Денсаулық

Ырғызда вакциналау қарқынды жүріп жатыр

«Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — вакцина», — дейді мамандар. Қазір облыста вакциналау жұмыстары қарқынды жүруде. Өңірге  барлығы 191 950 доза вакцина жеткізілген. Оның 131 950 дозасы «Спутник V» болса, 4000 дозасы — «ҚазВак», 56 000 дозасы — «Hayat-Vax». Барлығы 131936 адам егілген.

Вакциналау жұмыстары аудандарда да қарқынды жүруде. Ырғыз ауданында індетке қарсы егу жұмыстары наурыз айында басталыпты. Аудан бойынша 5325 адамды егу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін ауданға  2070 доза вакцина жеткізілген. Екпенің бірінші дозасын 1885 адам алса, екінші дозаны 1015  адам алған. Аудандық аурухананың бас дәрігері Ернар Домақовтың айтуынша, вакциналау жұмыстары  аудан орталығы мен елді мекендердің барлығында жалғасуда.

— Аудан тұрғындарына екпенің пайдасы туралы түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр.  Алғашқылардың бірі болып 16 наурыз күні  өзім де «Спутник V» вакцинасының бірінші дозасын алдым. Сәуірде екінші дозаны екті. Ешқандай жағымсыз әсерін байқамадым. Ауданға келген 1450 доза «Спутник V» вакцинасының барлығы тұрғындарға егілді. Жақын күндері тағы да 800 доза «Спутник V» және «Hayat-Vax» екпесі келуі керек. Бір байқағаным, «Hayat-Vax» вакцинасының жағымсыз әсері өте аз және тағы бір пайдалы тұсы — тасымалдау өте ыңғайлы. Ауылдық жерлерге оңай жеткізіледі. Отандық «ҚазВак» вакцинасының жиырма дозасы келді. Отандық екпені де тұрғындар жақсы қабылдады, яғни кері әсері байқалған жоқ. Жалпы, аудан тұрғындары екпені өз еріктерімен алып жатыр. Әсіресе жұмыс жасайтын азаматтардың белсенділігі жоғары. Ал жұмыс жасамайтын тұрғындар екпенің тиімділігін әлі де  түсінбей жүр. Жыл басталғалы 23 адам індет жұқтырса, 16 адамның өкпесі қабынды. Өткен жылға қарағанда аурушаңдық көрсеткіші төмен. Содан болар, тұрғындар алаңсыз жүр. Бірақ мамандар түсіндіру жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Жұмыс тобы құрылды.

Вакцина —  індетті тоқтатудың жалғыз жолы. Осыны аудан тұрғындары түсінуге тиіс. Алдағы уақытта халық көп шоғырланатын жерлерге жылжымалы кешен қойып,  егу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар, — деді Ернар Домақов.

Қазіргі таңда аудан орталығында 25 кереуеттік инфекциялық стационар жұмыс жасап тұр. Аудан бойынша 7 мобильді топ қызмет көрсетеді. Олар респираторлы симптомдармен жедел жәрдем бөліміне немесе тіркеу бөліміне түскен шақыртуларға барады. Үйде жатқан науқастарды қарап, ем тағайындайды. Қажет болса ПТР-сараптама алады. Алынған сынамалар облыс орталығындағы зертханаларға жолданады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button