Жаңалықтар

Боксшыларымыз жеңіліп жатыр…

Олимпиада

 

Токиоға көз тіккен қазақ жанкүйерлерінің ерекше сенім артқан түрі бокс еді. Алайда әзірге үміт ақталмай тұр.

Әуелі күллі әлем «қазақ салмағы»  деп мойындаған 69 келіде сүріндік. Осы салмақтың серкесі Абылайхан Жүсіпов алғашқы кездесуінде америкалық Джонсон Делантеден жеңіліп қалды. Есеп — 1:4. Абылайдың өте сылбыр өнер көрсеткенін айта кеткен жөн.

Одан кейін 91 келі салмақтағы басты фавориттің бірі саналған Василий Левит тегі кубалық испан боксшысы Энмануэль Рейестен жеңілді. Бірінші раундта ұпай санымен артта қалған Василий екінші раундта тіпті нокаутқа түсті…

57 келі салмақтағы Серік Теміржановтың жолын америкалық Дюк Рэган кесті.

2019 жылғы әлем біріншілігінің жартылай финалында ешкімнің әлі келмеген  атақты Хулио Ла Крусты сабаған, финалда өзбек боксшысы Дилшодбек Рузметовтің аптығын басып, әлем чемпионы атанған Бекзад Нұрдәулетовке  жұртшылық алтыннан бірден-бір үміткер боксшы ретінде қараған еді. Тіпті «Қазақстан Токиода  бір ғана алтын алады. Оның егесі — Бекзад» деген де болжамдар болған. Алайда Бекзад алғашқы кездесуінде ресейлік Имам Хатаевтан 4:1 есебімен жеңіліп қалды.

Қыздар арасынан олимпиадаға барған Қазақстанның жалғыз өкілі Надежда Рябец канадалық Тамара Тиболттен 4:1 есебімен жеңіліп, шамаданын жинап жатыр.

Қазір бокс құрамасының неге осынша сәтсіз өнер көрсетіп жатқаны туралы айтылып жатыр. Сидней олимпиадасында екі алтын, екі күміс медаль алған даңқты құраманың бас бапкері болған Тұрсынғали Еділов: «Жігіттерді ана жарысқа, мына жарысқа апарып, әбден зорықтырған. Көздерінде от жоқ…» десе, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов: «Мені шұғыл құрамаға бапкер етіп тағайындау керек. Дәл қазір не істеу керек екенін білемін…» дейді…

Енді жарыс жолында төрт боксшы қалды — Сәкен Бибосынов (52 келі), Зәкір Сафиуллин (63 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев +91 келі). Батырларымызға сәттілік тілейміз.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button