Әкімдер сайлауы

Сайлау: 115 кандидат ұсынылды

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Күнбаева «Ауыл әкіміне кандидаттар ұсыну мерзімінің аяқталуы» туралы тікелей эфир өткізді.

— Бүгін сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарға сәйкес ауыл әкімдерін ұсыну мерзімі сағат 18.00-де аяқталды. Науқан басталғаннан бері облыста барлығы 115 кандидат, оның ішінде 9 шілдеде Қарғалы және Мәртөк аудандарының ауыл әкімдеріне екі кандидат ұсынылды. Жалпы өңір бойынша биыл 35 ауылдық округте 74 сайлау учаскесі жұмыс жасайтын болады. Сайлау 84 елді мекенде өтеді. Әкімдерді сайлау бойынша қазіргі таңда ең көп округ — Әйтеке би ауданында (7). Бұл ауданда дауыстарды санау 15 сайлау учаскесінде жүргізіледі. Ал Қобда ауданында 5 округтегі 9 елді мекенде 8 сайлау учаскесі жұмыс жасайды.

Жалпы, ауыл әкімдерін сайлауға Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Ойыл, Темір аудандарының округтерінен 4 адам, Шалқар ауданындағы Кішіқұм ауылдық округінен 5 адам ұсынылды. 106 кандидаттың сәйкестігі анықталды, 7 кандидат заңнама талаптарына жауап бере алмағандықтан сайлаудан бас тартты. Кандидаттарды ұсыну бойынша жалпы округтерде екіден кем адам жоқ, — деді ол.

Оның айтуынша, бүгінге дейін саяси партиялардан жалпы саны 67 адам кандидаттыққа ұсынылған. Оның ішінде Nur Otan партиясынан — 29, «Ауыл» партиясынан — 16, Қазақстан Халық партиясынан — 6,  «Адал» партиясынан — 5, «Ақ жол» партиясынан — 9, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан 2 кандидат ұсынылған. Ал сайлауға өзін-өзі ұсынғандар саны — 48.

Жалпы облыс бойынша ұсынылған 115 үміткердің  97-сі ер адам болса, 18-і — әйел адам. Олардың орташа жасы — 40-та. Ең жасы — 27 жаста. Жасы ең үлкені — 62-де.

Кандидаттардың ішінде 62-сі — мемлекеттік қызметші, 31-і — бюджеттік сала қызметкері, 9-ы — коммерциялық құрылым өкілі, ал екеуі — уақытша жұмыс жасамайтын азаматтар.

Қазір кандидаттар тіркеліп жатыр. Атап айтсақ, бүгінге дейін 104 адам тіркелді. Тіркеу іс-шаралары 15 шілде кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасады, — деді Г.Күнбаева.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button