Тарих

Қазақ байларының қуғындалуы: себептері мен салдары

Тарихқа үңіліп, дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі құрылымын зерделейтін болсақ, ұлтты, мемлекетті, оның болмысын, мүддесін қалыптастырып-нығайту жолында аянбай қызмет еткен тұлғалардың рөлі ерекше көзге түседі. Олар — хандар, билер мен жыраулар, батырлар мен байлар және діни тұлғалар.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы тұлғалар институты ұлттық құндылықтар мен тәжірибелердің қалыптасуына ықпал етіп отырған. Осы тұлғалық дәстүрдің сақталып отыруы, оның әлеуметтік институтқа айналуы отбасы, дін мен ділде, мәдениетте ерекше мәнге ие.

Қазақ қоғамына қатысты патша өкіметі тарапынан, яғни сырттан жүргізілген саясат, ең алдымен, хандар билігін жоюға бағытталды. Қазақтың ең соңғы ханы — Кенесары хан тағдырының қалай аяқталғаны бәрімізге белгілі. Кенесары хан қазақ мемлекеттілігін, әсіресе ұлттық мүддені қорғауға, дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі құрылымын қайта қалпына келтіруге өмірін арнаған бірегей тұлға еді. Өзімен замандас қазақ батырларымен бірге ол осы жолда мерт болды. Кенесары ханнан кейін қазақ қоғамындағы тұлғалар дәстүрі жойыла бастады десек, қателеспейміз. Бұған қатысты «Кенесары-Наурызбай» дастанында Нысанбай жырау былай деп ойды түйеді:

Кенекем менің кеткен соң,

Заманым қалды тарылып.

Халық иесі — хандардан

Жетім қалдық айрылып!

Екі бірдей қанатым,

Топшыдан сынды қайрылып!

Балдағы алтын ақ берен,

Басқа тиді майрылып.

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қаймығып…

Қазақ қоғамындағы тұлғалар институты бодандық заманда күштеп әлсіретілді. Дегенмен ол халықтың санасынан бірден өше қойған жоқ, өзінің қызметін жалғастыра берді. Мысалы, Алаш партиясының қоғам алдына шығуына ықпал етті. Бұған қарап, сол кезде ел тәуелсіздігінен қол үзгенімен, қоғам ішінде (әр отбасында) ұлттық идеологияның жүріп жатқанын аңғарамыз. Қазақ мәдениетіндегі тұлғалар дәстүрінің біржола жойылмауына, оның іштей халықтың өзіндік санасының негізіне айналуына ықпал еткен — дін мен дәстүр, осы екеуінің тәжірибесін үйлестіре алатын отбасы институты еді. Патша өкіметі де, кеңес билігі де осыны жетік білді. Сол себептен ұлттың рухы ғана емес, тұрмыс-тіршілігі,  дүниетанымы да қыспаққа алынып отырды.

Әлихан Бөкейханов айтқандай, қазақ жерсіз өмір сүре алмайды. Жері болмаса, қазақ тентіреп кетер еді. Ұлттың басы бірігуі, тұрмысы түзелуі үшін ел өз жеріне өзі иелік етуі тиіс. Қазақтың ұлт, мемлекет иесі ретінде жерге иелік етуі ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық институттардың қызметіне байланысты еді. Мәселен, хан билігі елдің тұтастығын, қоғамның ішкі құрылымын, мемлекеттің стратегиясын жүзеге асыруға, оның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Батырлар тікелей жерді, елді жаудан қорғады. Ал ойшылдар дәстүрі (билер мен жыраулар даналығы) ұлттық болмысты, ел мәдениетін, әсіресе, қоғамның рухани болмысын, дәлірек айтсақ, интеллектуалдық ұлтты немесе ұлттың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырып, сақтап отыруға негізделген.

Дін де — ұлттың болмысы мен мәдениетінің, тарихының ажырамас бөлігі. Дінсіз ұлт, ұлтсыз дін өмір сүре алмайды. Қазақ тарихындағы діни тұлғалар институтының негізгі принципі де осы, яғни дін мен ұлтқа, оның мәдениетіне қатар қызмет ету еді.

Дәстүрлі қазақ қоғамының ерекшелігі — мұнда ұлттық және азаматтық бірегейлік негізгі мәнге ие болып, негізгі рөлді атқарып отыратынында. Барлық қоғамдық институттар осы мәселеге бірдей көңіл бөлген. Ортақ міндет — ұлттық мүддеге қызмет ету. Ал дәстүрлі қазақ қоғамындағы байлардың рөліне келетін болсақ, оның қызметінің бір ғана жалпыға ортақ игілік мағынасында зерделеніп отырғанын көреміз. Оған дейінгі түркілер қоғамында да осылай болған. Байлар, ең алдымен, парасат иелері еді. Олар — қабілеті, адамгершілік қасиеттері, білімі мен ойлау деңгейі, іскерлігі, кісілік мінезі және тәжірибесі арқылы үлкен дәулетке қол жеткізген адамдар. Қол жеткізген байлығын халықтың, келер ұрпақтың ырысы деп түсінеді. Қолындағы дәулетін елдің игілігіне айналдыра алатын адамды ғана қазақтар бай деп санаған. Мәселен, Жүсіп Баласағұн түркілік қоғамдағы дәулет иелерінің парызын былай сипаттайды:

Егер қолың ұзын болса, халыққа

Қылық, сөзді ізгі қылып, жарылқа!

 

Жігітшілік өтер, өшер тірлігің,

Дүние — түс, көшерсің тез бір күні…

 

Бек пе, құл ма, мейлі, жақсы-жаман ба,

Өзі өлді, қалды аты ізгі — ғаламда.

Түркілердің байлық пен билік жөніндегі түсінігі осындай болған. Бұның арғы жағында дүниетаным жатыр. Қазақ ұлты да — сол дүниетанымның мұрагері. Қазақтың тұлғаларын ұлттық сана, мемлекетшілдік ұғымы бір арнаға тоғыстырып отырған.

Патша өкіметі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап ел сыйлайтын, ел мүддесіне жауапты адамдармен қатар, олардың қасында жүрген кісілер мен , ұрпақтары да қудалай бастады. Кеңес билігі де осы саясатты жалғастырды. Байлық пен еркіндік ұғымын санадан мүлде өшіруге күш салынды. Осы қудалаудан аман қалған ұрпақ өз тегін көрсетуге де қорыққан. Кеңестің заманда әркім-ақ өз тегін «кедей» деп көрсетуге тырысты. Түрлі мәселелер бойынша тиісті орындарға жазылған өтініштер «тегім кедей» деген сөзден басталатын.

Қоғамда зиялылардың бірлігі күшті болған сайын, мемлекетшілдік те тереңге тамыр жаяды. Патшаның, одан кейінгі кеңес билігінің қазақ қоғамының ішкі құрылымын өзгертуге барынша күш салудағы мақсаты да — ұлт тұлғаларын қудалау арқылы елдің тұрмысы мен мәдениетінің мүмкіндіктерін шектеп отыру еді.

Бұның барлығының астарында ұлтты жою саясаты жатыр. Қазақ қоғамындағы тұлғалар институты толығымен жойылмаса, халықтың тарихи санасы да жойылмайды. Тарихи сананы өшірмей, ұлттық сананы жою мүмкін емес. Тарихи сана сақталған жерде, ұлттық сана қайта қалпына келіп отырады. Халықты бай, кедей деп жікке бөлу де тұлғалар институтын жою мүддесінен шыққан еді.

Ертеден келе жатқан қоғамның тұрмыс тәжірибелерін аз уақытта өзгерте салу —ақылға сыймайтын нәрсе. Қазақта байлар ұлттың шаруашылығына ғана емес, тиесілі территориясының сақталуына да жауапты адамдар болды. Басты міндет —жерді дұрыс пайдалану, елдің игілігіне жарату. Ал халықтың малын тартып алудың, оны түрлі сылтаумен азайтудың соңы ашаршылыққа ұласқанын білеміз. 1928 жылы Ақтөбе округтік комитетінің жабық түрде өткен отырыстарында байлардың мал-мүлкін тартып алу мәселесі қаралып, қазақ қоғамында қалған ең соңғы институтты жоюға күш салынғаны білінеді.

1928 жылы 1 қыркүйекте өткен Ақтөбе окгругтік комитет бюросының отырысында мал-мүлкі тәркіленетін байлар мәселесі жабық түрде қаралған. Жиында шаруашылығы тәркіленетін байлардың тізімі көрсетіледі. Бастапқыда 60 адамның тізімі жасақталған. Олардың қатарында Шалқар ауданы бойынша  Иса Жиесов, Алшағыр Сүлейменов, Қадыр Құлжанов, Нағым Мұхтаров, Бәймен Қызылбасов, Зәкір Нұрбаев, Құдайберген Жұманшин, Кенжеғара Бажанов, Байқожа Шалқұшаров, Отарбек Шалатаев, Есқұл Бекбасов, Исатай Әкешев, Оразқұл Ормақов, Аянас Тотанов, Тоқмақ Қызылбасов, Мұхамедияр Батақов, Қалмағамбет Ержанов, Мінім Бірімжанов, Бәймен Жасағанбергенов, Кенжебай Жасағанбергенов, Қалет Тоқтықұлов, Құлекен Биманалин, Құлжай Қасмағамбетов, Мырзалы, Құдайберген Молдин бар.

Темір ауданынан тізімде болған байлар: Намазбай Шошин, Жантөре Аманов, Әбіш Шошин, Әзім Жәнібеков, Күзембай Қажыбаев, Алпысбай Қалменов.

Ақтөбе ауданынан тізімде болған байлар: Үсембай Жумин, Кәрім Сүлейменов, Құрым Ермұхамедов, Қали Жиебаев.

Ырғыз ауданы бойынша тізімде болған байлар: Қабылбай Байұзақов, Қожабай Бижанов, Әміре Байұзақов, Бәймен Кенебаев, Қара Жүргенов, Қартбай Байұзақов.

Сол кездегі Магаджан ауданынан тізімге енгендер: Қосқұлақ Досмұратов, Қабаш Жайықов, Мақым Жәңгіров, Арен Шабевов, Ғани Баймағанбетов, Мәмбетал Тілеубаев.

Шыңғырлау ауданы бойынша тізімге енгендер: Қалан Нұғманов, Хайрулла Бәйішев, Боран Баяндиев.

Қарабұтақтан тізімге енгендер: Ұлжай Қисықов, Дәуіт Қонысбаев, Ернүсін Рсанов, Мамыт Дәубаев, Рысмағамбет Итқарин.

Елек ауданы бойынша тізімге енгендер: Дәулет Дәуітов, Жұмағали Дәулетов, ал Қобда ауданынан Бөрімбай Құдайқұлов, Қази Мәмбетов, Қабақ Байқадамов және тағы басқалар бар. Бұл дерек облыстық мемлекеттік архивтің 9-қоры, 1-тізбедегі 14-істе сақталған.

Тәркілеу бұдан кейін де жалғасқан және қазақ байларына қарсы теріс қоғамдық көзқарас қалыптастыру бағытында да көп нәрсе істелген.

Жоғарыдағы тізімде Ырғыздан Қабылбай мен Әміре атты ағайынды адамдар бар. Олардың әкесі Байқабыл дүниеден ертерек өткен. Ал соңында қалған балалары жас болса да байлардың тізіміне енгізіліп, қудалауға ұшыраған. Байқабыл байға қатысты ел арасында дерек көп. Оның жылқысы көп болғаны соншалық, нақты санын білмеген деседі, асылтұқымды жылқылар өсірген, өзі болыс болған, жоқ-жітікке қарасатын, ел-жұртына жанашыр жан болыпты. Міне, осындай адамның балалары қудаланып, лагерде өлген. Інісі Қартбай деген кісі де мал-мүлкі, тәркіленіп, сотталған. Қазір оның ұрпақтары бар. Ырғыз ауданының Тепсең ауылында тұратын Байқабылдың ағайындарының оның бір баласын (есімі Әміре болуы керек) жасырып, түнде Қостанайға қарай қашырып жібергені де айтылады. Ырғыз ауданының тұрғыны Бидағұл Жұмағанбетов деген ақсақал бала кезінде осы оқиғаны көзімен көріпті. Атамыз: «Ол кезде 8 жастамын. Күз айы. Түнгі сағат 10-11-дің шамасы. Тепсеңде екі бөлмелі қоржын үйде тұрамыз. Әкем жаңағы байдың баласын түнде үйге ертіп кірді. Мен ұйықтайын деп жатыр едім, әкем ояу жатқанымды біліп, «ұйықта» деп жекіп тастады. Содан ұйқым келмеді, көрпені бүркеніп, ұйықтаған болып, сығалап, әңгімелерін тыңдап жаттым. Балаға анам көрпе жая бергенде, көрпені лақтырып тастады. «Маған көрпе жайма, осы көрпеден қорлық көрдім ғой», — дегені әлі есімде. Бала ашулы еді. Асығыс тамағын ішті, дастарқан басында әкем ақылын айтып жатты. Үйде сауып отырған жалғыз құлынды бие бар еді, әкем балаға: «Осы биені мініп кетесің. Әбден шаршағанынша мін, шаршап жүрмей қойған кезде қоя бер, ауылды өзі тауып келеді, құлыны осында» деп, түннің ортасында баланы қашырып жіберді. Құлын күні бойы байлаулы, түстен кейін биені іздеп, шырқырай бастады. Ал бие тек кеш бата келді, үсті-басы қара тер, әбден шаршаған. Бірақ, өкінішке қарай, кейін баланың Қостанай жағында ұсталып, лагерге жөнелтілгенін естідік. Содан елге оралған жоқ, сол жақта өлді», — деп есіне алып отыратын. Бұндай оқиғалар сол кезде көп болған. Адамдардың тағдыры, ауыртпалықтары сол кезде ес біліп қалған балаға ой салған. Бәрін көзбен көрген қарияларымызды тыңдағанда, сол замандағы балалардың ел-жұрттың мұң-зарын ерте түсініп, ерте есейгені, көз алдындағы оқиғаларды ұмытылмас қасірет ретінде қабылдағаны аңғарылады.

Қазақтың дәстүрінде халықты ұлт ретінде біріктіретін рухани тәжірибені, мәдени игіліктерді сақтауға зор мән берілген. Өкінішке қарай, кеңес билігі халықтың бұл дәстүрін ескермеді, керісінше, мысалы, қазаққа тән ел басқарудағы тұлғалар институтын қасақана жойды. 1918 жылы «Қазақ» газетінің бірінші санына шыққан мақалада алаш зиялылары: «Большевиктер дәурені көпке бармас, бірақ большевиктің ылаңының кесірі тез арыла қоймас. Большевиктер мемлекет ісінің басынан көшер, бірақ көшкенше талайды болдырып, былғап кетер», — деп айтып кеткен. Ал бұл сөздің растығын, ақиқатқа айналғанын біз көріп отырмыз.

Қоғамның дамуы үшін, ашық түрде интеллектуалдық сипатқа ие бәсекелестік болуы керек. Бәсекелестік болуы үшін, кәсіп, еңбек, іскерлік пен білім жалпыға ортақ құндылық ретінде танылуы тиіс. Байлық — жекелген адамдар қол жеткізетін жалпыға ортақ игілік. Қазақ қоғамында бай, кедей деп бөліну болмаған. Ұлт пен қоғамға қатысты барлық тәжірибе ұлттық мүддені сақтау мақсатынан туындап, қалыптасып отырған. Ал рушылдық сананы күшейту, қоғамды бай мен кедей деп бөлу отаршылдар жүргізген саясаттың негізгі құралы болды.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы тұлғалар тағылымын, әсіресе, олардың басынан өткен қасіреттің ұлт тағдырымен сабақтастығын зерттеу — біздің міндетіміз. Алдағы уақытта осыған қатысты көптеген деректер жарыққа шығуы керек. Байларды тәркілегенде олардың шаруашылығымен қоса, үйлеріндегі дүниелеріне, аттың ер-тоқымына дейін тартып алынған. Осының өзі сол кезде жүргізілген саясатқа жан-жақты қараудың қажеттігін көрсетеді.

Үмбетхан СӘРСЕМБИН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button