Мереке

Білікті дәрігер, білгір хирург

Бақытбек Уақбаев Қарғалы аудандық ауруханасындағы хирургия бөлімінің меңгерушісі, білікті дәрігерхирург. Өз ісін жетік білетін маманның медицина саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына он жылдан асты.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 2008 жылғы түлегі содан бері халықтың денсаулығын жақсартуға үзбей үлесін қосып келеді.

— Осы мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Әрине, ата-анамның да кеңесі әсер етті. Хирург болу үшін, ең алдымен, білім, төзімділік, батылдық пен өзіңе деген сенімділік қажет.

Ең алғаш ота жасаған сәтім әлі есімде. Ол кезде медициналық жедел жәрдем ауруханасынан интернатура өтіп жүрген болатынмын. Барлық хирургтердің ең алғашқы отасы аппендицит жасаудан басталатыны белгілі ғой. Мен де осы отамен хирургия саласындағы жолымды бастадым, — дейді ол.

Дәрігер интернатурадан соң үш жыл резидентурада білімін жалғастырады. Аталған ауруханада жүріп өткізген қиын да ұйқысыз студенттік түндердің оған берген тәлімі көп болды. Осы саладағы аға буын ұстаздарының  қасында жүріп үйренген сабағы өмірлік тәжірибе еді. Сырттай қараған адамға қызықты болып көрінетін хирургия саласының үлкен жауапкершіліктен, батыл әрекетті талап ететін қадамдардан, зор сабыр мен кәсіби шеберліктен тұратынын түсінеді. Қазір біраз тәжірбие жинақтап, қол шынықтырса да, үйренерінің көп екендігін айтады. Өзінен кейін өсіп келе жатқан жас мамандарға да қолынан келгенін үйретіп, кеңес беріп, түсіндіруден жалыққан емес.

Бақытбек Уақбаев Жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінде 2015 жылға дейін хирург болып жасап, 2015 жылдың ақпан айында Қарғалы аудандық ауруханасына қызметін ауыстырады. Содан бері Қарғалы аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасап келеді.

Табиғатынан ерекше қабілеттілігі мен мамандығына деген құштарлығын халық денсаулығы үшін жұмсап, күндіз-түні еңбектеніп келе жатқан білікті маман өз әріптестерінің арасында өте сыйлы.

Қазіргі таңда ол іш және кеуде қуысының шұғыл және жоспарлы түрдегі түрлі күрделі оталарын жасайды.

— Өмір болған соң денсаулыққа байланысты неше түрлі жайсыз жағдайлар, оқыс оқиғалар болуы әбден мүмкін. Мұндай кездерде көмекке алдымен біз келеміз. Сырқат жанға жәрдеміңді тигізіп, оның сауығып кетуін алғы кезекке міндет етіп қойғаныңнан кейін бәрін де үлкен жауапкершілікпен әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені осындай сәттерде саған айрықша сенім, үлкен үміт артылады.

Әлемді жайлаған коронавирус кеселі біздің медицина саласының  көптеген кемшіліктерін жария етті. Оның ішінде кадр мәселесі,  ауруханалардағы материалдық-техникалық база,  дәрі-дәрмектің жетіспеуі секілді мәселелер туындағаны жасырын емес. Енді осы жағдайдан ой түйіп,  қорытынды шығаратын сәт келді, — дейді ол.

Өз біліктілігін арттыру мақсатында Қазақстан аумағындағы хирургтер мен онкологтардың конференциялары мен съездеріне үздіксіз қатысып келеді. 2019 жылы Кореяның Сеул қаласында өткен хирургтер конгресіне қатысып, білімін жетілдірді.

Әрдайым кәсібіне адал ақ халатты абзал жанның денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен 2018 жылы денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен, 2018 жылы «Ақтөбе облыстық дәрігерлер мен провизорлар ассоциациясының» және «Облыстық  хирургтер қоғамдық бірлестігінің» Құрмет грамотасымен, 2019 жылы «Алтын дәрігер» медалімен марапатталған.

Білікті дәрігердің басты мақсаты — хирургия саласында ізін қалдыру. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әріптестеріне жылы лебізін білдірді.

Дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Адам өміріне арашашы абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін. Кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер, —
деді сөз соңында.

Бұл өмірде адамның бірінші байлығы денсаулық екені сөзсіз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, денсаулық саласы мамандарының көмегіне жүгініп, жанымызға сая іздеп жатамыз. Ал бүкіл әлемнің үрейін алып, сан мыңдаған тағдырды жалмаған қауіпті індеттен халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша абзал жандарға біз де өз алғысымызды жеткіземіз.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button