Тарих

Қолы алтын дәрігер еді

Тағзым

Мақаламды махаббат хикаясынан бастайын. Университетті бітіргеніне бір жыл болған жас маман, Алға орталық аудандық ауруханасының дәрігері Данияр Құрманалин 1967 жылы Алғадағы медициналық училищенің студенті Рысты Жәнібековамен танысады. Ол жас қызға бірден көз салады, алайда Рысты Жәнібекова жігіттен өзін алшақ ұстайды.

Соңғы курста Рысты Ойылға іс-тәжірибеден өтуге барды. Сол кезде Данияр Құрманалин Ойылға оның артынан жетіп барады. Екеуі кездесіп, жүк көлігімен алыс ауылға жолға шығады. Жол бойында су тасқыны болып, өзеннен өтіп бара жатқанда көлік тоқтап қалады. Жүргізуші көмекке кетіп, бұл екеуі ағып жатқан өзеннің ортасында көлікте оңаша қалып қояды. Сол кезде Данияр Рыстыға: «Сен жұмыс бабымен ешқайда бармайсың, Алғада қаласың, маған ұнайсың», — деп, сезімін білдіріп, ұсыныс жасайды. Жас қыз бірден келісім бермей, қашқақтаған соң, ол: «Бұл — қасиетті өзен, оның қамқоршысы — Сүлеймен пайғамбар. Судың ортасында жасалған ұсыныс міндетті түрде қабылдануы керек», — дейді. Содан Рысты келісімін беріп, көп ұзамай бұлар отырған машинаны трактор сүйретіп алып шығады. Осылайша  екі жас Ойыл өзені бойынан отау құруға сөз байласып оралады.

Есімін дәрігер қойған

Жұмаш пен Қуаныш Құрманалиндердің отбасында ұзақ уақыт бала болмаған. Үлкен ұлдары 1936 жылы дүниеге келген. Ал 1939 жылы екінші бала дүниеге келерде көптеген қиындықтар болған. Ерлі-зайыптылар Ақтөбе теміржол ауруханасының дәрігерін шақыртқан. Босанғаннан кейін дәрігер: «Сіз балаға қандай есім қоятын болдыңыз?», — деп сұрайды. Әкесі: «Білмеймін, үлкен баламның аты — Ізтілеу, бұл сәбидің есімін ойластырмап едік», — дейді. Содан әлгі дәрігер сәбиге Данияр деп ат қойып, өзі сияқты дәрігер болуын тілепті. Әкесі оған келісімін берген екен. Даниярдан кейін бұл отбасында Мадияр мен Алдияр есімді балалар дүниеге келген. Бұлардың отбасында балалар кішкентай кезінен ислам дінін танып, Құран аяттарын үйренген.

Данияр бірден дәрігер болмады. Ол 1958 жылы мектепті бітірген соң ҚазМУ-ге оқуға түсу үшін Алматыға барады. Алайда бір балы жетпей, оқуға түсе алмайды. Содан сол қаладағы химия зауытына жұмысқа орналасып, екі жыл бойы кәсіпорында күкірт қышқылы цехының аппаратшысы болып еңбек етеді. Жұмыспен қатар білімін тереңдетіп, түнімен кітап оқып, медициналық институтқа оқуға түсуге дайындалады.

Ол 1966 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, Алғада резидент-хирург болып жұмыс істейді. 1970 жылы хирургия бөлімінің меңгерушісі болады. Содан ол бұл қызметте 33 жыл абыройлы жұмыс жасап, КСРО денсаулық сақтау ісінің құрметті қызметкері, Алға ауданының құрметті азаматы атағын алады, ондаған медальдармен, төсбелгілермен марапатталады.

40 жылға жуық ауданның медицина саласында еңбек еткен оны облыстық ауруханаға жұмысқа шақырады, бірақ ол бас тартады. Осылайша Данияр Құрманалин ауданның денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосады.

Сөз шебері

Данияр — көп оқыған азамат. Ол немерелерін айналасына жинап, оларға Абайдың, Жамбылдың, Омар Хайямның даналық сөздерін оқып, мәнін түсіндіріп, жатқа үйретті. Немерелері атасы сияқты кішкентайынан Құран сүрелерін үйреніп өсті. Зейнетке шыққан соң да хирург белсенді өмір сүруін жалғастырды. Таңертең ауласындағы бақшасында әйелімен бірге еңбек етіп, үйге кірген соң күнделікті басынан өткерген қызықты оқиғаларын қойындәптеріне жазып жүрді.

Осы жерде Данияр Жұмашұлы өз уақытында ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскенде өте сауатты журналист болар еді деген ой келеді. Себебі ол өз ойын нақты әрі түсінікті түрде жеткізіп, тілінің шұрайлылығымен басқаларға үлгі бола білді. Ол кез келген жиналыста, үйлену тойында немесе еске алу кештерінде өмірдің шындығы, адамгершілік қасиеттер және ұлттық құндылықтар туралы ойын еркін әрі әдемі жеткізетін. Ол сөзінің арасында өмірлік маңызы бар нақылдар мен Құрандағы қасиетті сөздерді мысалға келтіретін. Осылайша оны барлық адамдар ұйып тыңдайтын.

Оның берген бата-тілектері тіпті ерекше еді. Данияр Жұмашұлы фольклорлық жанрдың теңдесі жоқ шебері болатын.

«Жер бетінде бекер өмір сүрмеген екенмін»

1970 жылдардың аяғында су тасқыны кезінде Ильинкада аяғы ауыр әйелдің босана алмай жатқандығы туралы қоңырау түседі. Содан Данияр Құрманалин, учаскелік гинеколог Раиса Долбня мен анестезиолог Марат Базарбаев жолға шығады. Олар көпір жоқ болғандықтан судан қайықпен өтуге мәжбүр болады. Бұдан кейін дәрігерлер қиналған әйелге сол жерде операция жасауға шешім қабылдайды. Фельдшерлік-амбулаторлық пункттің бөлмесінде есіктің астына үстел, кірпіш қойып, қабырға мен еденді хлораминмен сүртіп, босанған әйелге кесір тілігі арқылы операция істейді. Құрсақта жатқанда су жұтып қойған нәресте тыныс ала алмай, содан дәрігерлер қолдан келген көмектің бәрін жасайды. Ақырында ана мен бала аман қалады.

Бұл оқиға хирург Кұрманалиннің қызметте жүргендегі көптеген эпизодтарының бірі ғана еді. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Данияр Жұмашұлы сол ауылға сайлау кезіндегі сенімді өкіл ретінде барыпты.

Ол әлгі сапардан шаршап келді, бірақ мен оны жақсы білетіндіктен, оның іштей бір рухтанып келгенін байқадым, — дейді Рысты апай. — «Не болғанын айтшы?» — деп  сұрағанымда, ол: «Әлгі кездесуде біз Ильинкаға барып, осыдан 30 жыл бұрын құтқарған бала әлі күнге дейін сол ауылда тұратынын, мектепте мұғалім болып жұмыс істейтінін айтты. Білесің бе, Рысты, Аллаға шүкір, мен өз өмірімде көптеген адамдарға көмектестім, бірақ бұл туралы еш ойламаған екенмін. Мен бүгінде есейген, отбасы, балалары бар  әлгі баламен кездескеннен кейін жер бетінде бекер өмір сүрмегенімді түсіндім» деген еді.

Өкінішке қарай, Данияр Жұмашұлы өз өмірі үшін ажалға қарсы тұрып, күресе алмады. Ол ковидті пневмониямен ауырып, ауруханада бір апта емделді. Үйге шыққан соң намазын, қаза қылған барлық дұғаларын оқыды. Көп ұзамай өзін нашар сезінді. Ақырында өзгелерге өмір сыйлаған дәрігер мәңгілік мекеніне аттанып кете берді.

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Данияр Жұмашұлы өмірінде көп шәкірт тәрбиеледі. Олардың барлығын тізіп шығудың өзі артық. Академик Жақсылық Досқалиев ол жайында былай дейді:

— Мен Данияр Жұмашұлы Құрманалинмен 1979 жылы оқу орнын бітіргеннен кейін кездестім. Ол Алға орталық аудандық ауруханасының хирургиялық бөлімін басқарды. Ол кезде ауруханалардың жайы күшті болды, кейбір бөлімдер ауданаралық еді. Біз тек алғалықтарға ғана емес, жақын маңдағы тұрғындарға да көмек көрсеттік. Ол кезде ультрадыбыстық зерттеулер, МРТ, КТ болмады, диагноз клиникалық зерттеулер, зертханалық мәліметтер негізінде қойылды. Осылайша диагностиканың барлығы дерлік дәрігердің шеберлігі мен тәжірибесіне негізделді.

Сол кезеңде Данияр Жұмашұлының әртүрлі курстарға қатысып, өз біліктілігін арттыруға неге ұмтылғанын енді түсіндім: ол білімге сүйенді, өйткені бұл аймақта жұмыс істеу өте қиын, операция кезінде кеңес беретін немесе диагноз қоятын ешкім болмады. Соған қарамастан, сол жылдары диагноз қойылып, талай операциялар жасалды. Тіпті облыстық ауруханада жасалмаған асқазанды резекциялау, гастроэктомия, холецистиктомия, өт жолдарын қалпына келтіру сияқты көптеген операциялар тәжірибелі хирург Данияр Құрманалиннің арқасында аудан ауруханасында жасалған болатын.

Мен онымен 1986 жылға дейін жеті жыл бірге жұмыс істедім. Менің хирург ретінде қалыптасу жылдарым, жеке тұлға Данияр Жұмашұлы басқарған хирургиялық бөлім қабырғасында өтті.

Аудандық ауруханада біз іріңді перитонитпен ауырған науқастарды да емдедік. Ол кезеңдерде аудандарда науқастар біздің алдымызға ауруларын асқындырып алып келетін. Скальпель, шприц, инелердің бәрі бірнеше рет қолданылатын.

Қазір сол кезең мен бүгінгі хирургияны салыстыру мүмкін емес. Себебі ол кезде төтенше және жоспарланған операциялардың тиімділігі жоғары болды. Сондай-ақ хирургиялық белсенділік те жоғары еді. Данияр Жұмашұлы өз ауданындағы ғана емес, көршілес Мұғалжар, Темір аудандарындағы науқастарды өлімнен арашалап алып қалды. Олардың кейбірін хирургиялық патологиядан құтқару үшін бар күш-жігерін, білімін жұмсап, еңбектенді.

Бүгінде ол арамызда жоқ. Дегенмен оның артында отбасы мен балалары қалды. Көп жылдар бойы хирургия бөлімінің меңгерушісі болған жоғары санатты хирург туралы естелік көпшіліктің есінде, жүрегінде қалады. Мен тағдырға ризамын, себебі осындай адаммен бірге жұмыс істедім, жас хирург ретінде одан көп нәрсені үйрендім.

Қоғам ауыл-аймақтардағы дәрігерлердің халықтың денсаулығы үшін қандай қиындықтарды жеңгенін, олардың жанқиярлық еңбегін білуі керек, қазіргі ұрпақ осындай ақ халатты абзал жандарды лайықты бағалауы керек.

Мен Алғаға 1988 жылы оқу бітіргеннен кейін келдім. Медициналық біліміміз болса да, біз көп нәрсені ұқпадық. Теорияны білеміз, ал іс жүзінде қолымызбен ештеңе жасаған жоқпыз. Данияр Жұмашұлы бізді оқытты, жаттықтырды. Ол  бізге: «Жігіттер, уайымдамаңыздар, мен әрдайым қастарыңдамын», — деп, бізге қолдау көрсетіп, сенім білдірді, — дейді медицина ғылымдарының кандидаты Алтай Оразбағамбетов.

Данияр Жұмашұлы аудандағы барлық жас хирургтерге ұстаз болды. Университет бітіріп келген мамандарға қашан да ағалық кеңесін айтып, қолдау танытты.

Сондай-ақ оның ішкі түйсігі де мықты болды. Ауруды дәл біліп, танитын қасиеті бар-ды. Оның айғағы — ол қойған диагноздар әр кез расталып отыратын. Бұл, әрине, ұзақ еңбектенудің арқасында жинақталған тәжірибемен келетін дүние. Ол кісіні құрметтейтіндер көп еді.

Данияр Жұмашұлының кенеттен өмірден озуы (оның ата-анасы ұзақ жасаған, дәрігердің өмірден ерте кететінін ешкім күтпеген) әлеуметтік желілерде жазылды. Сол кезде алматылық дәрігер Мира Қайыпова: «Мен үш жыл бойы ұстазым Данияр Жұмашұлынан тәжірибе алдым және осы күнге дейін оның нұсқауларын өз тәжірибемде қолданып келемін. Ол қалайша бір уақытта науқастарға операция жасап, барлығының жағдайын сұрап сөйлесе алды, таңғы сағат 3-4-те ота үстелінде жұмыс жасады, осыған әлі күнге дейін таңғаламын. Данияр Жұмашұлы — отбасында балалары мен немерелерін тәрбиелеп, үлгілі отағасы болған жан. Менің ойымша, ол кісі жарты ғасырдан астам жұмыс істеген клиникаға мемориалды тақта орнатылуы керек, сондай-ақ ол ұзақ жыл тұрған көше дәрігер Құрманалиннің есімімен аталуы керек! Ол — артында үлкен із қалдырған қымбатты ұстаз, дәрігер. Біз оны әрқашан еске аламыз!» — деп жазды.

Р.S. Өмірде көпке жақсылық жасап, талайдың еміне шипа тапқан дәрігердің ғұмыры жалғаса береді. Себебі оның артында ұрпақтары бар. Бүгінде Данияр Құрманалиннің үлкен қызы Раушан әке жолын жалғастырып дәрігер, ортаншы қызы Мәдина медбике болып жұмыс істейді. Ал ұлы Сағынғазы өзге салада табысты еңбек етіп келеді.

Данияр Құрманалин көзі тірі болғанда биыл 82 жасқа толар еді. Осыған орай 9 шілдеде Алға орталық ауруханасы ғимаратының қабырғасына белгілі хирургке арнап мемориалды тақта ашылып, 10 шілдеде еске алу кеші өтеді деп жоспарланған.

 Мирал ЖАРМҰХАМБЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button