Мереке

Құрбан айт мерекесі: ниет және көмек

Ақтөбе қаласындағы «СПК Айбек» ЖШС ет комбинатында құрбан шалу рәсімі онлайн режимінде өтті. Қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні 50-ге жуық ұсақ жандық, 2 ірі қара құрбандыққа шалынды.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы індетке байланысты биыл да құрбан шалуды qurban2021.kz сайтына тапсырыс беру арқылы ұйымдастырды. Құрбан шалушылар да аталған сайт арқылы тапсырыс беруде. Көмекке мұқтаж адамдардан да осы сайт арқылы өтініш қабылданды. Мал шариғат талаптарына сай сойылып, тапсырыс берушінің атынан бата жасалады.
— Таңғы сағат 7.00-де мешітте айт намазы оқылды. Қазір құрбандық шалу рәсімі басталып кетті.
Qurban2021.kz сайты арқылы 560-тан астам мұқтаж адам өтініш беріп үлгерді. Сондай-ақ бізде әкімдік тарапынан берілген мұқтаж отбасылардың тізімі бар. Оларға да ет берілетін болады. Жалпы, мыңға жуық отбасыға көмек көрсетіледі.
Ет мешіт жамағатының, еріктілердің көмегімен мұқтаж жандарға таратылады. Оның бір бөлігі құрбан шалушылардың отбасыларына ауыз тиюі үшін жеткізіліп беріледі. Құрбандық иесіне бейне есеп те жіберілетін болады, — деді облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы.
Оның айтуынша, қой-ешкі бір адамның атынан шалынады. Сиыр мен түйені 7 адам ортақтасып, құрбандыққа шалуына болады.
Сайт арқылы құрбан шалуға ниет еткендер тарапынан жалпы 50-ден астам ұсақ жандыққа тапсырыс беріліпті. Сондай-ақ үш күнде 40-қа жуық ірі қара құрбандыққа шалынады.
Айта кету керек, құрбан шалуға тапсырыс беру 22 шілде сағат 14.00-ге дейін жалғасады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button