Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Сарматтың қанжар-қылышы…

Көне қорғанда ежелгі әскербасылар жерленген болуы мүмкін

Қазір елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы, осы жоба бойынша жасалған киелі орындардың тізімі, картасы бар. «Киелі жер» ұғымы бүгін немесе ХV-ХVІІІ ғасырлардағы Қазақ хандығының кезінде пайда болған жоқ, ол —Ұлы даланы мекендеген халықтың санасында, жүрегінде, жадында бұдан жүздеген жылдар бұрын да болған түсінік. Және қазіргі Ақтөбе қаласының тұрған жері де — ғасырлар бойы Ұлы даланың ерекше қастерлі, киелі орындардың бірі болған жер.

Ел ауызындағы аңыздар, саяхатшылар мен бастапқы қоныстанушылардың жазбаларындағы аз-кем деректер ғана емес, Ақтөбенің айналасында сарматтардан қалған көне қорғандардың көптігі, одан бергі ғұндардың жерлеу орындарының, түркі-қыпшақ дәуіріндегі жерлеу рәсімінің ғұрыптық құрамдас бөлігі —мүсінтастыңтабылуы, Ноғай Ордасы мен Қазақ Ордасы тұсында бұл жерді билеуші әулет өкілдерінің жайлауы — осы сөзіміздің дәлелі.

Жақында жергілікті археологтар Ақтөбе маңында, атап айтқанда Ақтөбе мен Мәртөк ауданының шекарасындағы 3-Қурайлы қорғанында қазба жұмыстарын жүргізіп, күтпеген олжаға кезікті: бір қорғанның астынан шұңқыр түріндегі 8 қабір (катакомбалық жерлеу)жәнекеңдеу келген, бөренелерден тұрғызылған шатыр тәріздес тағы бір жерлеу орны табылған. Шатыр тәріздес жерлеу орны — ортада, ал қабірлердің жетеуі — оның батыс жағында, біреуі шығыс жағында орналасқан.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғалидың айтуынша, 2021-2024 жылдар аралығында облыс аумағында кешенді археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізу жоспарланған. Бұл жобаға облыс әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. 3-Қурайлы қорғанындағы қазба жұмысы — осы жоспар шеңберіндегі бастапқы жұмыстардың бірі. Мұндағы зерттеулерге музейдің археология және этнография бөлімінің мамандары, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері жұмылдырылыпты.

3-Қурайлы қорғаны — шамамен, қазіргі жыл санауымызға дейінгі VI ғасырдың ортасы мен V ғасырға тән тарихи ескерткіш.Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Аслан Мәмедовтің айтуынша, мұнда 20 шақты адам жерленген. Олардың арасында ер адамдар да, әйелдер мен балалар да бар. «Сірә, бір әулеттің өкілдері болса керек деп болжаймыз», — дейді археолог. Жерленген адамдардың көпшілігінің басы оңтүстікке қаратылған. Бұл — ежелгі сарматтардың жерлеу құрпына тән белгі.

Ең ортадағы жерлеу орнының өзінен бірнеше мәйіт табылған. Олардың кейбірінің қасында қылыштары жатыр.Тот басып, әбден тозса да, ұзынша қылыштардың бастапқы пішіндері ап-айқын байқалады. Осы жерден жылқының сүйектері де шыққан. Мамандар оларды құрбандыққа шалынған малдың сүйектері болуы мүмкін деп болжайды.

Қылыш демекші, археологтарды қорғаннан жақсы, яғни қолға алып қарауға болатындай жағдайда сақталған, ұзындығы 40 сантиметр шамасындағы ақинақтың табылуы ерекше қуантқан секілді. Бұдан 2,5 мың жыл бұрынғы қорғандардан табылған темір қарулар көбіне әбден шіріген, қолға ұстаса үгітіліп кететіндей жағдайда кездеседі екен.

Мамандар бұл қорғанда өз тұсындағы ақсүйек әулеттердің бірінің өкілдері жерленген болса керек деп болжап отыр. Мысалы, белгілі әскербасылар әулетіне тиесілі болуы әбден мүмкін.

— Сарматтар жауынгер болған. Басқа көшпелілерге қарағанда, көбірекқаруланған, милитарланған қауым болған, — дейді Аслан Мәмедов.

Ал Мейрам Дүйсенғали:

— Мұндағы жәдігерлер жақсы сақталған. Темір қылыштардың зооморфтық үлгімен әсемделгені байқалып тұр. Негізі, зерттеу жұмыстарын жүргізуге алтын бұйымдардан гөрі темірден жасалған қару-жарақтың, қыш ыдыстардың септігі көбірек тиеді. Өйткені олардың пішіндеріне қарап, жерлеу орнының қай кезеңге тән екенін анықтауға болады. Қылыштардың ұзындығы, пішіні, тіпті жебе ұштарының үлкен-кішілігіне дейін әр кездері өзгеріп отырған және олардың ұзақ қолданылмайтыны да белгілі. Ал алтын бұйымдар ұрпақтан-ұрпаққа мұрағаберіліп, ғасырдан-ғасырға көше береді, — деп түсіндірді.

Қорғаннан тас, темір, алтын, қола, әйнек сынды материалдардан жасалған көптеген бұйымдар шықты.Бұларда әйгілі «аң стилінің» іздері сайрап жатыр. Ерекше назар аударатын жәдігер — биіктігі 12 сантиметр, ені 13 сантиметрден астам боп келетін түйе пішіндес қола бұйымдар. Мамандар бұлардың ат-әбзелі бұйымдары екенін түсіндірді. Тіпті олардың ішкі жағынан әбден шіріп, топыраққа сіңіп кеткен былғарының да түйір-түйір бөлшектері байқалады. Мұндай түйе пішіндес, бірақ өлшемі жағынан кішіректеу бұйымдар Елек бойынан, осы Қурайлыдан сәл әріректегі Бесоба қорғанынан бұрын да табылыпты. Бесобаны Алматыдан келген мамандар зерттегендіктен, ондағы жәдігерлерді өздерімен бірге әкеткен.

3-Қурайлы қорғанынан табылған «түйелердің» түсі қолаға келіңкіремейді, 2,5 мың жылдай уақыт бұрын көмілген бұйымдар топырақпен, оның құрамындағы заттармен әсерлесіп, көкшіл түске енген. Бірақ мамандардың айтуынша, зертханалық өңдеулерден кейін біз бұл бұйымдарды бастапқы түсінде көре алатын боламыз.

Тастан үш аяқты етіп жасалған, шап-шағын ғана құрбандық табағы — Ұлы даладағы ежелгі тас қашау өнерінің бір белгісі. Ежелгі шебер оның аяқтарын «аң стилінде», яғни қасқыр пішіндес етіп жасаған. Сондай-ақ қорғаннан табылған түрлі алтын жапсырмалардан да қасқыр бейнесі байқалады. Жалпы, «аң стилі»бүкіл Ұлы далаға ортақ өнер болғанымен, зерттеушілер Батыс Қазақстанда, негізінен, қасқыр мен түйе бейнелерінің көбірек кездесетінін айтады. 3-Қурайлы қорғанынан табылған жәдігерлер — сол пікірдің тағы бір дәлелі.

Алтын сырға, қыз-келіншектердің бас киімінде болатын салпыншақтар, дөңгелек пішінді алтын моншақтар, қола айналар мұнда әйел адамдардың да жерленгенін көрсетеді. Мамандар бізден алтын бұйымдар туралы сақтықпен айтуды сұрады. Мысалы, осы қорғаннан табылған алтын бұйымдар аса көп емес. Ал кейде тіпті табылмауы да мүмкін. Дегенмен қорғандардан табылатын көне алтындар туралы деректер кейбір пайдакүнемдерге жатса-тұрса маза бермей, күнәлі іске жетелейтін секілді. Биылғы көктемде нақ осы қорғанға көршілес, жалғас жатқан қорғанды біреулер қазбақшы болған. Бірақ айналадағы адамдар дер кезінде күдіктеніп, олардыңжымысқы ойларын іске асырмапты…

Тарихтың құпиясын сақтап жатқан қорғандар бұл маңда баршылық. 3-Қурайлы қорғанының биіктігі 2 метрге таяу, диаметрі 50 метр шамасында болса, ал әріректен биіктігі 5 метрге жететін қорған да көрініп тұр. Өз заманында одан да биік болған. Зерттеушілердің айтуынша, қорғандардың бәрі де — бір кездегі құрылыстар. Ол құрылыстарға табиғи тастар, тіпті қымбат тастар да пайдаланылған деген деректер бар.

Ежелгі сарматтардың ізі Ақтөбенің қай өңірінен де табылады. 2019 жылы Темір ауданындағы Тасқопа қорғанынан сармат көсемінің қабірі табылып, оның бұйымдары, алтынмен әшекейленген киімі қайта калпына келтіріліп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды. Ал 3-Қурайлы қорғанына жерленген адамдар Тасқопа көсемінен 2,5 ғасыр шамасында бұрын өмір сүрген екен.

Арал мен Каспий аралығы, Мұғалжар баурайы секілді Елек бойы да — сарматтарға құтты қоныс болған жер.Географ, этнограф Серікбол Қондыбай «Үш өзен бастауы» атты мақаласында: «…Елек өзенінің… ежелгі, ғұн-бұлғар-хазар және оған дейінгі дәуірлерде аса маңызды аймақтық Су-Анаға табыну нысаны болғандығын тұспалдауға болады», — дей келіп, көне аңыздарда Елек суының қасиетті, шипалы саналғанын, ауырған адамға Елек суын ішуге кеңес берілгенін айтады.

Суы да қасиетті саналған, әр төбесінде ежелгі дәуірдегі елге тұтқа тұлғалардың рухы тыныстаған, бүкіл түркі жұрты жырға қосқан Едіге батырдың ұрпақтары — Қарасай мен Қазидың есімдерімен байланысты; алкеше ғана ортамыздан өткен Қажығали ағамыз, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Асанқайғы бабаның он жыл тұтас отырып, кеңес құрған жері екен!» — деп жазып кеткен, беріде Арынғазы ханның ізі қалған Ақтөбенің тарихы 1869 жылдан басталмауы керек. 3-Қурайлы қорғанында жүргізілген зерттеулердің де Ақтөбенің тарихын тереңдете, қалыңдата түсуге бір үлес боларына сенеміз.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button