Тұлға

«Өзіме де белгісіз әлемді тануға ұмтыламын»

17 шілде — белгілі мүсінші Бақытжан Әбішевтің туған күні. Тірі болса, 74 жасқа келер еді. Біз артында үлкен із қалдырған Ақтөбенің даңқты перзентінің рухына тағзым ете отырып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, журналист Әділ-Бек Қабаның мүсінші туралы ертеректе жазылған мақаласын жариялап отырмыз.

Дүниеде мәңгілік ешнәрсе жоқ. Бәрі де өтпелі. Тарихи уақыты жеткенде жеке адамдар түгілі азуын айға білеген айбатты мемлекеттер де жұтылып кетеді. Сан ғасырдан кейінгі ұрпақ олардың қандай ел болғанын, сол елдің мәдениетін артында қалдырған мол мұрадан, оның ішінде сәулет, бейнелеу өнерінен, мүсіндерден, кітаптары мен ғылыми мұраларынан ғана танып білмек. Мұндайда қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді ежелден. Сол өміршең өнердің бірі — мүсіншілік. Мүсін — өнер туындысы әрі тарих. Мүсінші — сол шексіз тарихтың бір сәтін ұзақ уақытқа «тоқтата» алатын шебер «сиқыршы». Біздің заманымыздан бұрынғы төртінші мыңжылдықта Вавилон жерінде адамдардың үлкен мәдениетке қол жеткізгенін ежелгі Қосөзен жерінен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған сәулет, бейнелеу өнері туындылары мен шебер сомдаған мүсіндер арқылы танып-білгеніміз де соның айғағы. Осы тәрізді Египеттегі биіктігі 20 метрден астам, ені 52 метрлік басы адам, ал тұлғасы арыстан бейнесіндегі үлкен Сфинкс пен Хеопс Перғауынға арнап салынған биіктігі 150 метрге жуық, бір мезгілде 100 мың адам еңбек еткен, сөйтіп, Геродоттың есептеуінше, 20 жыл бойы салынған Хеопс пирамидасында «жалмауыз» тарих жұтып қойған аты аңызға айналған елдің болғанын, мәдениеті мен тарихын танытатын айғақтар.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы монументалдық кешені. Атырау,2003.

Мүсін өнері белгілі бір ұлттың салт-дәстүрін дәріптеуші, тарихын әріге апарушы ғана емес, сол елдің өз тарихын, тұлғаларын тану, құрметтеу, ұрпағын отаншылдыққа тәрбиелеу құралы қызметін де атқарады. Ал мүсінші тек әлдекімнің немесе әлдененің мүсінін, бейнесін тұлғалаушы ғана емес, ол — суреткер, философ. Өзін философ деп атаған ең алғашқы адам Пифагор болса керек. Оған дейін ақыл-ойдың кемеліне жеткен адамдар өздерін «кемеңгер», «данышпан» деп атапты. Ал Пифагор «философ» деген дүниетаным туралы ғылымға «бір нәрсенің сырын табуға, анықтауға ұмтылушы» деген қарапайым ұғымды сыйдырған.

Мылқау бейнені мыңдаған жылдар бойы түсінікті тілмен «сөйлетіп» қою тек талантты мүсіншінің қолынан ғана келмек. Ондай дарынмен дараланған таланттар қазақта мол. Тек олардың туындыларын танып, сезе білетін көз, сезім, жүрек, рух қажет. Тасқа «тіл бітіретін» осындай қарапайым қазақ мүсіншілерінің бірі — Бақытжан Әбішев. Болмысы мен шығармашылығы жеңіл оқылатын «кітапқа» ұқсамайтын оның бойында суреткер һәм адам ретінде қайшылыққа толы бір мінез бар.

Ол Еуропа өнерін меңгере отырып, өз туындыларын ел ұғымына жақындата түседі. Суриков атындағы Мәскеу институтын тәмамдаған Бақытжан Әбішевтің қолынан шыққан әрбір мүсіннен қазақтың, онда да эпостағы, батырлар жырындағы, қисса-жырлардағы дала қазағының рухы мен мұндалап тұрады. Б.Әбішевтің «Күйшісі» (1973) махаббат пен шаттыққа, күнәһарлық пен пендешілікке толы мына дүние-жалғанда өзінің де бар екенін ұмытып, кеудесін кернеген алай-түлей ішкі сезімдерін күйшанақтан төгіп, ширығып отыр. Онда «Мынау пәлен күйшінің мүсіні ғой» деп жазбай танитын нақты бет-әлпет, әдрісті бейне жоқ. Абстрактілі сұлба. Жан дүниесімен тебіренген күйшінің толғанысқа толы арпалысты бір сәті мәңгілік бейнеге айналып, тас бейнесінде қатып қалғандай. Күй құдіретін, күйшінің ішкі арпалысын, толғанысын сезім тұңғиығында бастан кешпесе, түсінбесе, күйшінің образын «сөйлете» алмас еді. Дәл осындай қазақы, қарапайым әрі шынайы бейнені оның «Бүркітшісінен» де (1997) байқауға болады. Бақытжан Әбішев жасаған «Ұран» (1986), «Томирис» (1994), «Күту» (1985), «Құлагер» (1986), «Салт атты» (1987), «Талтүс» (1990), «Олимпиадашы» (1994), «Махамбет пен Исатай» (2003) образдарына ортақ рух — жылқы. Желмен жарысқан ер қанаты — арғымаққа әртүрлі «мінез» беру арқылы өзі сомдап отырған образдың да мінезін тауып, тірілте түседі. Қазақыландырады әрі поэтикалық мағына ендіреді. Ол жасаған жылқы образының бірі — «Құлагер». Ол да нақты, көшірме бейне емес, жиынтық образ. Ол туралы Асқар Сүлейменов:

«Әбішев — өз алдына дара тұлға. Бұған оның творчествосына кіретін, кіндігі сұлап түсіп, мерт болған тұлпар бейнесі, «Өліара» деп қате аталған мүсін дәлел. Жанарына жарты әлемді сыйдырған тұлпардың қарашығына зер салыңыз. Жарты әлемнің емес , күллі ғаламның қасіреті осы қарашықта тұр. Бұл — келіспеске амалдарыңыз кем классика, ал классика деуге тіпті қимасаңыздар — классикаға жетеқабыл туынды», — депті. Шынында, оның « Құлагері» бір қарағанда өмір мен өлімнің, ақ пен қараның арасындағы айқасты, жануардың жантәсілім алдындағы арпалысын елестетсе, оның астарындағы ойға үңілсең, Батыраштардың қолынан ажал тапқан қазақтың талай ұлтжанды құлагерлерінің тағдырын жазбай тануға болады. Бақытжан жылқыны тек ортақ рух ретінде алып қана қоймайды, сонымен бірге ол өзі мүсіндеп отырған кейіпкердің мінез-құлқын осы аттың сыртқы бейнесіне сыйғызылған мүсін арқылы аша түседі. «Томиристің» аты – сұлу да кербез, Махамбеттің аты – алкеуде, тарпаң, ойнақы әрі тұлғалы. Исатайдың аты – тұлғалы әрі паң. Ал «Ұрандағы» ат ширығып, әлдебір қан майданға шақырып тұрғандай. Бірақ үстіндегі адамның нақты пішіні жоқ. Абстрактілі бейне. Бұл «Салт аттыға», «Жаңғырыққа», ептеп «Күйшіге» де тән. Осы топтағы мүсіндерге «Көш» (1999), «Құрылтай» сияқты мүсіндерді де кіргізуге болады. Дәл осы жерде Бақыт екі қырынан танылады: ол еуропалық дәстүрмен адамды, жан-жануарды, басқа да жанды-жансыз заттардың бет-пішінін немесе түр-тұлғасын айнытпай мүсіндеу арқылы ойды жеткізу тәсілін өзінше жетілдіреді және кейбір классикалық ұғымды бұза отырып, ұлттық түркілік реңк береді. Яғни ой абстрактілі бейнеге пәлсапалық мазмұн телу арқылы жеткізіледі әрі ойға шақырады.

Екіншіден, мүсінді нақты бет-әлпетсіз, абстрактілі тұлғалаудан да өсіп, түп негізінде балбалдармен үндесіп жататын, түркі пластикасына жақын болып келетін жаңа соқпақ табады. Бұл бірте-бірте Бақытжан Әбішевті өзге мүсіншілерден бөлектеп тұратын стильдік ерекшелігіне айналдырады. Тіпті классикалық нормаларды бұзған туындылары да бар. Айталық, «Магдалина» және басы адам, төменгі жағы жылқы кентавр «Олимпиадашы» еуропалық бет-бейнеде емес, балбалдарға тән түркілік кескінде. Классикалық шешімінің жаңалығы тек қазақстандықтарды ғана емес, алыс-жақын шетелдіктерді де таңғалдырды, мойындатты. Оның дәлелі бүгінгі күні «Олимпиадашы» бейнесі Швейцарияның Лозанна қаласында, «Күйші» — Германияда, «Томирис» Мәскеуде тұр. Неліктен ол қазақ даласында көптеп кездесетін балбалтастардағы бейнені өз шығармашылығына негіз етіп алды? Бұл сұраққа жауапты оның елшіл, қазақы әрі жаңалықшыл жан дүниесін терең түсіне алған адам ғана табады. «Мен әлімсақтан түркімін, сонан соң қазақпын», — дейді ол. Үйреншікті классикалық, еуропалық нормадан, стильден көңіл қошын таба алмаған мүсінші кенет пластикалық сарынына балбалдарды интерпретациялап енгізеді де, өзгеге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын жасайды.

Қайшылық жоқ жерде адам санасында қайнасып, сіресіп, қатып қалған қасаңдықты бұзуға, талпыныс жоқ жерде даму да жоқ. Бірақ, бұл — ескінің бәрін қасаң деп тану, жоққа шығару емес. Нақты бейненің ешкімнің ойына келмеген жаңа образын мүсіндеудің өзі қасаңдықты бұзуға талпыныс. Оған Бақытжан Әбішевтің «Жамбылы» дәлел. Ұлы ақын жұртқа әдеттегідей тұғыртастың үстінен қол жетпес бейнедей асқақтап қарамайды. Тірі кезіндегідей, елдің арасында, халқына жақын. Ақын образын тұлғалаудың жүрекке жылы шешімін тапқан. Оның қолынан шыққан әр туындыдан тынымсыз ізденіс іздерін, өзгені, өзге түгілі өзін-өзі қайталамауды негіз етіп алған бір принципті танығандай боласың. Ол мүсіншілік өнерге «жұмысым», «күнкөріс көзі» деп қарамайды. Бір істі бастаса, сол образға бар болмысымен еніп, бүкіл дүниені ұмыту да оған тән қасиет. Небәрі елудің белесіне жаңа көтерілген мүсіншінің қолынан шыққан туындылар ауқымы бүкіл республиканы қамтитыны да оның жанкешті еңбекқорлығының айғағы. Нақтырақ айтсақ, «Тоқаш Бокин» (Алматы), «Бұқар жырау», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» (Баянауыл), «Жамбыл» (Алматы), «Әлия Молдағұлова» (Ақтөбе облысы), «Махамбет пен Исатай» (Атырау) бейнелері қазақ даласының әр аймағына айбат, рух беріп тұр. Олардың әрқайсысы — аланты мүсіншінің жан дүниесін жарып шыққан, көз салған адамның қиялын қияға жетелейтін, стильдік, образдық шешімін тапқан дүниелер. Ол туралы мәдениеттанушы Альмира Наурызбаева: «Көркем шығарма адамды толқытса, ой ұшқынын тудырса — бекер жазылмағаны. Туынды адамның жан жүрегіне әсер етуі шарт». Б.Әбішев әр шығармасында осыған қол жеткізеді. Мүсіншінің еш уақытта өзін-өзі қайталамайтынының, өзіне-өзі интерпретация жасамайтынының себебін де осыдан іздеу орынды. Оның әр шығармасы өзіндік өмір кешеді, әр шығармасы көрерменін бейжай қалдырмайды. Шамасы, Б.Әбішевтің қарама-қайшылық рухымен суарылған мінез болмысы (бұл болмысын ол өзі де мойындайды) қандай да болсын қайталауға жол бергізбейді. Ол үнемі өзіне белгісіз әлемді тануға ұмтылады», — депті.

Иә, ол өз әлемін іздеумен келеді. Мүмкін, енді араға уақыт салып, әлем оны іздейтін болар.

Әділ-Бек ҚАБА,

«Жас Алаш».

Басқа жаңалықтар

Back to top button