Жастар

Қабырғаға сурет салатын қыз

Мұғалжар ауданы Ембі қаласының тұрғыны Меруерт Жолхат қылқаламмен бала кезден дос. Бүгінде пәтер қабырғаларына сурет салып, бейнелеу өнерін безендіру ісімен ұштастырып жүр.

— Әкем жағында да, нағашы жұртымда да сурет салатындар бар.Сурет— мен үшін өмірдің мәні. Жүрегіме түйген арманды, көңілдегі қиялды, өткен күн мен келер болашаққа деген ойымды сурет арқылы жеткізу мен үшін маңызды. Суретті кез келген уақытта салу қиын, ол үшін шабыт қажет. Қиялға ерік берген кезде ғана қолың жүріп кетеді. Суретті шабытыма байланысты бір жетіде бір рет, кейде айына бір рет салуым мүмкін. Егерде тапсырысқа не сабаққа байланысты сурет салу керек болса, күнделікті жұмыс істеймін. Көбіне жалғыз отырып, тыныш жерде жұмыс жасағанды ұнатамын. Сурет салғанда көңіл күйімнің көтеріңкі болуы өте маңызды,—  дейді суретші қыз.

Суретті тұрақты салып жүргеніне төрт жылдан асқан Меруерт пейзаж, натюрморт, витраж және т.б. жанрлар бойынша сурет салады. Айтуынша, көбіне портрет салғанды ұнатады екен.

— Алғашқыда портретті өзім А4 форматта салып үйрендім. Содан соң ұстазым Бақытгүл Аманжолқызынан сурет салудың біраз қырларын үйреніп, қабілетімді шыңдадым. Портрет салудың өзіндік ережелері болады. Бірақ мен ережеге сай болмаса да, ең алдымен, адамның көзін салғанды ұнатамын.

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеевтің бейнелеу өнерінде қалдырған ізін баға жетпес өнеге деп санайтын Меруерт оның немересі Айсаным Қастееваның жұмыстарын көріп, мотивация алатынын айтты.

Ата-анадан дарыған өнер бала кезінде Меруерт үшін тек қызығушылық болса, бүгінде табыс көзіне айналып отыр.

— Алғашында бұлай болады деп ойламадым. Бірде салған суретімді инстаграмда өз парақшама жариялаған едім. Оны көрген жандар маған кері байланысқа шығып, тапсырыс бере бастады. Міне, бүгінде түрлі мекемелер мен дүкендердің, пәтерлердің қабырғаларына суреттер салып, осы саланы кәсіпке айналдырдым. Болашақта өнерімді дамытып, сол арқылы өзім де дамып, үлкен жетістіктерге жетіп, барша Қазақстанға танымал суретші болғым келеді, — деген тілегін де жеткізді өнерлі жас.

Раушан НҰРҒАЛИЕВА,

Мұғалжар ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button