Жастар

«Шалқар көлі өзімізге шағалалы көк теңіз…»

Аудан жастары «Таза жағалау» акциясы аясында Шалқар көлі маңын қоқыстан тазартты. Акция барысында 1 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

— Көл маңын тазартуға «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс жасап жүрген 20 сарбаз тартылды. Жаз шыққалы аталған акция бірнеше рет ұйымдастырылды. Әлі де өз жалғасын табады. Осы ретте тұрғындардан көл маңына қоқыс тастамай, тазалық сақтауларын сұраймыз, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының заңгері Қанат Төлешов.

Сондай-ақ ол «Жасыл елде» еңбек етіп жүрген аудан жастары  «Ардагерлерді ардақтайық» акциясына белсенді түрде қатысып, ауылда тұратын қариялардың аулаларын тазартып бергенін айтты.

Айта кетейік, шілде айында Шалқар ауданы бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағына халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 96 жас және «Үлкен Борсық орман шаруашылығы» арқылы 10 жас маусымдық жұмысқа жіберілген.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button