Мәдениет

Елдікті әйгілеген ескерткіштер

Ескерткіштер — елдіктің белгісі. Тәуелсіздік жылдарында облысымыздағы елді мекендерде, соның ішінде Ақтөбе қаласында қазақ халқының тарихында ерекше орны бар тұлғалардың еңселі ескерткіштері бой көтерді.

Облыстық мемлекеттік архив қорындағы құжаттарда осы ескерткіштер туралы, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында ашылған мәдениет ошақтары туралы деректер сақтаулы. Мысалы,Ақтөбе қаласында халық ақыны, белгілі жыршы Нұрпейіс Байғаниннің ескерткіш-бюстін орнату туралы облыс әкімінің шешімі 1999 жылғы 11 маусымда шыққан. Бұған негіз болған тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі облыстық арнаулы комиссияның 1999 жылдың 4 маусымындағы шешімі мен зиялы қауым өкілдерінің ұсынысы екен. Сөйтіп, әсем қаламыздың орталығында қазақтың қасиетті домбырасын ұстаған Нұрпейіс ақынның ескерткіші пайда болды.

Келесі, яғни 2000 жылы 30 маусымда осы комиссия әскери қайраткер, генерал-лейтенант Жансен Кереевтің ескерткішін орнату туралы шешім шығарды. Жерлесіміз Жансен Кереев — қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант. Және кеңестік заманда қазақтан шыққан жалғыз генерал-лейтенант та осы Жансен ағамыз.

2000 жылдың 16 тамызындамемлекет қайраткері, хан Әбілқайырға (1693-1748 жж.) ескерткіш орнату туралы шешім қабылданды. Ескерткіш Ақтөбенің Әбілқайыр хан есімін иеленген бас даңғылы бойында, облыстық әкімдік ғимаратының алдында орнатылды.

2000 жылдың 24 ақпанында Ақтөбе қаласы әкімінің№203 шешіміменкішкентай көрермендерге «Алақай» қуыршақ театры ғимаратының есігі айқара ашылды. Театрдың өзі 1985 жылы құрылған. Облыстық «Алақай» қуыршақ театры— бүгінде көптеген республикалық, халықаралық театрлардың лауреаты. 2008 жылы ТМД елдері бойынша «ХХІ ғасыр театры» атағын иеленді.

Тағы бір топ құжаттарға көз жүгіртсек, тәуелсіздік жылдарында елдің бет-бейнесі саналатын жер-су атауларының көпшілігінің қазақыланғанын, яғни бұрынғы тарихи атауларының қайтарылып берілгенін көреміз. Облыстық мәслихаттың құжаттары арасында 1998 жылғы Қобда ауданының селолық окургтері мен селоларының аттарын өзгерту туралы, 2001 жылғы Байғанин ауданының Көлтабан селолық округінің Жданов және Қызыләскер ауылдарының атауларын өзгерту туралы, 2003 жылғы Темір ауданы ауылдық округтерімен елді мекендерінің атауларын өзгерту туралы қаулылар бар.Құжаттар бойынша Мұғалжар ауданындағы Покровка селосы — Сағашилі ауылы, Алға ауданының Березовка селосы — Қайыңдысай ауылы, Қарғалы ауданының Александровка ауылы — Шәмші Қалдаяқов атындағы ауыл, Мұғалжар ауданының Юбилейный ауылы Алтынды ауылы, т.б. болып өзгертілген.

2005 жылы Қобда ауданындағы Әліпбайсай ауылының аты Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне Әлия ауылы болып өзгертілді.Ескерткіштер, жер-су атаулары сол елдің, жердің иесі кім екенін айғақтайды. Тәуелсіздік жылдарындағы осы бағыттағы оң өзгерістер алдағы жылдарда да жалғаса береріне сенеміз.

Мархабат САТБЕКОВА,

облыстық мемлекеттік архивтің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button