Мәдениет

85 жастағы қарттың сурет көрмесі

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, әуесқой суретші Александр Корваттың 85 жасқа толуына орай «Любовь к живописи» атты көрме-кездесу өтті.

Көрмеге Александр Корваттың майлы бояумен салынған жұмыстары, музей қорындағы суреттері қойылды. Александр Корват 1987 жылдан бері облыстық музеймен тығыз байланыста. Осы жылдар ішінде бірнеше мәрте көрмесі де ұйымдастырылды.

— Оның суреттері поэзия мен тазалыққа толы, шығармашылыққа шабыттандырады. Майлы бояумен салынған суреттердің негізгі тақырыбы өлкеміздің сұлу табиғатына арналады. Александр Ивановичтің қылқаламынан шыққан пейзаждардан сүйікті Ақтөбенің, оған жақын орналасқан ауылдар мен шалғай аудандардың әсем жерлерін көруге болады, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі қорларды ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Қадылшина.

Кездесуде әуесқой суретші Александр Корват өзінің шығармашылығы туралы әңгімелеп, сурет салуға бала кезден қызыққанын айтып берді.  Сондай-ақ картина тақырыптарына тоқталып өтті.

Музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытжан Қалнияз суретшіні мерейлі жасымен құттықтап, шығармашылық табыс тілеп, музей директоры Мейрам Дүйсенғалидің атынан Құттықтау хат пен сый-сияпат табыстады.

Шара соңында музейдің қорларды ғылыми-зерттеу бөлімі есепке алу секторының меңгерушісі Айгүл Қадылшина суретшіге «Сиқырлы қалам бояуы» атты музей қорындағы суреттерінен құрастырылып шығарылған жинақ сыйлады. Мерейлі жасқа жеткен шығармашыл қарттың жүрісі ширақ, әлі күнге дейін қолынан қылқаламы түспепті. Әдемілікке жаны құмар ардагер кездесу барысында музей қорына биыл салған суреттерін де тапсырды.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button