Жаңалықтар

Әскерге шақыру пункті бой көтермек

Хромтау қаласында қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жанынан заманауи талаптарға сай әскерге шақыру пункті ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл — ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған ірі жобалардың бірі.

Ғимараттың ашылуы тамыз айының соңына, Конституция күніне жоспарланып отыр.

— Хромтау ауданында мұндай нысан алғаш рет салынып отыр. Яғни баламасы жоқ.  Жоспарда Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жаңа ғимараты тұр. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайын,— дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, подполковник Әділет Отарбаев.

Ғимаратта әскерге шақырылғандарды медициналық тексерістен өткізуге арналған арнайы дәрігерлік комиссия жұмысы үшін барлық жағдай қарастырылған. Сонымен қатар әскери-патриоттық бөлме де болады. Мұнда өңірде әскери борышын өтеген азаматтар, қай әскер түрінде қызмет атқарғаны, олардың жетістіктері туралы да мағлұматтар сақталмақ.  «Әскери-патриоттық, үгіт-насихат жұмыстардың белсенді жүргізілуі әскерге шақырылушы азаматтардың өз Отанын қорғауға деген жауапкершілігіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан осындай ақпараттық бөлме арнауды жөн көрдік», — деді Хромтау аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Руслан Балтеміров.

Ақтөбе гарнизонының хабарлауынша, жыл сайын аталған ауданнан 150-ге жуық жігіт әскери міндетін атқаруға аттанады. Хромтау өндіріс орындары көптеп орналасқан қала екенін ескерсек, келешекте бұл көрсеткіш өсе түсетіні сөзсіз. Сол үшін де осындай заманауи ғимарат бұрыннан қажет болатын.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button