Мәдениет

Аманаты орындалған ұстаз

Өмірінің ақырғы күніне дейін жүректегі нәзік сырды ақ параққа таңбалап, жыр жазып өткен жергілікті ақын, ұстаз Шайқышбулла Ыбырайымовтың «Аманат еттім жырымды…» атты жыр кітабының тұсаукесері болды.
Бегімбет ауылдық клубында өткен рухани шараға оның шәкірттері, замандастары, ауыл тұрғындары, жалпы өлең-жырдан ләззат іздейтін қауым қатысты. Тағдырдың талай бұралаң жолдарына кезіксе де, азаматтық биігінен құламаған талантты тұлғаның бұл жыр жинағының жарыққа шығуын өзі тәрбиелеген Айшуақтағы Бек Сүлейменов атындағы орта мектептің түлектері, бүгінгі алдыңғы толқын ағалар ұйымшылдықпен қолға алған.
Мазмұны терең шараның ашылуында шәкірттері Жылқыбай Нұрпейісов, Жексенби Көптілеуов, т.б. сөз сөйлеп, жыр жинақты шығару идеясы қалай туғанын көпке айтып берді.
— Шайқышбулла ағайдың өмір жолы баршаңызға аян. Әсіресе қасиетті қара сөзден маржан терген, жыр әлеміне жаны жақын әрбір азамат Шалқарда Шайқышбулладай шайырдың болғанын білмеуі мүмкін емес. Көзі тірісінде ол бізбен жүздесе қалса, мына өмірде алаңдайтын көп шаруаларының бастысына жалғыз қызы Құралайының келешегін қоятын. Сосын жүрек түкпірінен тоқтаусыз туындап жатқан жырларының өзі кетсе де тасада қалып қоймауын ойлатын. Өмірден озған ағайымыздың осы бір сөздері бізге жүктеген бір аманаты, өтініші болғандай еді. Ойласа келе, ұстазымыздың жазбаларын жинақтап, жарыққа шығаруға бекіндік, — дейді шәкірті Жылқыбай Құлмұратұлы.
Бақыткерей Әдіманов, Елубай Төлепберген, Ақылбек қажы Дәдеұлы, өзге де шәкірттері мен замандас әріптестері және осы шараға арнайы келген ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Абдықовтар ақынның өмір жолынан естеліктер айтып, кеш мазмұнын салмақтай түсті.
Шайқышбулла Төлеуұлы жыр жазатын қасиетінен бөлек, өз мамандығына берілген мұғалім, оның ішінде француз тілі пәнінің білікті маманы ретінде де жоғары жетістікке жеткен адам. 1996 жылдың маусым айында мадам Изабель мен француз елшілігінен Смирнова ханым елімізге келіп, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында француз тілі мамандарымен бір апта семинар өткізеді. Соған қатысқан Шайқышбулла Ыбырайымовтың тілді еркін меңгеруі, сауатты сөйлеуіне тәнті болған Изабель оны Францияға бір айлық оқуға шақырады. Өз мамандығын шексіз құрметтеуінің арқасында үлкен мүмкіндікке ие болған қарапайым ауыл мұғалімі Францияға барып атақты Эйфель мұнарасының жанына суретке түсіп, Атлант мұхитына шомылып қайтады.

«Монмартр биігіне шықпаған адамның Парижде болдым деп айтуға қақы жоқ» деген француз жұртының қағидасына сүйеніп, Монмартр биігіне шығып, әйгілі елден алған әсерлерін ауылға келгесін шәкірттеріне жалықпай айтады.
Оқушыларына француз тілінің қыр-сырын үйретуден әсте шаршамаған Шайқышбулла ағайдың шәкірттері бүгінде әлемнің шартарапында жүр деуге болады. Жаңа жинақта келтірілген: «…Ол француз тілін жақсы меңгерген ұстаз болатын, десе де қазір есіме түсіріп отырсам, ол кісі француз тілінің айтылым ережесін шамалап асырыңқырап айтқан екен. Бірақ осы тәсілі француз тілін өте бай және екпіні жағынан күрделі етіп көрсетуге, өлеңді осындай мәнерде айтуға үйретуі бізді сол тілге құштар етті. Ұстазыма маған өзінің француз тіліне деген махаббатын бергені үшін шын жүрегіммен алғыс білдіремін. Қазір мен осы тілде күнде сөйлеп жүрмін, өйткені Парижде тұрамын», — деген қазақ және француз тілінде жазылған Бек Сүлейменов атындағы орта мектебінің 1994 жылғы түлегі Самал Асарбаеваның пікірі дәлел.
Шайқышбулла ақын туралы айтылар әңгіме көп. Оның ақындығына, сауаттылығына қоса, ертеңді дөп айтар қасиеттерін де ауылдастары қызығушылықпен айтады. Осындай ақжарма тілектердің ішінен мына бір мәйекті әңгімеге тоқталуды жөн санадық.
2003 жылдың күзінде Бозойдан аудан орталығына беттеген еңсесі биік «Урал» маркалы автобуста Шайқышбулла ағамыз аяғы ауыр болса да бір жас келіншектің ілтипатпен өзіне орын бергеніне риза болып, Есет-Дәрібай кесенесіне аялдаған сәтте оның мініп-түсуіне көмектесіп, «қарағым, қорықпа, аман-сау босанасың, сәбидің атын Ақсұңқар қоярсың» деп іштегі баланың ұл болатындығын сеніммен айтады. Расында да, кейіннен дүниеге ұл бала келіп, оның аты Ақсұңқар қойылады. Ағай бірер жылдан соң оны арнайы іздеп барып, өз қолымен қолтаңба жазып береді. Сол Ақсұңқар қазір Бозой орта мектебінің 10-сыныбында оқиды екен.
Алақозы ауылында өмірге келіп, саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнап, 2016 жылы 74 жасында дүниеден озған ақын, ұстаз туралы осы шарада айтылған естеліктерде есеп болмады. Айшуақ орта мектебінің 1975 жылғы түлегі Рахметулла Тұрғанбайұлының ұстазына шығарған арнауы көптің жүрегін елжіретті. Кітаптың тұсауын ақынның әріптесі Жұмабай Асарбаев пен замандасы Тиыштықбай Бортаев қиып, халыққа тегін таратылды. Ақынның артында қалған көзі — Құралай Шайқышбуллақызы мен жиені Ақжелең шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Осы басқосуда ұстаз бен шәкірт арасында қалыптасып келе жатқан жақсы үндестіктердің куәсі болдық. «Сабақты ине сәтімен» демекші, ауыл перзенті, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаров Бек Сүлейменов атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Әлихан Абзалұлына байырғы ұстаз, ҚазССР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, марқұм Сағидолла Қарағұлов атындағы арнайы стипендияны және 2021-2022 оқу жылына арналған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде үш жақты келісіммен тегін оқуға тағайындалған «Жұбанов грантын» биыл 11-сыныпты тәмамдаған Шахрияр Қарабатырұлына салтанатты түрде табыстады. Осы мектепте табан аудармастан ұзақ жылдар ұстаздық қызметте келе жатқан Мінәжадин Қартбаев та марапатталды.
Шара қорытындысында Алтынбек Иманбаевтың сөзіне жазылған «Айшуақ вальсі» әнінің де тұсауы кесіліп, бегімбеттіктердің қуанышы еселене түсті. Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанов мәні мол шараға мұрындық болған барша азаматтарға алғысын айтып, алыстан келген меймандарға сый-құрметін көрсетті.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button