Мереке

«Бәйтерек» — елдіктің белгісі

Қазақ елінің жарқын болашағының символы ретінде Нұр-Сұлтан қаласының ортасында орналасқан «Бәйтерек» кешені бүгінде халқымыздың сүйікті орындарының біріне айналды. Елордаға ат басын бұрған кез келген жанның ең әуелі осында соғуы әдетке айналды десек те болады. 

Осындай айшықты нысанның кіші архитектуралық мүсіні Темір ауданындағы Шұбарқұдық елді мекенінде бар. Монументтің биіктігі — 16 метр. 2007 жылы Елорда күнінде ашылған бұл туынды қазір ауылдың көркін келтіріп тұр.

Шұбарқұдық ауылының әкімі Қайрат Нұралының айтуынша, монумент ауылдың кіреберіс бөлігінде көкке бой созған. Құрылысына 2 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.

— Бәйтерек — Қазақстанның символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, елдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі. Осы егемендігіміздің тамаша символын ауылымызға неге орнатпасқа деген ой туды.

Жоғары сапалы прожекторлар мен жарық диодтар орнатылды. Төбесіндегі шеңбері алтын түстес. Үш жағынан көтеріліп, суретке түсуге арналған баспалдақтары бар. Ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Осындай елдің биік белестерін бейнелейтін сәулет туындылары көбірек бой көтеруі керек, — дейді Қайрат Нұралы. 

Монументті құрастырушы — ақтөбелік жеке кәсіпкер Самир Көшімов. Негізгі құрылысы темір конструкциясынан жасалған. «Бәйтеректің» ерекшелігі — күн батқан кезде, автоматтандырылған арнайы жарықтары қосылып, таң атқанша жанып тұрады.

Ауылдың көркеюі — елдің өркендеуі. Бүгінде аталған монумент ауылдың ажарын ашып, сән беріп тұр. Мұнда тұрғындар кешке жақын демалып, тыныстап қайтады. Әрі жастар жағы түскен жарықтың маңында спорттық ойындар ойнайды. Ауылға келген қонақтар да қызығушылық танытып, танысып жатады.

Әйгілі «Эйфель» мұнарасының  әлемде көптеген көшірмесі бар, сол сияқты қазақстандықтардың мақтанына айналған «Бәйтерек» монументінің ауылда орын алғанына тұрғындар қуанышты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button