Мереке

Ниеттеріңіз қабыл болсын!

Әлемдегі барша мұсылмандар тойлайтын екі үлкен мерекенің бірі — Құрбан айт. Биыл Құрбан айттың бірінші күні шілденің 20-сына сәйкес келеді.

Қазіргі індет жағдайында құрбан шалушылардың мал базарында, мал сою алаңдарында топ-тобымен жүруі олардың өзденсаулығына, індеттің таралуына қауіпті екені түсінікті, сондықтан Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы былтырқұрбан шалуды «өкілдік» қағидасына сәйкес онлайн режимінде ұйымдастырды. Биыл да бұл жалғасын табады. Бұл үшін құрбандық шалуға ниет еткен жандар qurban2021.kz сайты арқылы тапсырыс бере алады.

Облысымыздың бас имамы Серікжан Еншібайұлы сайт арқылы тапсырыс берудің 13 шілдеден басталғанын айтты.

— Біз шаруашылықтарға былтырғы ниет етушілердің санын есепке ала отырып, мал басына алдын ала тапсырыс бердік. Ниет етушілер тарапынан, негізінен, ірі қара мен қойға тапсырыс беріледі. Ал түйе мен ешкіні құрбандыққа шалу біздің өңірде өте сирек кездеседі. Малдың қазіргі бағасына қарасақ, 7 адамның бірігіп, ірі қара шалуы тиімдірек. Ал мал сою үшін «Айбек» өндірістік кооперативімен келісім жасалды. Құрбан малын союдың тәртібі бар, бұл жағы міндетті түрде сақталады. Құрбандыққа шалынған малдың етін мұқтаж жандарға тарату үшін мұздатқышы бар көліктер бөлінген. Ақтөбе қаласы бойынша 8 көлік бөлінген. Ал тапсырыс иесі құрбандыққа шалынған малының кімдерге таратылғанын білемін десе, ол мәселе бойынша алдын ала келісу керек, мұндай жағдайда оған бейне есеп жіберіледі, — деді бас имам.

Құрбандық шалу айт намазынан кейін басталады. Дініміз адамға ауырлық жүктемейді. Сондықтан Құрбан айтта құрбандық шалу барлық мұсылманға міндет емес. Бас имамның айтуынша, құрбандық шалу тек бай адамдарға уәжіп етілген.

— Бұл мәселеде нисап мөлшері ескеріледі. Нисап мөлшері дегеніміз — 40 қой, 30 ірі қара немесеқажеттілігінен артық 85 грамм алтын. Яғни адамның баспана, күнделікті ас-суы сынды басты қажеттіліктерінен артық қаражаты, мал-дүниесі болуы керек, — дейді бас имам Серікжан Еншібайұлы.

Ақшаға шаққанда нисап мөлшері 1 миллион 230 мың теңгені құрайды. Құрбандық шалу үшін онлайн режимін пайдаланушылардың басым бөлігі малдың етін түгелдей мұқтаж жандарға таратуға тілек білдіреді екен. Дегенмен үштен бірін өзіне алуға да құқысы бар. Егер үштен бірін өзіне алғысы келген жағдайда оны ұйымдастырушыларға алдын ала айтуы керек.

Құрбандық шалуға тапсырыс берушілермен қатар, мұқтаж жандар да ет алуға тапсырыс бере алады. Бұл жағдайда да тапсырыс жоғарыда көрсетілген qurban2021.kz сайты арқылы беріледі. Бірақ бұл сәл кейінірек басталады.

— Бір отбасынан бір адам ғана тапсырыс беругетиіс. Былтыр бір отбасынан бірнеше адам тапсырыс берген жағдайлар кездесті. Құрбан айтта сойылған малдың еті шын мәнінде көмекке мұқтаж, ас-суға зәру жандарға жетуі керек. Құрбандық етіне тапсырыс берушінің бұл мәселеге жеңіл-желпі қарамағаны дұрыс, — деді бас имам.

Биыл ішек-қарын, бас-сирақты ысырап етпеу мәселесі де алдын ала ойластырылған.

Біз баршаңызға ниеттеріңіз қабыл болғай дейміз.

Сондай-ақ ҚМДБ-ның қажылық бөлімі де қажылық сапарына қатысты мәлімдеме жасады. Сауд Арабиясы тарапынан пандемияға байланысты 2021 жылы үлкен және кіші қажылық рәсімдеріне шектеу қойылған. Алайда туристік фирмалар екпе салдыруға қатысты жалған құжаттар әзірлеу, т.б. әрекеттері арқылы көпшілік арасында түсінбеушіліктер тудырған. Мұндай сапарға заңбұзушылық, өтірік арқылы баруға талпыну, әрине, қылмыс әрі күнәға жатады. Өкінішке қарай, бұл еліміздің абыройына да нұсқан келтіреді.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button