Білім

Колледжге талапкер қабылдаудың тәртібі өзгерді

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова 2021-2022 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына талапкерлерді қабылдау және мемлекеттік тапсырыстарды орналастырудағы негізгі өзгерістер туралы айтты.  

— Биылдан бастап колледжге талапкер қабылдаудың тәртібі өзгерді. Бұған дейін қабылдау арнайы бекітілген мемлекеттік тапсырысқа сай жүргізілетін. Биылдан бастап «Ақша студентпен бірге» қағидатына сай мемлекеттік тапсырыстың барлығы талапкердің таңдауы бойынша жүргізіледі. Облыста еңбек нарығына қажетті мамандар даярлайтын 42 колледж қызмет етеді. Оның 25-і — мемлекеттік. Қалғаны — жемекеншік. Биыл бюджеттің есебінен 3691 орынға, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 1085 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылып отыр. Қандай мақсатпен жасалды? Еліміз бойынша жүргізілген талдау нәтижелеріне сүйенсек, 9-сынып бітіргендердің 30 пайызы, 11-сынып түлектерінің 50 пайызы ақылы бөлімдерге барады екен. Ата-аналарға ауыртпалық салмау үшін түлектерді кезең-кезеңімен сұранысқа сай мамандықтар бойынша техникалық-кәсіптік біліммен 100 пайызға дейін қамту 2025 жылға дейін жоспарланып отыр. Сәйкесінше талапкерлерге мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін оқуға мүмкіндік зор. Биыл талапкерлер қабылдау емтиханын тапсырмайтын болды. Қабылдау процесі автоматтандырылды. Құжаттар еGov арқылы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді алуға арналған бірыңғай портал — Смартнейшн ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Колледждерге құжат қабылдау 25 маусымнан басталады. Ал 21-28 шілде аралығында колледждерде шығармашылық емтихандар болады, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Сондай-ақ ол электронды құжат тапсыру кезінде талапкер жеңілдік қарастырылған санатқа жататын болса, соны растайтын құжатын қоса тіркей алатынын айтты. Атап айтсақ, жеңілдік қарастырылған санаттар тізімі: ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан еліміздің азаматтары; I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер; ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін; Қазақстан азаматтығы жоқ ұлты қазақ адамдар; басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар; көпбалалы отбасы шыққан балалар; осы мәртебесі кемінде үш жыл болған толық емес отбасында тәрбиеленген, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балалар, I,II топтағы мүгедектер. Электронды түрде тапсырылған құжаттар Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы сарапталады.

Қазіргі уақытта барлық білім беру ұйымдары кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Арнайы құрылған мобильді топтар қалалар мен аудандардағы мектеп түлектерімен онлайн және офлайн форматта кездесулер өткізіп жүр.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button