Мәдениет

Жаңа экспозиция ашылды

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрнекті мемлекет және кеңес қайраткері Ғайса Әбуовтің өмірі мен шығармашылығына арналған экспозиция ашылды.

«Ел сенімін еңбегімен ақтаған» тақырыбындағы экспозиция музейдің «1945-1991 жылдардағы Ақтөбе өлкесінің тарихы» залында жасақталған.  Мұнда мемлекет қайраткерінің жұмыс үстелі, сағаты, қаламы, жұмыс папкасы, үстел шамы мемлекеттік наградалары, орден-медальдары, суреттері қойылыпты.

Шараға Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, Ақтөбе қаласы Астана ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамансары Мақашев, сондай-ақ басқарма басшылары мен ардагердің ұрпақтары қатысып, Ғайса Әбуұлының облыс дамуына қосқан үлесі мен естеліктері туралы баян етті.

— Әкем жұмысына берілген нағыз коммунист адам болды.  Ол ешқашан қалтасына ақша салып жүрмейтін. Біз отбасында бес бала өстік.  Төрт қыздан кейін дүниеге келген ініміз қазір Алматы қаласында тұрады. Бүгінгі шараға сіңлім екеуміз келдік.  Әкем 1982 жылы дүниеден озды. Содан бері, міне, 40 жылға жуық уақыт біз барлық заттарын сақтап келдік. Содан ойлана келе, барлық заттарын музейге тапсырғанды жөн санадық. Енді әкеміз тұтынған заттарды көргіміз келсе, кез келген уақытта музейге келіп көре аламыз, — дейді қызы Галина Әбуова.

Ғайса Әбуов 1915 жылы 17 желтоқсанда Ақтөбе облысы Алға ауданы Тоқмансай ауылында дүниеге келген. 1956-1963 жылдары Ақтөбе қалалық комитетінің бірінші хатшысы, 1963-1964 жылдары Батыс Қазақстан өлкесі ауылшаруашылық шикізатын өңдеу және сауда өнеркәсібі бөлімінің меңгерушісі, 1972-1982 жылдары Ақтөбе облыстық компартияның әкімшілік және сауда-қаржылық органдарының бөлім меңгерушісі, т.б. қызметтер атқарған. Ақтөбе қалалық кеңесінің депутаты болған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button