Әлеумет

Заңсыз таксишілерді «қырып» жатыр

Рейд

Қала көшелерінде жүйткіп жүрген таксилердің қызметін қолданбайтын тұрғын кемде-кем.  Ақысын берсең, қаланың кез келген жеріне  лезде-ақ жеткізеді. Бұл бір жағынан жолаушыларға жақсы болса, екіншіден, жүргізушілердің күнкөріс көзі. Дегенмен, таксилерге тағылатын сын да жетерлік. Автобус жүргізушілері олардың аялдамада тоқтауға кедергі келтіретіндігін айтса, жол полицейлері кейбіреулерінің жол апаттарына себеп болатындығына шағымданады. Кейбір қылмыстық оқиғалардың осы көліктердің қатысуымен болып жатқандығын естіп қаламыз.

Таксиші болу оңай емес. Кейбір қарақшылар такси жүргізушілерді жапан далаға алып кетіп, өмірлеріне қауіп төндіргендері жайында да деректер  тіркелген. Ал бүгінгі таңда такси жүргізушілерінің ең басты «жауы» — автокөлік инспекторлары болып отыр.

ТАКСИ БОЛУДЫҢ ТАЛАПТАРЫ БАР

Айдың басынан бері қала көшелерінде рейд жүріп жатыр. Жолаушыларды тасымалдау үшін көлік иелерінің арнайы рұқсат құжаттары болуы керек. Такси жүргізушілерге қойылатын талап жетерлік.

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша Ақтөбе қалалық  «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының автомобиль көлігін бақылау бөлімінің бастығы Амандық Зербаевтың айтуынша, жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің қаншалықты талапқа сай жұмыс жасап жатқандығы тексеріліп жатыр.

—Мұндай тексерулер жыл сайын өткізіліп тұрады. Мәселен, өткен жылы 126 әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде 986,274 мың теңге көлемінде  айыппұл салынды, — дейді Амандық Зербаев.

— Жолаушы тасымалдаушыларды тексерудегі негізгі мәселе — жергілікті атқарушы органдармен келісім-шарттың болмауы. Жүргізушілер рейс алдында медициналық және техникалық қараудан өтуі тиіс. Сонымен қатар, суреті мен аты-жөні, тегі көрсетілген деректеме карточкасы, тасымалдаушы мекеменің  ресми атауы  және мекен-жайы мен телефон нөмірі көрсетілген тақтасы, сақтандыру полисі  болуы шарт. Көліктерінде таксометр орнатулары керек.

Тексеру басталғалы бері  40-тан астам  заңсыз тасымалдаушы анықталып, жазаға тартылды. Заңсыз тасымалдаушыларға  қатысты айыппұл салу,  заңбұзушылық себебін жойғанға дейін автокөлігін айыппұл  тұрағына ұстау түріндегі жазалар қолданылуда. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендердің  істері салық органына  жолданады.

Айыппұл көлемі 5 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін. Қазіргі таңда бір айлық есептік көрсеткіш 1512  теңгені құрап, айыппұлдың  көлемі  7500 теңге болып отыр.

Бүгінде үш жедел топ жұмыс істеп жатыр. Қаланың темір жол вокзалы және автовокзал маңы, тағы да біраз жерлерді тексеруде.  Әзірге жеңіл көліктерді тексеріп жатырмыз, кейін автобустарды да бақылауды бастаймыз.

Тексеру кезінде көлікті бақылау органдары  қызметкерлерінің  міндеттерін  орындауға  кедергі жасау деректері де кездеседі. Мұндай жағдайда  «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске сәйкес,   ісі сотта қаралады.

Жолаушыларды тасымалдау үшін такси иелері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алулары керек. Ол кезде  жүргізуші мемлекетке салық төлейді, әрі өзіне де пайдалы, жинақтаушы зейнетақы қорына салым аударып отырады. Және  ол кезде тексеруші органдар да «қоқан-лоқы» көрсете алмайды.

Бүгінгі күні Ақтөбе  қаласының аумағында  жергілікті атқарушы  органдармен шарт жасасқан  такси қызметін көрсетуші  17 мекеме ресми тіркелген. Ал қалалық салық комитетінде 1080 жүргізуші жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жолаушыларды тасымалдауға рұқсат алған. Бұл әлі де көптеген көлік иелерінің заңсыз жұмыс істеп жүргендерін көрсетеді.

САЛЫҚ ТӨЛЕУДЕН ҚАШПАҢЫЗ…

Салық басқармасы мамандары такси қызметін атқару үшін арнайы тіркелу шарттарының барлығын айтады. Қалалық салық басқармасының бөлім бастығы  Бақытжан Маханов былай дейді:

Такси және басқа да  қызметтің түрлерін көрсететін жеке тұлғалар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіндегі (салық кодексі) 14 және 565-баптарына сәйкес, салық органында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық міндеттемелерін орындауы керек.

Осы уақытқа дейін тіркелмей жүргендер салық органына жеке кәсіпкер болып тізімге алынып, мемлекеттік тіркеу куәлігін иеленулері керек. Ол үшін 3024 теңге тіркеу алымын төлейді. Салық кодексінің 457-бабына сәйкес бұл алымнан шаруа ќожалыќтары, І,ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер, біздің елдің азаматтығын алмай тұрып, қәсіпкерлікпен айналысуды бастаған оралмандар босатылады.

Мемлекеттік тіркеу куәлігін алғаннан кейін жеке кәсіпкер он жұмыс күнінен кешіктірмей, салық кодексінің шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимі бойынша  есеп берудің өздеріне сай түрлерін таңдайды.

Мәселен, жалпыға бірдей белгіленген тәртіп — біржолғы талон негізінде, патент режимі және оңайлатылған декларация негізінде жұмыс жасай алады.

Ал таксишілер осы аталған режимдердің арасындағы қолайлысы — арнаулы салық режиміндегі патент алу түрі. Мұндай жеке кәсіпкердің қарамағында өзге қызметкерлер болмаса, жылдық табысы 200 еселенген мөлшерден, яғни 3199800 теңгеден аспауы керек.

Патент ќұнын есептеу салық кодексінің 432-бабына сәйкес есептеледі. Патент ќұнының 1/2 бөлiгi — жеке табыс салығы. Және «Мiндеттi әлеуметтік саќтандыру туралы»  Заңға сәйкес есептелген әлеуметтiк аударымдарды алып тастағаннан кейiнгi патент ќұнының 1/2 бөлігі мөлшерінде міндетті әлеуметтік сақтандыру аударымдары ретінде бюджетке төленеді.

Мысалы, айталық жеке кәсіпкердің патент алуға мәлімдеген бір айдағы табысы 90000 теңге болса, патент құны мынадай болады:

жеке табыс салығы — 900 теңге (90000*2%/2=900), әлеуметтiк салыќ – 100 теңге (90000*2%/2-800=100), міндетті зейнетақы жарналары 1600 теңге (15999 ЕТЖ*10%=1600) бұл жарна жеке кәсіпкердің өзінің зейнетақы қорына түседі. Әлеуметтiк аударымдар – 800 теңге (15999 ЕТЖ*5%=800);

Жоғарыда айтқанымыздай,  1 айдағы патент құны жалпы 3400 теңгені құрайды. Егер жеке кәсіпкер зейнеткер болса, ол 1000 теңге болады, яғни міндетті зейнетақы жарнасынан және әлеуметтік аударымдардан босатылады.

Салық басқармасы рейдтік тексерулер барысында кәсіпкерлікпен айналысып, салық органында жеке кәсіпкер болып тіркелмеген жеке тұлғаларға салық кодексіне және  әкімшілік құқық бұзу кодексіне сәйкес әкімшілік жауапқа тартылатындығын ескертеді. Кім де болса, табысын жасырмай, мемлекетке салық төлегендері дұрыс.

ҚЫЗЫЛ, ЖАСЫЛ, САРЫСЫҢ…

Такси жүргізушілеріне қойылатын тағы бір талап,  олардың  көліктерінде міндетті түрде шахмат тақтасы секілді жолақ және төбесінде белгі болуы керек. Ал біреулер  барлығы бір түсті болуы керек деген әңгімелерді де айтып жүр. Біздің қаланың көшелеріндегі таксилер түрлі-түрлі. Жүргізушілердің тәжірибелері де сан алуан.  Көбі төрт-бес жыл бойына «көше кезіп» үйренген, қаланың кез келген түпкірін «көздерін жұмып жүріп-ақ» тауып алады. Арасында «новичоктары» да бар. Бірақ оларға нан табу қиынырақ. Өйткені кәнігілер таксиді қажет ететін жолаушыны алыстан аңғарады. Жаңадан қосылған әріптесі жетем дегенше,  жолаушыны «қағып» алып кетеді.

Мәселен, Аманғали жұмыстан бос уақытында жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. Үйінің маңындағы аялдамада тұрып, келушілерді қажетті жеріне апарып салады. Бірақ ол адам «ауламайды». Өзінің «клиенттері» бар.  Күнде ертеңгілік екі-үш адамды жұмыс орнына апарып салады.  Қажет дегендері телефон арқылы шақырып алады. Оның күндік табысы 2-3 мың теңге. Бұл жалақысына қосымша кіріс. Күнделікті нан-шайын айырады.

Ал такси қызметін көрсетуді негізгі табыс  көзіне айналдырғандар да бар. Олар таңғы алтыда жұмысқа кіріседі. Күндіз 2-3 сағат дамылдап алып, түнгі 1-2-ге дейін көше кезіп жүре береді. Солардың бірі Самат:

Таңертеңгілік жұмысқа ерте баратындар болады. Бұл уақытта қоғамдық көліктер әлі де қозғала  қоймайды. Таңғы тоғыздар шамасында да қызметтеріне асығушылар көп кездеседі.  Содан соң кешкілік алты мен жетінің арасында жұмыс қызады. Әсіресе, қыстың аязды, жаздың жаңбырлы күндері такси қызметін іздеушілер өте көп.

— Сіз жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп,  үкіметке салық төлеп отырсыз ба?

— Әрине, менің табысым тек такси қызметі арқылы түсетіндіктен, бәрін заңды қылып алғанмын. Әйтпесе,  қиындау болады. Бір жағынан жасым да зейнеткерлікке жақындап қалды. Зейнетақы қорына ақша  жинап жатырмын. Бұл ертең өзіме қайтып келетін қаржы ғой.  Біздің жасымыздағыларға жұмыс табу қиын. Сондықтан осылайша күн көріп отырған жайым бар. Ал еш жерде тіркеусіз қашып-пысып жүргендер де кездеседі. Олар рейд кезінде жұмысқа шықпайды немесе жасырынып жүреді, — дейді ол.

ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ ТИІМДІ МЕ?

Теледидардың жүгіртпе жолдарында, подъездердің  алдындағы тақтайшаларда «қала ішінде 300 теңге, кез келген жерге апарамыз» деген жарнамаларды көріп жүрміз. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, біздің қалада  мұндай қызмет көрсететіндер аз емес. Солардың бірі —  ашылғанына екі жыл болған «Астана» жолаушыларды тасымалдау қызметі. Бүгінде  оған қарасты 18 автокөлік бар екен.

Біздің таксишілер қала бойынша 300 теңгеге апарады.  Тек алыстау Сүт зауыты секілді аудандарға 400 теңге алады.  Қала сыртындағы, мысалы, Кірпішті, Новый ауылдарына — 500 теңге. Басқа әріптестерімізге қарағанда біздің бағамыз төмендеу.  Қарамағымдағы жүргізушілердің көліктері өздерінікі, бізге әр сапарынан түсетін қаржының 10 пайызын ғана береді. Сосын рация үшін күніне 600 теңге төлейді. Мысалы, 300 теңгенің он пайызы — 30 теңге. Ол күніне бес-алты жерге баруы мүмкін. Жалпы, орташа есеппен, күніне барлығын қосқанда 18-20 мың теңгедей пайда түседі. Мен кәсіпкер ретінде тіркеліп, оңайлатылған режиммен жұмыс жасап жатырмын. Жүргізушілердің қалауы бойынша, зейнетақы қорына жарна да төлеп қоямын.

— Бәсекелестерімізден басым болу үшін мереке күндері акциялар өткіземіз. Мысалы, 8 наурызда  барлық әйелдерге жол жүру құны 200 теңгеден болды, — дейді «Астана» такси қызметінің қожайыны Асқар Әділбекұлы.

ТІРКЕЛМЕЙ-АҚ ТАБЫС ТАПҚЫМ КЕЛЕДІ

Заңды рұқсат алмай, салық төлемей-ақ жолаушыларды тасумен айналысқысы келетіндер де бар.

Жолаушыларды тасымалдағаныма  біраз болды. Табысым да тым тәуір. Салық төлеп, құжат тапсырып жүруге көп уақытың кетеді. Оның үстіне  отбасым менің табысыма қарап отырғандықтан, қосымша қаржы шығарғым келмейді. Қазір барлығы қымбаттап жатыр. Күнделікті  тапқаным, тамағым мен коммуналдық төлемдерге жұмсалады. Жұмысқа орналасқанмен, бүгінгі күнгі  жалақы дымға  жетпейді. Ал маған күнбе-күнгі ақша тапқан тиімді, — дейді Жақсылық есімді такси жүргізушісі.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button