Жаңалықтар

Мешіттер арқылы құрбандық шалуға болады

Биыл мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі, Алла қаласа, шілде айының 20-22-сі күндеріне тура келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсіміне қатысты төмендегі түсіндірмені ұсынады.

Біріншіден, 2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады: біріншісі — мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру. Сондай-ақ бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатымен, өткен жылдың тәжіребесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру.

Бұл жобаның мақсаты, біріншіден, қайырымдылыққа дәнекер болу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.

Екіншіден, карантин жағдайында қалада тұрып жатқан азаматтар үшін қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру — оңтайлы шешім. Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді.

Үшіншіден, ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз.

Төртіншіден, ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу — уәжіп (міндет). Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері — 40 қой (ешкі), 30 ірі қара, 5 түйе немесе қажеттілігінен артық 85 гр алтын және соған тең қаражат (1 230 000 теңге). Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.

Бесінші, еліміз бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы биыл 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.

Мұндай жоба басқа мұсылман елдерінде бұрыннан бар. Оның тағы бір ерекшелігі — құрбандық етінің түгелдей мұқтаж жандарға таратылатыны. ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі екенін ескеру қажет. Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады.

Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние игілігін нәсіп еткей!

 

muftiat.kz сайтынан қысқартылып әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button