Денсаулық

Екпе егу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Бүгінгі күні облыста екпе алу шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен,

соңғы тәулікте өңірде 4389 адам екпе салдырған. Оның ішінде 2421 тұрғын екпенің бірінші компонентін, 1968 адам екінші компонентін алған.

Вакцина қоры жеткілікті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Инфекциялық ауруханаларда 147 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде 7 науқас жатыр. Карантиндік стационарларға 15 адам жатқызылған. Инфекциялық кереует жүктемесі 33,4% болса, реанимациялық кереует жүктемесі – 10%.

Бүгінгі күні коронавирус инфекциясын тестілейтін 11 зертхананың тәуліктік қуаты 5400 анализге дейін жетіп отыр. Өткен жылы зертханалар тәулігіне небәрі 2400 анализ қабылдаған болатын. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап облысқа барлығы 280 500 доза вакцина жеткізілді. Атап айтсақ, «Спутник V» вакцинасы 198 500 доза (I компонент – 118 500, II компонент – 80 000), «QazVac» вакцинасы — 4000 доза (I компонент – 2 000, II компонент – 2 000), «Hayat Vax» – 56 000 доза (I компонент – 28 000, II компонент – 28 000), «CoronaVac» – 22 000 доза (I компонент – 11 000, II компонент – 11 000). Бүгінге дейін осы екпелерді 200 644 адам салдырды. Оның ішінде 10154-і медицина саласының қызметкерлері (91,19%) болса, 18 820-сы — білім беру саласының мамандары (66,32%), 25 925-і — студенттер (9,16%), 95 367-сі — созылмалы ауруы бар тұрғындар (3,70%), 36 212-сі — кәсіпорын жұмысшылары (17,47%), 5 849-ы — құқық қорғау органдарының қызметкерлері (100%),  4135-і — мемлекеттік қызметшілер (62,15%), 2444-і — медициналық, әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері (16,65%), — дейді ол.

Айта кету керек, облыста вакцина салдырған 200 644 тұрғынның 76 323-і екпенің екінші компонентін алған. Бұл шамамен облыс тұрғындарының 16,59%-ын құрайды.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қазір өңірде COVID-19-ға қарсы салынатын вакцинаның қоры жеткілікті. Оларға жеке-жеке тоқталсақ, қорда «Спутник V» вакцинасының 1-компоненті бойынша 27645, 2-компоненті бойынша 32194, «QazVac»-тың 1-компоненті бойынша 550, 2-компоненті бойынша 700, «CoronaVac»-тың 1-компоненті бойынша 6472, 2-компоненті бойынша 6487, «Hayat Vax»-тың 1-компоненті бойынша 8038, 2-компоненті бойынша 8496 доза бар.

Қалалық емханалардағы көрсеткіш қандай?

Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — вакцина екенін түсінген тұрғындар бүгінде қалалық емханаларда кезекке тұрып, вакцина салдыруда.

Ақтөбе қаласындағы №6 емхананың бас дәрігері Жексенби Көптілеуовтің айтуынша, биылғы жылдың ақпан айынан бастап бұл медициналық мекемеге 11870 доза вакцина келген. Оның ішінде 1-кезең бойынша 6140, 2-кезеңге 4830 доза вакцина әкелінген. Бүгінгі күні емханаға қарайтын 5517 адам (20,3 %)  екпе алып үлгерген.

  • Емханамызда екпе салдырған медицина саласының қызметкерлерінің үлесі 81,6 пайызға жетті. Қалғандары — бала күтімімен отырған, жүкті, созылмалы аурулары бар, сондай-ақ заңды түрде еңбек демалысындағы қызметкерлер. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес әлі күнге дейін екпе алмаған мамандар әр апта сайын ПТР тест тапсыруда. Жалпы, біз күн сайын емхана тұрғындарына екпе алудың маңызы мен қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жан-жақты жұмыс жасап жатырмыз, — дейді бас дәрігер.

Ал №3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Шынар Төлешованың айтуынша, бүгінгі күні емханада тіркелген 9615 тұрғынға екпе жасалған. Атап айтсақ, екпенің 1-компонентін 5909 адам алса, 2-компоненті 3706 адамға егілген.

— Емханамызда бірінші болып Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері екпе алды. Білім беру саласынан Назарбаев зияткерлік мектебінің үлкен ұжымы келді. Сондай-ақ емханаға тіркелген орта мектеп қызметкерлері де егіле бастады.

Сәуір айынан бастап «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығында медицина қызметкерлері, яғни егу бригадасы кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеді. Нәтижесінде 1000-ға жуық адам вакцина салдырды. Бүгінгі таңда екі жылжымалы егу бригадасы жұмыс істеп жатыр. Жылжымалы бригадалардың жұмыс орындарында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған, — дейді Ш.Төлешова.

Сондай-ақ №2 қалалық емханаға қарасты 61936 тұрғынның 6982-сі екпенің 1-компонентін алса, 2-компонентін 3920 тұрғын салдырған. Қазір мұнда ресейлік «Спутник V» вакцинасының қоры жасақталған. Тұрғындар арасында екпе алу жұмыстары жалғасуда.

Алты аудандағы ахуал

Вакциналау жұмыстары аудандарда да қарқынды жүруде. Мәселен, Ойыл ауданында 4 мобильді топ құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудан бойынша 7345 адамды егу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін ауданға 6450 доза вакцина жеткізілген. Екпенің бірінші дозасын 2328 адам алса, екінші дозаны 10747  адам алған.

Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтың айтуынша, бүгінде ауданда 492 педагог, 226 медициналық қызметкер, 92 мемлекеттік қызметші, 50 студент, 77 құқық қорғау органының өкілі, сондай-ақ 2147 басқа да сала қызметкерлері вакцина алған.

Ал Ырғыз ауданы бойынша 5325 адамды егу жоспарланған. Бүгінге дейін ауданға 2970 доза вакцинаның 1-компоненті жеткізілген.

Ауданда  тұрғындарға 2381 доза бірінші компонент және 1563  доза екінші компонент екпе жасалыпты. Вакциналау жұмыстары қазір де аудандағы барлық елді мекенде жалғасуда. Аудан бойынша жалпы жоспардың 44 пайызы орындалды.

  • Қазіргі таңда ауданда екінші деңгейлі 25 кереуеттік инфекциялық стацонар жұмыс жасайды. Инфекциялық стационарда жұмыс жасау үшін ауруханадан 9 дәрігер, 11 мейірбике, 10 кіші қызметкер бұйрық бойынша бекітілді, арнайы нұсқаулықтармен оқытылды, емдеу хаттамаларымен таныстырылды. Сондай-ақ аудан орталығында 2, елді мекендерде 5 мобильді топ респираторлы симптомдармен жедел жәрдем бөліміне немесе тіркеу бөліміне түскен шақыртуларға барады, үй жағдайында науқастарды қарап, ем тағайындап, қажет болса ПТР талдауын алады. ПТР талдаулары облыс орталығындағы ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалына және «Олимп», «Инвиво» лабораторияларына жолданады, — дейді Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері Ернар Домақов.

Мәртөк аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрсейіт Кішкентаевтың айтуынша, бүгінде ауданда 3500 адам екпенің 1-компонентін, 2200 адам 2-компонентін алған. Осылайша аудандағы тұрғындардың 60 пайызы қамтылған.

Қазіргі таңда Мәртөкте вакциналау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кешенді бригадалар ауылдарды аралап жүр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаспақ.

Қобда ауданында 15600 тұрғынның 8600-іне екпе егу жоспарланған. Бүгінге дейін 3200 адам екпе алған. Бұл аудан тұрғындарының 38 пайызын құрап отыр.

  • Қазір күніне ауданда 50-60 адам екпе алып жатыр. Оларға «Спутник V», «QazVac», «Hayat Vax» вакциналары беріліп жатыр. Ауданда медицина қызметкерлерінің 95 пайызы, мемлекеттік қызметшілердің 90 пайызы, білім беру саласы мамандарының 50 пайызы вакцина алды, — дейді Қобда аудандық ауруханасының бас дәрігері Әсет Шарапатов.

Мұғалжар ауданында бүгінде екі аудандық аурухана бар. Оның бірі — Мұғалжар аудандық ауруханасы болса, екіншісі — Ембі аудандық ауруханасы.

Мұғалжар аудандық ауруханасында 17021 адамға екпе салу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың ішінде екпе алғандар саны — 5380 (31,6%).

Бүгінгі күні вакциналау бойынша кешенді бригадалар сауда орталықтарына, базарларға, жеке үй аулаларына шығып, екпе салу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ Жаңажолда вахталық әдіспен жұмыс жасайтындарға да вакцина салынып жатыр.

Ал Ембі аудандық ауруханасына қарайтын 19955 тұрғынның 4233-і екпенің 1-компонентін алса, 2776 адам 2-компонентін салдырған.

Сондай-ақ Темір ауданында 17100 адамға екпе егу жоспарланған. Бүгінге дейін екпенің  1-компонентін 2530 адам, 2-компонентін 1714 адам алған. Әзірге бұл ауданда жоспар 14,7 пайызға ғана орындалып отыр.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button