста.

Тоқшылықтың дәмін ұзақ тату үшін,

Зардабын көру керек ашығып та.

 

Ислам жолы

 

Ислам жолы — тура жол мұсылманға,

Құран Кәрім ұшырар құсыңды алға.

Имандылық, ынсапты бек ұстасаң,

Алып шығар бір Алла қысылғанда.

 

Қай істе де көрсетсең төзімділік,

Қиналсаң, сабыр сақтап өзің біліп.

Алланың сынағына белді бусаң,

Аржағында тұрады көзің күліп.

 

Сынақ үшін уақытша ғұмыр-жалған,

Ғұмыр-жалған өтеді қыңырланған.

«Адамның басы Алланың добы» деген

Сондықтан да басымыз жұмыр болған.

 

Рахат өмір, біреуге азап мұнда,

Небір түрін көресің ғажаптың да.

Жәннаттың рахатын көру үшін,

Отына күю керек тозақтың да.

 

Дүниеқоңыз

 

Дүниеқоңыз алдыңда жортады екен,

Мен соны қуалауға шорқақ екем.

Артық  дүние көрсе сахабалар

О, дүниелік несібем деп қорқады екен

 

Абзалы дүние малға қызықпаған,

Қызықсаң жасағаның бұзық қадам

Қиқулап қуа бермей, ынсап шақыр,

Жүргенің өзіңе жәй, мысық табан.

 

Байлық қуу,

қызығу,

бөтен ұғым,

Шүкірмін де, қайғысыз тепең күнім.

Пендеміз ғой,

біз осы білеміз ба?

Дүние-малдың бір жұттық екендігін.

 

Бақыт

 

Бақытыңды күтесің бе тік тұрып,

Күте білу,

Төзе білу —

Мықтылық.

Айлы түнде, жалғыз ағаш түбінде,

Қыздардай-ақ,

Қояр сені күттіріп.

 

Бақыт — мұрат,

Сенбе, мейлі

Сен, мейлі,

Жөнсіз жолмен, желмаядай желмейді.

Мен білетін бақыт болса баяғы,

Қыз секілді, уақытында келмейді.

 

Тағат таппай, көңілдің кеп толғағы,

Қиялдайсың бірде жортақ, жорғаны

Боксшының жұдырығы секілді,

Ара-тұра жалп еткізсе болғаны.

 

Бақыт, білсең, қол жетпейтін жұптылық,

Төзім.

Сабыр… күтесің тек нық тұрып,

Бақыт саған келген кезде, шыдатпай.

Тасқан судай алып кетер ықтырып,

 

Байлық

 

Кенелмедім,

Бөгелмедім байлыққа.

Деп шалқайма, місе тұтпай айлыққа.

Ұлан-асыр болмасада көл-көсір.

Ара-тұра келіп қалса,

Қаймықпа.

 

Байлық деген,

Қолдың кірі қалатын.

Көрген кезде, көздің жауын алатын,

Мәңгілікке жолдас емес ол саған.

О дүниеге бірге алып баратын.

 

Байлық деген,

Қызыл түлкі жеткермес.

Атпен қуып оны ешкім бөктермес,

Жетіп алып қанжығаға байласаң,

Оны да ешкім, жек көрмес.

 

Қызыл түлкі байлық десе, бөгелді ой.

Талай адам одан опық жеген ғой,

Арам дәулет — озбырлықтың мекені.

Аса байлық көз шығарар деген ғой.

 

Аса байлық, иман жолын көрмейді,

Сап-сап, көңілім, оған ырық бермейді.

Асып-тасып  миллиардер атанып,

Шетел  асып, қашып кеткім келмейді

 

Дара  жол

 

Ислам жолы — дана жол,

Жәннатқа барар дара жол.

Кешіре гөр, күнәмді,

Бір Алла, өзің пана бол.

 

Ислам жолын ұстадым,

Имандылық  ұстаным.

Кешіре гөр, күнәмді,

Өмірдің көріп қыспағын.

 

Алдыға қойған бес парыз,

Мұсылманға бек  қарыз.

Орындасаң Аллаға,

Жәннатқа дей бер кетті арыз.

 

Ақтөбем

 

Қара Қыпшақ Қобыланды, Есет батыр жатқан жер.

Әбілқайыр, Бөкенбай мекендеген мақтан жер.

Сағи, Бәкір, Тахауи, Жұбановтар жарқ еткен,

Ақтөбедей ұлы елге, бақыт дәулет аққан жер.

 

Ақтөбем менің Ақтөбем,

Халқы жомарт ақ берен.

Алысқа кетсем сағынып,

Өзіңді аңсап шақ келем.

 

Қайсарлықпен шыныққан, сендегі мынау сап дене,

Әлия батыр қызың бар, отырған елің бақ көре.

Басқан жерің төгілген, несібелі, ырысты,

Бүкіл қазақ халқына Астана болар Ақтөбе.

 

Уақыт жетті күнәлардан арылар

 

Есебі жоқ байлық беріп арбаған,

Сынақ үшін жаратылған бұл заман.

Шаша берсек, халықтың мол байлығын,

Заман келер, бәрін тұтас жалмаған.

 

Тура жол деп, ібілістің жетегін,

Ере берсең, жабылмайды етегің.

Мұсылмандар, ислам жолы тұрғанда,

Қалайсың ба, тозақ болғанын «кетегің».

 

Мол байлық қой, келе жатқан ғасырда,

Ішің тұрат,  ысырапқа ашынған.

Өз үйінің, өзі тонап дүниесін,

Қандай күнә басқа жаққа асырған.

 

Ібілістің жетегінен босанып,

Бас бұрсаңыз, имандылықты хош алып.

Шашылғаннан, елге шашып ет зекет,

Ел алдында жүру үшін жасанып.

 

Уақыт жетті күнәлардан арылар,

Асығыңдар! Аспан бір күн жарылар.

Бір-біреуге, қарамайды ол  күні,

Өзі үшін жауап беріп сабылар.

 

Әй, мүміндер, бүгін  сенде мүмкіндік,

Неге сонша, ғибадатқа іркілдік,

Иман жолын бұл фәниде пайдалан,

Өмір деген өтер-кетер бір күндік.

 

Орамал

 

Орамалды тартып жүр,

Алланың сүйген құлдары.

Құлшылығы артып жүр,

Жүрегінде нұр бары.

 

Әурет жерді жасыру,

Қыз баланың парызы.

Ашылу мен шашылу,

Тозақтың болған дәлізі.

 

Алланың жолын пәк деген,

Имандылықты ұстанған.

Кейбіреулер әттеген,

Сөз айтады тұспалдан.

 

Орамал ғой ашатын,

Қыз баланың ажарын.

Орамал көрсе қашатын,

Не көрінді қазағым?

 

Бұрынғы өткен әжелер,

Орамал, жаулық тартынған.

Ел болам десең түзелер,

Бұзылма, халқым, салтыңнан.

 

Садақа

 

Пендесіміз Алланың, шүкір дейміз бергенге,

Жарқыраған әлемді, тәубе етеміз көргенге,

Зағип жандар қаншама, естімейтін қаншама.

Қол-аяқсыз адамдар, зерделеп көр зердеңде.

 

Аяғың бар, қолың бар , шүкіршілікпен серуенде,

Алла қырын қараған ібіліске ергенге.

Сынақ үшін байлықты үйіп-төгіп тастаған,

Ұмтыла берме сол үшін жылтырақты көргенде.

 

Байлығың бойға тарайды адал термен тергенде,

Мол байлықтың зекетін уақытында бергенде.

Миллиардтаған байлықтың көрмесе ешкім ләззатын,

Ел-халықтың алдында, боласың өзің шерменде.

 

Садақа қыл жымиып, риза болсын ел көргенде,

Жақсылық жаса, садақа, берілген жылы сөзбен де.

Жетпейді және ешнәрсе, мына фәни жалғанда,

Мұсылман болып туылып, мұсылман болып өлгенге.

 

Атажұртын аңсаған

 

Жер жүзінде атажұртсыз қанша адам,

Қанша адам жұртын іздеп шаршаған.

Отаны бар әлемдегі бар қазақ,

Атамекен, Атажұртын аңсаған.

 

Қара дауыл, қарасуық арқадан,

Үскіріп кеп, бойға кіріп, тарқаған,

Естілерін қамап, атып асқасын.

Бабаларым жасаған-ды нар қадам.

 

Қасқыр шапқан, қойдай қазақ шашылды,

Қытай асты,  Ауған асты, асырды.

Жер шарына тарап кеткен қазақтың,

Тәуелсіздік келіп, көзі ашылды.

 

Барған елде адал қызмет еткенмен,

Қол жетпейтін жетістікке жеткенмен.

Күліп тұрып, «Әй қазақ» деп айтқаны,

Бірдей еді көкірегіңе тепкенмен.

 

Өкпеміз жоқ, Аллаға шүкір, жалшыдық,

Мал дүниелі, дүние кешіп малшыдық.

Қанша атақ, даңқ-абырой болса да,

Жүректе тұрды «Отан» деген талшыбық.

 

Сол талшыбық жүрегімде сақтаған,

Гүжім болды, тоғай болды қаптаған.

Тоғайымды Отанына көшіріп,

Атажұртым Ақтөбеге тоқтағам.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button