Ауыл

Алғашқы жартыжылдық: оң өзгерістер

Алға ауданы

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз туры бұл жолы Алға ауданында жалғасты. Іссапар кезінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданның биылғы 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады.

 

Аманкелді ауылына газ тартылады

Баспасөз туры Алға ауданындағы Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Аманкелді елді мекенінен басталды. Аталған округ әкімі Ернар Махамбетовтің айтуынша, қазір мұнда 237 тұрғын қоныстанған. Халықтың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Жақында ауыл тұрғындары көптен күткен көгілдір отын мәселесі шешілмек. Қазір газ құбырын тарту жұмыстарының 90 пайызы аяқталып тұр.

— Осыдан бір жыл бұрын облыс әкімінің есептік кездесуінде Аманкелді ауылын газдандыру жұмыстары бойынша мәселе көтерілген еді. Бүгінгі таңда облыстық бюджеттен 132 миллион теңге қаражат бөлініп, газ тарту жұмыстары аяқталып қалды. Барлық үйге газ құбыры кіріп тұр.

Биыл тамыз айында 13 шақырым жерде орналасқан Қарабұлақ ауылынан жоғарғы қысымдағы газ қосылады. Ауыл халқы ауызсудың игілігін көріп отыр. Алдағы уақытта жол жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, — дейді Ернар Махамбетов.

Қазіргі таңда аталған ауылда 9 жылдық мектеп бар. 2018 жылы ауылдағы шаруа қожалығының басшысы, жеке кәсіпкер Самат Қалдығұлов өз қаражатына Мәдениет үйін салып берген. Енді көгілдір отын келеді. Бұған ауыл тұрғындары дән риза.

— Осы ауылда 45 жылдан бері тұрып келемін. Жеріміз шұрайлы. Мал ұстауға өте қолайлы мекен. Ауылдағы бір мәселе — көгілдір отынның жоқтығы еді. Қақаған қыста көмір тасып, күл шығарып, әбігерге түсетінбіз. Бір жылда 150 мың теңгеге көмір сатып алып, отын жинайтын едік. Енді бұл қиындықтар артта қалғанына қуаныштымыз. Осы іске қолдау танытқан барша азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, — дейді ауыл тұрғыны Мәкия Төребаева.

Бұдан соң Алға ауданы әкімінің орынбасары Мирхан Ермағанбетов биылғы жылдың 6 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және алдағы жылғы жоспарлары туралы баяндады.

Ауданда әсіресе кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында өсім байқалады. Бүгінде 41 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда 12 ауылдық округ бар. Аудан халқының 97,8 пайызы таза ауызсумен және 96,9 пайызы газбен қамтылған.

— Жалпы аудан халқы, негізінен, ауыл шаруашылығына бейімделген. Бүгінде 430 шаруа қожалығы жұмыс істейді.  Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 84,6 пайызды құрап отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің бірден-бір индикаторы — инвестиция. Биыл республикалық Ақтөбе — Қандыағаш автокөлік жолын қайта қалпына келтіру жобасы есебінен инвестиция көлемі 167,9 пайызды құрады. Ауданда 2304 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Қазір оның  2229-ы белсенді жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін 650 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 1,4 есеге көп. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі — 5,2 пайыз, — деді Мирхан Ермағанбетов.

Оның айтуынша, биыл күзге дейін аудандағы Аманкелді, Талдысай және Жерұйық ауылдарына орталықтандырылған интернет желісі орнатылмақ. Егер жоспар орындалса, ауданның инернетпен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді.

Ауданда барлығы 29 мектеп бар. Балабақшамен қамту мәселесі 100 пайызға орындалып отыр. Биыл «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша 4 медицина маманы жұмысқа тұрған. Сондай-ақ жаңа оқу жылына дейін төрт ауылдық округке педагог мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бестамақ және Есет батыр ауылдық округтерінде бірқатар мәдениет нысандарына күрделі жөндеу жүргізілуде.  Сонымен қатар биыл 7 ауылға шағын футбол алаңы салынбақ.

 

Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Биыл Алғада құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Солардың бірі — Алға аудандық индустриалды-техникалық колледжі күрделі жөндеуден өткізілуде. Екі қабатты колледж ғимараты 1985 жылы салынған.  Бұрын жөндеу көрмеген, жалпы көлемі 2585 шаршы метрді құрайтын нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 159 миллион 285 мың 277 теңге қаражат бөлініп отыр.

— Колледж 5 мамандық бойынша жұмысшы мамандарды даярлайды. Ақысыз негізде оқытылады. Білім алушыларға арнайы шәкіртақы тағайындалған. Биыл 70 түлек оқу орнын аяқтады. Былтыр бітірген түлектердің 70 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Қазіргі күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде, — дейді колледж директоры Нұргүл Ахметова.

Ауданда кәсіпкерлікке бет бұрып, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін тиімді пайдаланып отырғандар жетерлік. Бестамақ ауылының тұрғыны  Гүлшат Сүлейменова «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 1 миллион теңгелік гранттың иегері атанып, тігін шеберханасын ашқан. Бүгінде ол шала туған балаларға тоқыма киімдер тігіп, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

— 2019 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы курс оқып, грантқа ие болдым. Осы қаражатыма бірнеше тігін және тоқыма машиналарын сатып алдым.

Жүннен тоқылған экологиялық таза киімдерге сұраныс жоғары. Еліміздің бірқатар өңірлерінен бөлек, Ресейден де жиі тапсырыс түседі. Бұл киімдер меринос қойының жүнінен тоқылады.  Бала шала туылған жағдайда, оның жүйке жүйелері толық дамымайды. Сондықтан бұл киімдер баланың жүйке талшықтарына оң әсерін тигізеді. Мұны «жүн терапиясы» деп атаймыз. Қазақстанда біздің тоқыма машиналарымызға келетін арнайы жіптер жоқ. Сондықтан Ресейден алдыруға тура келеді, — дейді кәсіпкер.

Бұдан кейін баспасөз турына қатысушылар «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан Бестамақ орта мектебінде болды. Мектеп директоры Анар Истеғұлованың айтуынша,  1975 жылы салынған ескі ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен 133 миллион теңге қаражат бөлінген.

Бұған дейін 2014 жылы мектептің едені мен есік-терезесі ғана жаңартылған. Жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ. Білім ордасында қазақ-орыс тілдерінде оқитын 700-ге жуық оқушы бар.

Сонымен қатар Бестамақ ауылында тұрғындар бау-бақша суару үшін техникалық су жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Су Елек өзенінен тартылады.

— 4 мамырда су құбырын жүргізу жұмыстары басталды. Күні кеше құны 2 миллион теңгеден асатын арнайы модульді сорғы станция жеткізілді. Алдағы аптаның соңына дейін жұмыс толық аяқталмақ. Бұл жоба ауылдың 30 пайызын сумен қамтамасыз ететін болады. Су тек жаз айларында ғана бау-бақша қызметі үшін берілетін болады, — дейді «Алға жылу» коммуналдық мемлекеттік қызмет мекемесінің басшысы Нұрлан Дәулетов.

Баспасөз туры Басқоспа ауылындағы «Сығылай» шаруа қожалығында аяқталды. Аталған қожалық 2016 жылы ашылған. Сүт бағытындағы мүйізді ірі қара ұстайды.

— Жыл сайын шаруашылық кеңейіп, мал басы көбейіп келе жатыр. Ең алғаш кәсіпті қолға алғанда 50 сиыр болды. Қазір 230-ға жетті. Сүт өнімін облыс орталығындағы «Айс-плюс» сүт компаниясына тапсырамыз. Айына 35 тонна сүт өнімін алып отырмыз. Жұмыс жүйесі автоматтандырылған. Қазіргі таңда 8 жұмысшы қызмет етеді.

Кәсібімді «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып бастадық. Жыл сайын жемшөпке субсидия алып жатырмыз. Мұның барлығы кәсіп бастаушыларға немесе кеңейтемін деушілерге үлкен көмек, — дейді шаруа қожалығының басшысы Әлібек Айтбаев.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Алға ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button