Жаңалықтар

Маңғыстауға мың бума мал азығы жөнелтілді

Nur Otan партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының бастамасымен Ақтөбе облысынан Маңғыстау өңіріне мың бума мал азығы жіберілді.

«Jas Otan» жастар қанаты қуаңшылықтың салдарынан төрт түлігіне азық таппай қысылған Маңғыстау өңіріне республика көлемінде көмек көрсету мақсатында ізгілікті істі жуырда ғана қолға алған болатын. Осы бастаманың аясында жастар қанатының әр өңірдегі филиалдары бастама көтеріп, жас депутаттар корпусы мен көмекке қол созуға ниетті қайырымды азаматтар қолдау білдірді. Сонымен қатар бұл іске «Biz birgemiz» еріктілер қозғалысының мүшелері де жұмылдырылды.

Маңғыстау облысына мал азығы Ақтөбе өңірі арқылы жіберілетін болғандықтан, бұл істі ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары «Jas Otan» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалына жүктелген болатын. Күні кеше игілікті іс мәресіне жетті.

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық елді мекені маңындағы шабындық алқабынан мал азығы тиелген жүк көлігі Маңғыстау өңіріне жөнелтілді.

«Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искариннің айтуынша, мұндай игілікті істер алдағы уақытта жалғасын табады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button