Әдебиет

Біз екеуміз…

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ

Сен жанымда жүрсең…

Ұшпағаныммен қанат та байлап айға анық,

Өзің жоқ болсаң отыра алман жайланып.

Жалғыздықпенен бетпе-бет, жаным, қалдырма,

Тағдырым саған тұрған сәтінде байланып.

 

Танысу, алғаш кездескен кездер тым ыстық,

Сөзбенен емес, көзбенен ғана ұғыстық.

Сен жүрген жерің ойын мен күлкі, той-думан,

Көшеге кетсең орнайды үйде тыныштық.

 

Мықтыларыңды алқынбай қуып жетерміз

Өйткені дәйім ертеңдерге де бекембіз.

Маңдайға жазған бақытты күліп қарсы алып,

Сындарға сынбай көтеретін де екеуміз.

 

Таңдаған екем ішінен сені көп қыздың,

Қателесіппін, дей алман сан да соқтырдың.

Сүйенеріміз де, сыйынарымыз да бір Алла,

Құшағын жайған көкелеріміз жоқ біздің.

 

Жүзіңнен жылы әрдайым шуақ төгілген,

Жан сарайыңның тазалығы айқын көрінген.

Қолтықтан демеп, көтердің мені биікке,

Аспаныңдағы жарық жұлдыздай сенің мен.

 

Уақытқа ұшқыр дей алман қалай ілесем,

Адалдықпенен ертеңім үшін күресем.

Қызығын бірге көрейік дарқан өмірдің,

Жадырап күліп, жанымда өзің жүр есен!

 

Сезім кілті

 

Өзің жайлы сырымды шертер өлең,

Қылығыңды назданып еркелеген.

Көрейін деп жетуші ем Ақтөбеге,

Түсе салып пойыздан ертеменен.

 

Бозбала едім ән салған көкірегі,

Ол жылдарды кім ойдан өшіреді.

Жатақханаң, әзілқой кезекшілер,

Ұмытпаппын Пацаев, 2-дегі.

 

Сотка да жоқ, кідірер хат та бірде,

Қызықтарды дей ме өткен шақтан ізде.

Кино еді ғой қосатын екеумізді,

Сағат жарым жүретін «Октябрьде».

 

Жеткізсем деп ойымды басымдағы,

Сезімімнің кілті енді ашылғалы.

Сәт туарда сен ішке асығасың,

Жатақханаң жаққа ылғи қасыңдағы.

 

Мен үлгермей бұрылып, кері кетіп,

Тұрғанымда-ақ жабылар темір есік.

Бәрі түстей оралып ауылға да,

Сағынышымды жүруші ем серік етіп.

 

Көп болса да шырғалаң шатқал, белі,

Жойқын күш қой махаббат асқан лебі.

Екі-ақ сағат кездесу үшін ғана,

Екі жүз шақырымнан тартқан мені.

 

Дәрігер

 

Қонағы болып, асыға күтіп аңсаған,

Жүзіңе әр кез үмітпен қарар барша адам.

Аянбай жаным, төккейсің маңдай теріңді,

Қабағың шытып, болмасын кезің шаршаған.

 

Біреуді көрсең ауруы батып күрсінген,

Алмассын күнің ұйқысыз өткен бір түнмен.

Дәрімен қоса сауықсын десең тезірек,

Көңілін демдеп, емдегін шуақ күлкіңмен.

 

Сыр бермей сөйлеп, туыстарына да жарқылдап,

Жылытып ойды күдікпен қалған салқындап.

Асығып ішке жүгіріп келе жатасың,

Жабулы қақпа, тұрса да иті арсылдап.

 

Соқса да боран, төксе де жауын жет мейлі,

Өмірдің өзі минуттармен-ақ көктейді.

Сұм ажалменен беттескен кезде аяулым,

Жанұя жайы, дәлелді қажет етпейді.

 

Серігің-сенім көмекшің болар жаныңда,

Шешуші сәтте абдырап қалма, жаңылма,

Жер басып жүріп, тіршілік еткен пенденің,

Болашағы мен тағдыры дәрігер қолында.

 

Арашашы деп ардақты саған сүйенген,

Сондықтан болар жүрекке әсем күй енген.

Еліңнің адал перзенті болып қала алсаң,

Бұрынғыдан да екі есе сені сүйем мен.

 

Талапкер

 

Іс-қимылың сол кезгі мақтаныш та,

Ата-анаң ба — ауылда жатты алыста.

Боламын деп дәрігер Ақтөбеге,

Келген едің ешқандай жоқ таныс та.

 

Институт, бас корпус толы адамға,

Үрке қарайтындай ма жаңаларға.

Ол да өзіндей талапкер, отырдыңдар,

Көңіл босап, қисайып чемоданға.

 

Талаптарың оң болсын, бәрекелді,

Комендант қуанышын ала келді.

Құрбыңа қарап тұрып, айнымайсың,

Білемін көптен деді мен әкеңді.

 

Мына өмір ұқсаса да талапайға,

Айналсын соңы осылай алақайға.

Алғанша жатақхана паналатқан,

Шексіз бе алғыстарың сол апайға?

 

Өтіпті-ау, қырық үш жыл қайран уақыт,

Кезі жоқ шүкір бастан тайған бақыт.

Кем көрмей өзінің бес баласынан,

Қойды ғой екеуіңді сайрандатып.

 

Шалмаса суық бір күн от-денені,

Жазылар ақыныңның жақсы өлеңі.

Атырау, Индербордан жаным, бүгін,

Білесің менен артық Ақтөбені.

 

Тереңдік

 

Шар басында жатқандай-ақ бар ғалам,

Жоқ секілді жерде ізің қалмаған.

Інім сені көрген сайын ұялып,

Бойыңдағы тереңдікке таңданам.

 

Жұмыстың да кез келген бір саласын,

Әңгіме етсек бұрын жауап табасың.

Шетелден де хабарың мол, байқадық,

Аралап-ақ келгендейсің қаласын.

 

Сөзің бүтін, емес жамау-құраулар,

Жүзің жарқын кеткен еріп қыраулар.

Риза шығар жатқа айтасың дастан ғып,

Кешегі өткен ақын, батыр, жыраулар.

 

Вундеркинді сенсің осы көшенің,

Ешкімнің де қайтармайсың меселін.

Қызыңа әліппе оқытасың, шығарып,

Оныншыда жүрген ұлдың есебін.

 

Сендей жандар білер орнын қайда да,

Теңіз-білім асар талай пайдаға.

Бірақ аз ғой өзін-өзі бағалап,

Өз жайымен жүретіндер ойлана.

 

Жедел қимыл ұқтырардай тезірек,

Жарық болсын дейсің жүрген төңірек.

Ақпараттың заманы ғой, уақытқа,

Ілесіп тек оқу керек көбірек!

 

Жазсам деп ем…

 

Ей, адамдар, маған сенім жүктеген,

Сендер үшін ешбір пенде күтпеген.

Оқығанда-ақ басын шайқап, таңданар,

Жазсам деп ем теңдесі жоқ мықты өлең.

 

Шаршау деген болмаған жөн жігітте еш,

Шабыт туса аттың басын ірікпес.

Келмесе де барын салам өлеңге,

Қайта айналып жиырма бес пен қырық бес.

 

Ажал тырнақ батырғанша алқымға,

Көкті тескен жай оғындай жарқылда.

Ол ақиқат – жырымды да ең нашар,

Бермес едім ат басындай алтынға.

 

Сан суреттер салса да асыр ойымда,

Бағзы біреу жыққандай боп сойылға.

Сыпсыңдайды ту сыртымнан мысқылдап,

Қарттық келді, дейді ендеше, мойында.

 

Ақталмаймын, «елдің елу құлағы»,

Жылдарды өткен кім кейінге бұрады?

Сол күндерге мол жіберген есемді,

Ешкім емес, бәріне өзім кінәлі.

 

Оза шауып топты жарса пырақтар,

Көбейеді пәтуасыз сұрақтар.

Мақтамасын кітап жазып мен жайлы,

Қалса болды дерек етер бір ақпар!

 

Кім сонда?…

 

Келгендер ғой ауылды тастап әне,

Білмеймін кімнен қорқып, жасқанады.

Аулада дорба ауыз ит гүрілдейді,

Жабық тұр тас қорғандай қақпалары.

 

Тығылар қайда барып қашқанда да,

Көздері есікте емес, аспанда ма?

Селт етпейді-ау сабаздар дыбыс беріп,

Қоңырауын домофонның басқанда да.

 

Несі екен ағайыннан жерінгені,

Әйтеуір бір тірі жан көрінбеді.

Ұялы телефоннан селқос қана,

Ауырып қалдым деді келіндері.

 

Жақсы ғой тіршілікте тарылмаған,

Тілегін бабалардың орындаған.

Дос-туысты қарсы алып, кіргізбейтін,

Қаланың заңы ма бұл жазылмаған?

 

Келді ғой аңсап сені бірінші күн,

Емес-ті ол жолаушысы Үрімшінің.

Туған жер жүрегіңді сыздатпай ма,

Өстің ғой жеп, құрт-майын, ірімшігін.

 

Ащы айтсақ, бұл үйлердің көбі мазар,

Өздерінше керемет, сері де олар.

Кім сонда — шенді ме, әлде шекпенді ме,

Аяғын еркін басып, төріңе озар?

 

Сәбидей еркелетіп…

 

Танымаймыз адамды асылы біз,

Жетсе болды ауызға қасығымыз.

…Автобуста бір інім сұрақ қойды,

Білмегі оның меңгерген кәсібіміз.

 

Мұны еске сап несіне шаршап едің,

Міндет те емес айтуға әр себебін.

Бәлкім саған жасым да қажет шығар,

Жұмысымда ал шаруаң қанша дедім.

 

Әңгімеге тартқаным үшін бе еді,

Мына ағайым дегендей түсінбеді.

Ол танысып үлгерді, құлақ шалды,

Жартысымен сол көлік ішіндегі.

 

Тынышталшы, жігітім, сайрамашы,

Қойшы, деді ол әзілдеп, әй, нағашы.

Болып шықты мына әйел руласы,

Артта отырған қияқ мұрт қайнағасы.

 

Нағыз қазақ осылар барша ағайын,

Кезіккенде құшақтап, қарсы алайын.

Аузыңды ашсаң жүрегің көрінетін,

Мөлдір ме еді соншама жан сарайың?!

 

Жігер менен намысын желкен етіп,

Жіберетін өмірді көркем етіп.

Ренжітпей бұларды ағайындар,

Қояйықшы, сәбидей еркелетіп.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button