Басты жаңалықтарМәдениет

Актерлер аудандарды аралады

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры гастрольдік сапармен Шалқар, Әйтеке би, Алға аудандарында болып, сондағы көрермендерімен қауышты. Артынша қос труппа кезекті маусымын қорытындылады.

— Жасыратыны жоқ, соңғы 2 жылда елімізді жайлаған індет салдарынан халқымыз бір-бірінен оқшауланып, рухани өмірге деген құлшынысы төмендеді. Бірақ арадағы байланысты үзбеу үшін онлайн шараларды ұйымдастырдық. Қолдан келгенше барымызды салдық. Дей тұрғанмен, бетпе-бет кездесудің жөні бәрібір бөлек. Сондықтан барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жолға шықтық. Мақсат — ел Тәуелсіздігі мен театрдың қазақ труппасының 30 жылдығына орай «Ұлы дала театр керуені» атты гастрольдік сапар аясында ауыл-аймақты аралау, сондағы көрермен қауымға есеп беру. Сондай-ақ онсыз да үйден шықпай, көңілі жабырқаған қауымның бос уақытының тиімді өткізуіне жағдай жасау.

Көрермендердің сұранысын ес­кере отырып, балаларға және ересектерге арналған ең жақсы деген спектакльдерімізді сахналадық. Жұртшылық жылы қабылдады, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының орынбасары Жандос Еспанбетов.

Айталық, Шалқар және Әйтеке би аудандарында артистер Мейіржан Әлібектің «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі» ертегісі және ересектерге арналған Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясын ұсынды. Мұнымен бірге хакім Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай әлемі» атты әдеби кеш өткізді. Сол арқылы жастардың қазақ әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылығын оятып, ұлы ақынның шығармашылығын насихаттауды көздеген олар шараның ашық аспан астында болғанын айтады.
— Шектеу шараларының жеңілдеуіне байланысты гастрольдік сапарымызды аудандардан бастадық. Театрымыз өзге өңірлерге үздік қойылымдармен үлгі болуы керек. Әрі жастардың театр өнеріне деген қызығушылын ояту үшін осындай сапарларды жиі өткізіп тұрған жөн. Бұл әріптестерімізге де шығарма­шы­лық ізденіс пен тәжірибе сыйлайды.

Өткен жылы облыс басшылығы тарту еткен жаңа автобуспен барған сапарымыздан жақсы көңіл күймен оралдық. Театр артистеріне аудан әкімдері Алғыс хаттар табыстады, — деді Жандос Еспанбетов.

Гастрольдік сапар Алға ауданында да жалғасты. Ақай, Қарақобда ауылдарындағы тұрғындармен кездескен Ахтанов театры «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі», «Қара пима», «Айналайын» қойылымдарын сахналады.

— Бұл гастрольдік сапарда үш бағыттағы бір-біріне ұқсамайтын спектакльдерде рөл сомдадық. Барлық артистерді құшақ жая қарсы алған жұртшылыққа өз алғысымды білдіремін. Ең бастысы, өнеріміз ұнаса, біз үшін үлкен қуаныш. Қазақ театрының көрермені спектакльді тамашалауға асықса, театр репертуары да молая түсері анық, — дейді «Қара пима», «Айналайын» спектакльдерінде басты рөлдің бірін сомдаған актриса Майра Ильясова.

Мұнымен бірге қазақ және орыс труппалары кезекті маусымын қорытындылады.

— Бұл маусымда көптеген драмалар сахналанды. Күні кеше Барзу Абдуразаковтың «Айналайын», Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» спектакльдерін көрермен назарына ұсындық. Алдағы уақытта да өз театрымыздың сахнасында жаңа қойылымдармен қуантатын боламыз. Жаңа маусымда көрермендермен қайта жүздесуге асықпыз, — дейді театр қызметкері Нұргүл Серғалиева.

«Келіндер көтерілісі» комедиясымен қазақ труппасының 30-маусымын аяқтаған театр басшылығы соңында бір топ актерді, атап айтсақ, Нұрболат Өтеғұлов, Толағай Қарасаев, Бекжан Қайроллин, Рахат Төрежанов, Серік Қонысбаев, Айдос Нұрмағамбетов, Аслан Төлентай, Фатима Бердібекова, Дана Ниязовалар. Алғыс хатпен марапаттады. Ал орыс труппасы 56-маусымын «Во всем виновата гроза» драмасымен жапты. Олардың арасынан Любовь Тормышева, Полина Савицкая, Валентина Софина, Людмила Шипкова, Татьяна Юлусова, Артем Москаленко, Нариман Костыр Алғыс хат алды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button